Сириядан 231 қазақстандық елге жеткізілді

12.05.2019

Қазақстан көк паспорты бар әрбір азаматын дүниенің қай қиырында жүрсе де қорғайды. Осы апта адасқан азаматтарымызды азаптан құтқарып, жесірімізді қаңғытпай, жетімімізді жылатпаған ел екенімізді тағы бір мәрте көрсеттік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Таяу Шығыстағы от пен оқтың арасында қалған 231 Қазақстан азаматы елге дін аман жеткізілді.

Оларға оңалту шаралары жүргізіліп, медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді. «Жусан-2» деп аталған операция аясында Сириядан елге оралғандардың 156-сы - балалар. Олардың дені мектеп жасына дейінгі балақайлар болса, ал 18-і – жетім қалғандар. Осы оқиғаға қатысты арнайы мәлімдеме жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды гуманитарлық акцияның – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы екенін атап өтті.

«Қазірдің өзінде аталған жұмыстың оң нәтиже беріп отырғаны туралы айтуға болады. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартты, жұмысқа орналасты, туыстарымен қайта байланыс орнатты. Балалары мектепке, балабақшаға барды», - делінген мәлімдемеде.

«Жусан-2» операциясына Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен өзге де мемлекеттік органдар бір кісідей атсалысты. Қазақстанның халықаралық беделі арқасында шетелдік серіктестер де өз үлестерін қосты. Қақтығыс аймақтарына жерлестеріміздің көбі террористердің жалған үгіт-насихатына алданып барған.

«Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралып жатыр. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде.

Жыл басындағы «Жусан» операциясында елге 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала жеткізілгенін естеріңізге сала кетейік. Жалпы, Қазақстан терроризммен күрес жүргізу ұстанымынан айнымайды. Сонымен бірге алдау мен арбауға түсіп, атажұрттан жырақта өлім аузында жүрген азаматтарының тағдырына да бейжай қарамайды. Сондықтан гуманитарлық акция жалғасады. 

 

Хабарламаларға жазылу