Тұңғыш бүкілхалықтық сайлауға шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұңғыш бүкілхалықтық сайлауға шолу

16.12.2017

Қырық жылдан астам халықты қырғынға ұшыратып келген Семей полигонын жабу туралы шешімнен кейін 16 қазанда тағы бір құжат қабылданды. Бұл– Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы еді. Сайлау 1-желтоқсанға жоспарланды. Осы жалпыұлттық сайлауда халық ел тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына сеніп тапсырды. Бұл күн қазақ тарихында демократиялық түрде жүзеге асқан тұңғыш бүкілхалықтық сайлау ретінде тіркелді. Науқанға дауыс беру құқығына ие азаматтардың 88,2 пайызы қатысып, олардың 98,7 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты жақтады. Сөйтіп, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті сайланды.

Тұңғыш бүкілхалықтық сайлау көпшілік үшін аса маңызды кезеңде өтті. Өйткені, 70 жылдай уақыт бойы халық «еш ыдырамайды» деп ойлап келген Кеңес одағы тарап, егемендіктің ауылы жақын тұрған сәт еді. Өтпелі кезеңде ел тізгінін сенімді тұлғаға тапсыру керек. Өйткені, халықтың бірлігін бұзбай, енді ғана тәуелсіз атанатын мемлекетті қиын-қыстау кезеңдер күтіп тұрды. Мемлекет басшысы үшін нағыз сыналатын сәт.

Елбасы жұмыс істеген Қарағанды металлургиялық комбинатының ұжымы оны Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президентіне үміткер ретінде ұсынды. Байтақ елді басқару тек құрмет емес, міндет те. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық өңірлерін аралап, зиялы қауымнан бастап әр саланың мамандарымен, ауыл еңбеккерлерімен кездесті. Қай аймаққа барса да, болашақ Елбасын тұрғындар жан-жақты қолдап, ақсақалдар батасын беріп жатты.

Желтоқсанның бірі күні өткен бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа 8 681 276 адам дауыс берді. Бұл - науқанға қатысқан халықтың 98,7 пайызы. Сөйтіп Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Әбішұлына халық өз болашағын сеніп тапсырды.

Желтоқсанның 10-ы күні Нұрсұлтан Назарбаев ант қабылдады. Алматыдағы Республика сарайында өткен шараға Жоғарғы кеңестің өкілдері, саяси партиялар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым қатысты.

Республика президенті лауазымын енгізу ел дамуында маңызды тұрақтандырушы факторға айналды. Бүкілхалықтық сайлау халық пен биліктің бірлігін нығайтты. Дәл осы 1991 жылдың 10-желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік  Республикасының  атауын өзгерту туралы» Заң қабылдады. Енді «Қазақстан Республикасы» деп аталатын болдық. Ал, араға алты күн салып ел тарихындағы ең маңызды құжатты қабылдадық.  

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу