1957 жылы 29 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің радиожүйе мен телевизиясын құру туралы қаулысы қабылданды. 1958 жылы 8 наурызда қазақ телевизиясы дүниеге келді. Дәл осы күні алғаш рет Алматыдан тікелей хабар таратылды. Сол уақыттан бері 60 жыл өтті. Жарты ғасырдан астам уақыт аралығында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы халықтың айнасына айналды. Салмақты сараптау, көңілден шығар жобалар жыл сайын көрерменнің назарында болды.
Халық жадында берік сақталған бағдарламалардың бірі – «Алтыбақан». Алдымен 1974 жылы эфирге шыққан жаңа жобаның жүргізушілері тағайындалып, әнұраны жазылды. Әнұранның сөзін ақын Қадір Мырзаәлі, әуенін Жолан Дәстенов шығарды.
Хабарда белгілі тұлғалар Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова өз өнерлерін көрсетті. Жаңадан шыққан таланттар танылып, талай әндердің тұсауын кесуге мол мүмкіндік туды. Жас үміткерлер халықаралық фестивальдерге қатысу үшін сайысқа «Алтыбақан» төрінен аттанған. Жобаның мақсаты - ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттың санасын ояту еді.