Ұлттық инвесторлар кеңесі жұмысының жаңа форматы бекітіледі

26.05.2019

Ел экономикасында кәсіпкерлердің арқалайтын жүгі ауыр. Бірақ көбі жүк арқаламақ түгілі, өз басын әзер алып жүргені шындық. Алпауыт кәсіпорындар туралы әңгіме басқа, ит сүйреген тулақтай жұлмаланған шағын және орта бизнестің өкпесі қысылып тұр.

Олардың тынысын тарылтып, тізеден сүріндіретін - әкімшілік кедергілер. Қаптаған қағаз. Аш кенедей жабысып, жан-жақтан жұлмалайтын тексеруші органдар. Енді бұған жол берілмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы апта Ұлттық инвесторлар кеңесін жинап, шағын және орта бизнесті өркендетудің тетіктерін мен кем-кетіктерін талқылады. Олардың ішінде әсіресе, отбасылық бизнесті қолдау, салық несиесі деген құралды енгізу, кемі 100 мың адамды өз кәсібін ашуға үйрету секілді мақсаттар бар.

Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері, облыс әкімдері мен «Атамекен» ұлттық палатасына кәсіпкерлікке кедергі келтіретін түйткілдердің түйінін тарқатып, бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруды тапсырды. Ал осы мақсатты орындай алмағандар жазалаланды.

Білесіз, мемлекет кәсіп ашып, нәсіп тапқысы келетіндер үшін қыруар қаржы бөліп, қолдауды аяп жатқан жоқ. Алайда, экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі әлі де төмен. Қағазбастылық пен жемқорлық, ірі монополистер мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың көптігі – басты тежеуіштер. Осы түйткілдерді шешу үшін Президент Тоқаев тоғыз қадамды қадап айтты. Тілшіміз Альбина Әшім солардың сүбелілеріне тоқталсын.

Хабарламаларға жазылу