Түркістан облысының диқандары енді отандық ғалымдардың өнертабыстарын мақта егу мен жиып алу ісінде пайдалана алады. Мақтарал ауданы аумағында жасақталған шағын зауытта өнімді тасымалдауға арналған тіркемелер құрастырылуда. Жаңа техниканың артықшылығы, өнім егістік басынан ысырапсыз тасымалданады. Жүк көтеру қабілеті де жоғары. Бастысы, жолда жүру қаупі барынша азайды.
Жаңа тіркеменің ұзындығы - 10, ені - 2,8 метр. Үстіне 10 тоннаға дейін мақта тиеуге болады. Артықшылығы, бұрынғы техникадан 4 есе көп жүк тасуға қауқарлы. Оны аударып төгуі де басқаша. Тіркеме тұтастай бір жағына қарай аударылмайды. Едені ғана көтеріледі. Соның арқасында мақта жерге шашылып, төгілмейді. Жергілікті мамандар тіркеменің қаңқасынан бастап, тұтастай өздері құрастырып шықты.
Әшірбай Махамбетов, инженер:
Біріншіден қауіпсіз, екіншіден, жүк көтергіш, үшіншіден, тіркеме жетіспеушілігі азайды.
Бұл әсіресе, «ДжонДир» секілді қуатты тракторлар мен мақта теру комбаиндары үшін тиімді болып тұр. Бүгінгі таңда шаруалардың қолында осындай 400-ден астам шетелдік техника бар. Оларға лайық тіркеменің жоқтығынан диқандар терген мақтасын көбіне жерге жинайтын.
Сәду Бекенов, шаруа қожалығының төрағасы:
Жерге аударған соң мақта топарыққа, шаңға араласып, сапасын кемітеді. Ылғал тартады. Егер мына тіркемеге салсақ, мақтаның сапасы да, салмағын да анализден шығарып, зауытқа тіке апара береміз.
Ғалымдар сондай-ақ, Жердің беткі қабатын бұзбай-ақ топырақтың астыңғы қыртысын аударатын соқа ойлап тапты. Бұл жерді эрозиядан қорғайды. Құнарлылығын сақтайды. Бұдан бөлек, қазір мамандар көкөніс егу кезінде бірнеше жұмысты қатар атқаратын агрегатты құрастыру үстінде.
Бердияр Қалымбетов, техника ғылымдарының кандидаты, жоба авторы:
Ерте көктемде көкөніс көшеттерін отырғызатын, көшет отырғызатын және қатар аралығын өңдейтін, егілген өнімді күтіп-баптайтын культиваторлар, оны биологиялық өңдеу, қорғау жұмысын атқаратын агрегаттар жасап жатырмыз.
Бұл жобалар еліміздегі «Ғылым қоры» арқылы жүзе асуда. Шағын зауыт жыл сайын 70 тіркеме жасап шығармақ. Осылайша, 2023 жылға дейін шаруаларды мақта кластеріне қажетті техникамен қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
