Ұлттық домбыра күніне орай Астанада бір уақытта 3 мың домбырашы күй тартпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық домбыра күніне орай Астанада бір уақытта 3 мың домбырашы күй тартпақ

28.06.2018

Мұнша көп адамның бірге күй ойнауы бұрын-соңды болмаған. Бірнеше күйші десе, біздің көз алдымызға бірден «Құрманғазы» оркестрі елестейді. Оның төлқұжатына айналған «Сарыарқа» күйі көптің көңілінде күмбір-күмбір жаңғырып тұрады. Өйткені, сонау 1934 жылы құрылған өнер ұжымы ұлт мұрасының желісін үзбей насихаттап жүр.

Бұл қазақтың аспаптық музыкалық өнер тарихындағы тұңғыш оркестрі. Бүкіл әлемге халқымыздың өнерін, ұлттық аспаптарын және дала әуені мен сұлулығын танытқан өнер ұжымы. Осыдан 84 жыл бұрын құрылған оркестрде әр жылдары қазақ өнерінің әйгілі музыканттары еңбек еткен.

Жанас Бекентұров, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері:

- 1934 жылы ел арасынан жиналған таланттардың арасынан 11 адамды Ахмет Жұбанов атамыз іріктеп алған. Соларды оркестрдің алғашқы құрамы деп айтуға болады. Оркестрдің бастамасы 1934 жылы 11 адамнан басталады. Содан 1936 жылға дейін оркестрдің құрамы өседі. Әрі қарай оркестр дами береді. 1944 жылы оркестрге Құрманғазы бабамыздың аты берілді.

Күй атасы Құрманғазының атын алған ұжым ұлттық өнерімізді жаңа белестерге шығарды. Ел ішіндегі күйлерді жинап, олардың орындалу тәртібін қалыпқа түсірді. Құрманғазының «Сарыарқасымен» қазақ даласын күйге бөледі. Өйткені, «Сарыарқа» күйінде дархан дала мен қазақтың қоңыр мінезі, еркін болмысы көрінеді. «Оған қоса, оркестрмен ойнауға өте ыңғайлы», -дейді күйшілер. Қазір оркестрдің барлық концерті «Сарыарқасыз» басталмайды.

Асылбек Ахатов, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің мүшесі:

- Құрманғазының да көптеген күйлері бар, оның бәрі оркестрмен ойнауға келеді деп айта алмаймыз. Бір күйлер оркестрге өзі сұранып тұрады. «Сарыарқа» күйі нағыз оркестрмен ойнайтын шығарма. «Сарыарқа» күйін орындаған кезде тыңдаған адамның көз алдына қазақтың кең даласы елестеп кете береді.

11-ақ адамнан құрылған оркестрдің құрамында қазір шамамен 80-ге жуық музыкант бар. Ұжымға 5 жылдан бері «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жас дирижер Арман Жүдебаев жетекшілік етеді. Оркестрдің репертуарлық қорында осы күні 4000-нан аса туынды бар.

Әсел Алина, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің мүшесі:

- Құрманғазы оркестрі өте мобильді оркестр. Себебі, бұл мемлекеттік деңгейдегі оркестр болғандықтан, мықты концерттердің бағдарламаларын бізге сеніп тапсырады. Сондықтан, оркестрдің бармаған жері жоқ, баспаған тауы жоқ деп айта аламын. Себебі, Америка Құрама Штаттарына бірнеше рет барды. Италия, Франция, Германия айта берсең көп.

Ұлттық өнерді дүниежүзіне танытып жүрген ұжым «Домбыра күні туралы» жарлықты естігеннен-ақ оған жан-жақты дайындықты бастап кетті. Кеше Алматының метросы мен көшелерінде күйден шашу шашып, саф өнерді көпшілікке тарту етті. Өнерпаздар қазақ барда домбыраның, домбыра барда қазақтың аты асқақтай беретіндігіне сенімді.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу