Сириядан тағы 231 қазақстандық елге қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядан тағы 231 қазақстандық елге қайтарылды

10.05.2019

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, отандастарымызға барлық қажетті көмектің көрсетіліп жатқанын жеткізді.

 

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - бала, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім бала. Бұл ауқымды гуманитарлық акция Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды.

 

Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді.

 

Қазірдің өзінде аталған жұмыстың оң нәтиже беріп отырғаны туралы айтуға болады. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартты, жұмысқа орналасты, туыстарымен қайта байланыс орнатты. Балалары мектепке, балабақшаға барды.

 

Қақтығыс аймақтарынан шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шын мәнінде, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барды. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралуда. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс.

 

Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қолұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз. Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысымды білдіремін».

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу