Елордада Жеңіс күні қарсаңында концерт ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Жеңіс күні қарсаңында концерт ұйымдастырылды

08.05.2014
Елордада Жеңіс күні қарсаңында концерт ұйымдастырылды
Ардагерлерге ән шашу. Елордада Жеңіс күні қарсаңында концерт ұйымдастырылды. Оған астаналық ардагерлер мен қала тұрғындары тегін шақырылды. Екі сағатқа созылған мерекелік кеште танымал өнер жұлдыздары мен театр әртістері өнер көрсетті.
 
Карина Рахметова. Бүгінгі кештің ең кіші өнерпазы. Жасы бар-жоғы 13-те. Көптің алдында қазақтың қайсар қызы «Әлияны» әндетіп тұр. Жұрт тебірене тыңдайды оны. Өйткені, мұнда тек соғыс ардагерлері емес, қанды қырғында бауыр еті баласынан, аялаған анасынан, асқар таудай әкесінен көз жазып қалғандардың қарасы көп.
 
Еркін Даниялова, қала тұрғыны:
Әкем 1941 жылы Петропавлдан соғысқа кетіп, 1944 жылы Рига қаласында қаза тапты. Біз әскерге кеткен әкелердің жетім қалған балаларымыз. Әкеміз көрмесе де, әкеміздің жеңісін, міне, біз, балалары концертке келіп, көріп отырмыз.
 
Өнер жұлдыздары. Рухани орда әртістері. Қорғаныс министрлігінің ән және би ансамблі. Мерекелік кеште барлығы бір ұжымдай бірігіп, сұрапыл соғыстың суық күндерінен сыр шертті. Жастарға жеңістің оңай келмегенін, оның қымбаттығын көрсетті.
 
Тамара Асар, әнші:
Бейбітшіліктің әр күнін бағалай білейік. Оның өте қымбат екенін біз өсе келе түсінеді екенбіз. Бала күнде «уралап» шеруге шығушы едік. Қолымызда көгершіннің бейнесі бар. Сол көгершіннің қуаныштың жаршысы екенін жаттанды түрде айтатынбыз. Ал, оның қымбаттығын мен енді түсіндім.
 
Мерекелік кеште 100-ге жуық өнерпаз өнер көрсетті. Бұл Астана қаласы әкімдігінің қазыналы қарияларға деген құрметі.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу