Апта басында Арыстағы ағайын аһ ұрып қалды. Қамсыз жатқан халық қара аспан төңкеріліп түскендей күй кешті. Дүйсенбінің таңынан басталған дүмпулер дүрлігіс пен дүрбелеңге ұласты. Әскери қоймадағы жарылыстан кейін Арыс қаласы мен маңайдағы ауыл тұрғындары бас сауғалап, 80 шақырымдағы Шымкентті бетке алды. Тура, соғыс даласынан босқан жұрттай жөңкілген нөпірді көрдік күні бойы. Шарасыздықтан жан-жаққа шашырай қашқан ел, еңіреген жұрт, адасқан балалар, жараланған адамдар, өртеніп, қирап жатқан үйлер. Қысқасы, 45 мың халқы бар, бейқам да беймарал жатқан Арыстан бір сәтте береке қашты. Сол күні-ақ кеште аласапыраннан алас ұрған Арысқа Мемлекет басшысы барды. Президент алдымен жарылыс салдарынан қайтыс болған азаматтардың тума-туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, қаладан қауіпсіз жерге көшірілген жұртшылықпен жүздесіп, қиын сәтте ешкімнің көмексіз қалмайтынын айтып, Үкіметке тиісті тапсырмалар бергенін жеткізді.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Арысты әбігерге салған төтенше жағдайға кінәлілер анықталысымен, олар міндетті түрде қатаң жазаланады. Бұған президенттің өзі кепілдік беріп отыр. Ең соңғы деректер бойынша, дәл қазір ауруханада Арыстағы оқиға кезінде зардап шеккен 50 адам емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, жағдайы ауыр 4 науқас ел ордасы мен Алматыға жеткізілген. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, осы күндері Шымкентте 40-қа жуық, облыстың басқа аудандарында 20-дай эвакуациялық пункт жұмыс істеген. Негізі, алыстағы Арысты ойран еткен алғашқы оқиға емес, бұл. Соңғы 10 жыл ішінде шағын шахарда осымен, төртінші рет жарылыс болып тұр. Енді тілшіміз Ғани Қалмаханов мазасыз басталған аптаның басты оқиғасына тоқталсын.