Аға ұрпақтың өшпес ерлігін мәңгілікке есте сақтауға арналған ең қастерлі де мәртебелі мерекені бүгін бүкіл ел атап өтіп жатыр.
Басты мерекелік шара Астанадағы Отан қорғаушылар монументі алаңында өтуде. Мұнда келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандастарымызды арнайы құттықтады.
Еркін Таңатқанұлы, тілші:
II Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 69 жыл. 69 жыл әрине, аз уақыт емес, дегенмен, бұл мерекенің мәні ескірмейді. Өйткені, осыдан 70 жыл бұрын қазіргі қалт-құлт еткен қариялар «Отан үшін», деп қан кешті, жан берді, тер төкті. Бұл мереке сонысымен де құнды, қастерлі, қасиетті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Отан қорғаушылар монументіне гүл шоғын қойды. Содан кейін бүкіл Қазақстанның халқын, соғыс ардагерлерін бүгінгі мерекемен құттықтады.
Н.Назарбаев, ҚР Президенті:
Құрметті, отандастар, соғыс ардагерлері! Баршаларыңызды бүгінгі Жеңіс мерекесімен құттықтаймын! Біз ардагерлерімізді ардақтайтын, қарттарымызды құрметтейтін халықпыз. Соғысқа 2 миллионға жуық қазақстандық аттанып, жартысы келмей қалды. Арамызда жүрген ардагерлер соғыста да, еңбекте де еңбек сіңірді. Жеңіс сол ерліктің, еңбектің, бірліктің арқасында келді. Мінекей, бүгінде қарттарымыз жастарға тәжірибесін үйретіп, бізді патриоттық тұрғыда тәрбиелеп келеді. Ұлтшылдық пен фашизмнің не екенін өте жақсы білетін біздің аталарымызға қарап, жастарымыз бірлікті бағалай білуге, ерлікке, Отанды қорғауға үйренсе екен дейміз. Кешегі өткен әскери шеруде Қарулы Күштеріміздің мүмкіншілігін көрсеттік. Соған қарап, ақсақалдарымыз біздің қаруды ұстай алатын азаматтар өскен екен, деп қуанып жатыр. Ендігі жылы Жеңістің 70 жылдығында аман-есен кездесейік! Барлықтарыңыздың шаңырақтарыңызда тек жақсылық болсын! Аспанымыз ашық болып, барлық тілектеріміз орындалып, Қазақстанымыз гүлдене берсін!
Еркін Таңатқанұлы, тілші:
II Дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 800 мың адам қатысыпты. Кей деректерде 1 миллион 366 мың деп те айтылады. Соның тең жарымы майдан даласында қалған. Ал тылда 700 мың қазақстандық тер төкті. Сол кезде қазақтың даласын «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!», деген ұрандар кернеп тұрды. Бүгінгі мерекелік шаралар қас қарайғанша жалғасады. Соңы отшашумен қорытындыланбақ.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ