Түркістандағы құрылыс жұмыстарын орындау мақсатында Үкімет  нақты шараларды қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандағы құрылыс жұмыстарын орындау мақсатында Үкімет  нақты шараларды қолға алды

17.03.2019

Мемлекет басшысы Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Әрбір нысанға жауапты нақты басшы бекітілген, оны орындаудың нақты мерзімі де белгіленген. Кеше жұмыс сапарымен оңтүстікке барып, түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізген Премьер-Министр жергілікті билікке осы мәселені тағы да қадап ескертті.

Асқар Мамин бұдан соң өңірдің жауһарлары Қожа Ахмет Яссауи мұражайы, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының визит-орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы салынып жатқан жерлерде болды.

Сонымен қатар,  Премьер-Министрге Түркістан қалашығын абаттандырудың тұжырымдамалық Бас жоспары таныстырылды. Асқар Мамин Түркістанда басталған ауқымды құрылыс жұмыстарын орындау мақсатында Үкімет тарапынан да нақты шаралар қолға алынғанын айтты. Мәселен, бюджетті нақтылау аясында құрылысқа қатысты барлық ұсыныстар қолдауға ие болып, қажет қаржы толығымен беріледі. Жобаларды іске асыру арқылы инженерлік-коммуникациялық, көлік инфрақұрылымын жүргізу қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылып жатыр.

Түстен кейін Асқар Мамин шуақты Шымкент қаласына ат басын тіреді. Үкімет басшысы үшінші мегаполистің одан әрі дамуы және 2023 жылға дейінгі кешенді құрылыс жоспарын іске асыру жөнінде кеңес өткізді. Қала әкімдігіне тұрғындардың өзекті мәселелеріне көбірек көңіл бөліп, оны тиімді шешу керектігін нығырлап тапсырды.

 

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу