Сайлауға дайындық басталды

14.04.2019

Елімізде күн райымен қатар, саяси температура да қызғалы тұр. Сайлаудың дүбірі мен ду-дүрмегі естілген соң, аюдай қалың ұйқыда жатқан кейбір партиялар да оянып, апандарынан шыға бастады. Өздеріңізге аян, елімізде ресми 7 партия тіркелген. Алайда іс жүзінде 6-уы ғана жұмыс істейді екен.

Олар: «Nur Otan», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік», Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы, және ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы). Ал, «Азат» партиясын жер жұтып қойғандай. Сайда саны, құмда ізі жоқ. ОСК-ның айтуынша, бұл саяси ұйым хабарсыз кеткен. Айтпақшы, Орталық сайлау комиссиясы сайлауға 12 миллиард теңге сұрап отыр. Бірақ Қаржы министрлігі қазір сайлау бюджетінің есептеліп жатқанын, шығын көлемі азайтылуы мүмкін екенін айтты. Олардың есебінше, жаңағы шығынның 70 пайызы сайлау округтерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегіне жұмсалады. Негізі есіңізде болса, 2015 жылы өткен сайлауға 5 миллиард теңге жұмсалған еді.

Кандидаттарды ұсыну 28 сәуір күні кешке аяқталады. Әрқайсының сайлау жарнасы 2 млн 125 мың теңгені құрап отыр. Ол сайлауда жеңіске жеткен жағдайда және сайлаушылардың 5 пайыз дауысын алған жағдайда қайтарылады. Тағы бір мәлімет. ОСК елімізде дауыс беру құқығы бар 11 814 019 азаматты сайлаушылар тізіміне қосқан. Осылайша әрбір кандидатты қолдау үшін 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы тиіс. Қол жинауды президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады. Қош, сонымен саяси партиялар алда құрылтайларын өткізіп, сол жерде президенттікке үміткерді сайлайды. Саяси науқанға әзірлік барысын Айнұр Омар баяндайды.

Хабарламаларға жазылу