Сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтардың тағдырына алаңдап, араша түсуге кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтардың тағдырына алаңдап, араша түсуге кірісті

03.06.2018

Қазір жұмыр жерде қиыр қыстап, шет жайлап жүрген 5 млн. қазақ бар. Соның 2 млн-ға жуығы Қытайда тұрады. Тату көрші, сенімді стратегиялық серіктес саналатын елмен саясатта болсын, сауда-саттықта болсын ортақ мүдде көп. Солардың бірі - арғы беттегі ат төбеліндей аз қазақтың азаттық алғалы Ата жұртқа қоныс аудару процесі.

Алғашқы жылдары келген ағайын, қай елден болсын Қазақтың топырағына балдай батып, судай сіңіп кетті. Қазір де солай. Көшем деген туысына қазақтың көмек қолы әзір. Тек соңғы бір жылда екі бетте қалған Қытай қазақтарының жағдайы күрт күрделеніп, күрмеуі көп түйткілге айналды. Бұған дейін екі жаққа еркін қатынап жүрген қандастардың Қытайға баруы оңай болғанымен, қайтуы қиын болып тұр.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтардың тағдырына алаңдап, араша түсуге кірісті. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде екі жақта бір-бірінен айдың-күннің аманында хат-хабарсыз қалған қазақтардың зары қаптап кетті. Қаптап кеткені былай тұрсын, қабырғаңды қайыстырып, қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп жатыр. Неге? Не болды? Тұспал көп болған соң түсініксіз, түрлі әңгіме де көп. Солардың бір парасын Раушан Сайлауқызы арнайы зерттеп көрді.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу