ЭКСПО көрмесінің әйгілі нысандары

11.06.2017

Дүниежүзілік көрме немесе «ЭКСПО». Бұл - индустриялық дамудың игіліктері мен технологиялық табыстарды паш ететін халықаралық көрме. Жалпы, дүниежүзілік көрме бірінші рет 1851 жылы Лондондағы Гайд-паркте, Альберт ханзаданың бастамасымен өткен. Алғашқы көрмеден кейін әлем елдері оның атын әйгілеп, мазмұнын арттыру үшін көрмені ұйымдастыруды дәстүрге айналдырады. Мәртебесін анықтайтын халықаралық құқықтық құжаттар қабылдап, арнайы ұйым құрды. Биыл 166 жылдығын атап өткен «ЭКСПО» күні бүгінге дейін 66 рет ұйымдастырылған. Ең бастысы, әр көрме экспонаттар мен идеялардың бірегейлігімен, ұйымдастырушылар мен қатысушылар тұрғызған кешендер мен павильондардың көзтартар әсемділігімен ерекшеленіп, есте қалады. Ол көрмелер өзінің ауқымы, саяси-экономикалық және тарихи маңызы бойынша еш уақытта мағынасын жойған емес. Аптаның арнайы сараптамалық орталығы дәстүрлі рейтинг айдарында әр елде өткен «ЭКСПО» көрмесінің әйгілі нысандарын саралап көрмек.

Ең алғашқы көрменің көзайымына айналған нысан Ұлыбритания астанасындағы Гайд-паркте салынған - Хрусталь сарайы. Таза шыны мен болаттан тұрғызылған. Авторы - Джозеф Пакстон.

«ЭКСПО»-дан қалған тағы бір танымал нысан Францияда орналасқан. Париждің ең танымал сәулет туындысы. Құрастырушысы Густав Эйфельдің атымен аталатын мұнара.

Брюссельдегі «Атомиум» деп аталатын нысан да - «ЭКСПО»-дан қалған мирас. Аты айтып тұрғандай атомды бейбіт мақсатта қолдану тақырыбына орай жобаланып, 1958 жылы салынған. Биіктігі - 102 метр, салмағы - 2,4 мың тонна.

АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Спейс Нидл мұнарасы да ЭКСПО-ның еншісіне тиесілі. 1962-жылы бой түзеген. Биіктігі 184 метр, енді 42 метрлік нысанның салмағы 9550 тонна.

Канаданың Монреаль шаһарындағы Хабитат кешені де ерекше нысан. 1967 жылы тұрғызылған. Сол жылы өткен көрмеге арнайы салынған тұрғын үй кешен.

Аустралияның Мельбурн қаласындағы Патшалық көрме орталықтары 1886 жылы ашылған. Онда елдің ең ірі мұражайлары мен көрмелері орналасқан. Архитектурасы да ерекше.

«ЭКСПО»-ның арқасында бүкіл әлемге танылып, тарихта қалған мұндай нысандар туралы бірер минутта айтып шығу мүмкін емес. Десе де, әлемнің 60-тан астам қаласында өткен көрменің көрермен үшін де, ертеңгі тарих үшін де көзайым болып қалатын нысандарының бары рас. Мәселен, елордадағы «ЭКСПО» көрмесінің ең басты символы - «НұрӘлем» деп аталатын шар. Диаметрі 80, биіктігі 100 метр болатын шар тәріздес мұндай ғимарат жер жүзінде жоқ.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу