Елбасы браконьерлермен күресте қаза тапқан Е.Нұрғалиев пен әріптесі П.Ницыкті «Барыс» орденімен марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы браконьерлермен күресте қаза тапқан Е.Нұрғалиев пен әріптесі П.Ницыкті «Барыс» орденімен марапаттады

10.02.2019

Өткен айда қызметін атқару барысында инспектор Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлер қолынан қаза табуы қоғамды дүр сілкіндірді. Ол жай баршаңызға мәлім. Батыр азаматтың Отанымыздың байлығын қызғыштай қорғаймын деп опат болуы қалың жұрттың қабырғасына батқан болатын. Осы апта Президент Нұрсұлтан Назарбаев марқұм Ерлан Нұрғалиев пен әріптесі Петр Ницыкті ержүректігі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Әлбетте, бүгінгінің батырларына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Біз Тәуелсіз елде, бейбіт заманда өмір сүргенмен, адам мен қоғам бар жерде қылмыс та болады. Егемендік жылдары тек Ішкі істер органдарының өзінен шамамен мыңдай азамат ажал құшып, 3 мыңдай адам жарақат алыпты. Олардың бәрі қызмет барысында яғни, қоғамдық тәртіп пен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында дүние салды. Кейде біз олардың от пен судың ортасында жүретіндігінің байыбына бара бермейтініміз рас. Бейбіт заман батырларының барлығының есімі ел есінде, әрдайым құрметпен еске аламыз. Жаннан безген жаужүрек батырлардың бір легін бүгін тағы бір мәрте жадымызда жаңғыртуды жөн көрдік.

Ержан ҚАЛЫМБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу