Ұлттық құрама ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында 13-орынды иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құрама ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында 13-орынды иеленді

11.11.2018

Көңілді қынжылтатыны - ауыр атлеттеріміздің жолы ауыр болып тұр. Еліміздегі бұл спорт түрінің көгіне қара бұлт үйірілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Алдымен допинг дауы саладағы саңлақтарды сансыратып тастады. Дәрі ішіп, бөгде зат пайдаландың деп әлемдік федерация бұрынғы марапаттарды тартып алды. Ұлттық құраманы әлемдік бәсекелерге қатысу құқығынан айырып, ең мықты деген зілтеміршілерімізді спорттан әртүрлі мерзімге шеттетіп тастады. Қарашаның бірі күні Түрікменстан астанасы Ашхабадта Әлем чемпионаты басталған. Бір жылдық үзілістен кейін Қазақстан құрамасы қатысуға мүмкіндік алды. Даудан кейінгі алғашқы жарысқа қазақ жанкүйері зор үміт артып, тым болмаса бір алтын алармыз деп алақан ысқылаған. Оның себебі де бар. Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло секілді ортадан суырылып, оза шапқан спортшыларымыздың жаза мерзімі аяқталып, жарау аттай жер тарпып, қатарға қайта қосылған еді. Құлазыған көңілді зілтеміршілер ауыр снарядты көтергендей аспандатып тастар деп ойлағанбыз. Алайда, сенім артқан серкелеріміз сенімге селкеу түсірді. Ұлттық құраманың қыз-жігіттері 1 күміс және 1 қола медальді ғана місе тұтты. Жалпыкомандалық есепте 13-ші орын. Ашхабадтағы бұл нәтиже соңғы 10 жылдағы ұлттық құраманың ең нашар көрсеткіші.

Хабарламаларға жазылу