«Қазақстан-Астана» ұлттық павильон құрылысы маусым айында басталады. Сала мамандары EXPO көрме-кешенінінің архитектуралық ерекшеліктері туралы айтып, инновациялық технологиялардың қолданылатынын жеткізді.
Елімізде ұйымдастырылатын халықаралық көрме ерекше болмақ.
«EXPO-2017 көрмесі - Қазақстанның әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік» дейді кәсіпкер, саяхатшы Сапар Ысқақов. Ол жуырда жер шарын саяхаттап қайтты.
Сапар барысында Қазақстанның көк байрағы мен «Астана ЭКСПО-2017» туын әлемнің 27 еліне алып барды, таныстырды, насихаттады, зор қолдауға ие болды.
Сапар Ысқақов, саяхатшы:
Бізге EXPO көрмесі туралы көбірек дәріптеу керек. Өйткені, көп ел халықаралық көрменің бізде өтетінін білмейді екен.
Қазақстан қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білді.
166 жылдық тарихы бар EXPO көрмесін өткізу біздің ең алдымен әлемдік аренада абыройымызды, беделімізді асқақтататыны анық. Қазақстан алпауыт елдермен аламанға түсті, жеңді.
Қазір дайындық қызу жүргізілуде. Көрме кешенінің жалпы аумағы - 173,4 гектар болса, оның 148 гектарына тұрғын-үй, әлеуметтік-мәдени нысандар, ал, 25 гектарына көрме кешені салынбақ. Оны 5 миллионға жуық адам тамашалайтын болады.
Қанағат Тлемісов, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі:
Қазіргі таңда құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерді тегістеу, қара топырақты сақтау. Шілде айынан бастап, негізгі құрылыс басталады.
Сонымен бірге, халықаралық, тақырыптық, корпоративтік павильондардың құрылысы тамыз айына жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, 2015-2016 жылдары құрылыс қарқынды жүргізіледі. «Астана ЭКСПО-2017» көрме-кешені 2016 жылдың желтоқсанында толық салынып бітеді деп көзделіп отыр.
2017 жылдан бастап қатысушылар өз павильондарын монтаждауды бастайды. Жұмыс ауқымды, стратегиялық жоспар бар. Оған Сапар Ысқақов сынды азаматтар бар білімін, күш-жігерін салады. Өйткені, EXPO - ең алдымен еңселі елдің әлемдік бейнесі.
Индира БЕГАЙДАР