«Сервистік әкімдіктің» мүмкіндіктері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сервистік әкімдіктің» мүмкіндіктері

24.01.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібін өзгерту қажеттігі айтылды. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Алматы облысында былтыр алғашқы «Сервистік әкімдік» ашылды. Мұндағы мақсат - халыққа барынша қолайлы жағдай туғызу.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

2018 жылдың 13 сәуірінде ашылған Қаратал ауданының «Сервистік әкімдігі» мына ғимаратта орналасқан. Алматы облысы бойынша теңдесі жоқ әкімдікпен танысып көрейік.

Сыбайлас жемқорлық тәуелділігін азайтып, уақытты үнемдеп, жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған «Сервистік әкімдікте» 7 мемлекеттік мекеме мен Үштөбе қаласы әкімдігінің аппараты орналасқан. Бұл жердегі тағы бір ерекшелік, Үштөбе қаласының әкімі өзінің үлкен, кең қабылдау бөлмесі мен хатшысынан бас тартып, халықты өзі тікелей қабылдауға көшті.

«Сервистік әкімдіктегі» 7 мемлекеттік мекеменің ішіндегі ең ауқымдысы -  жұмыспен қамту орталығы. Орталықтың өз ресепшні, күту залы және электронды кезек терминалы орналасқан. Сондай-ақ, бұл жерде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы бар. Жұмыс іздеп келген кез келген адам электронды еңбек порталына өз түйіндемесін қалдырып, елімізде қандай бос жұмыс орны барын біле алады.

Ақжайық Кілтбаева, Қаратал аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында электронды еңбек биржасы арқылы 900-ге жуық адам түйіндемесін орналастырып, 762-сі тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жанар Сембаева, Үштөбе қаласының тұрғыны:

- Қашан келсек те, сыпайы қабылдайды. Әкім болсын, оның айналасындағы қызметкерлер болсын, жылы қабылдап, сұрақтарымызды шешуге септігін тигізеді.

«Сервистік әкімдік» ашылғалы қағаз жүзінде 4154, электронды түрде 5000-нан астам қызмет көрсетілді. Болашақта дәл осындай әкімдіктер Алматы облысының басқа да аудандарында ашылады деп күтілуде.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу