«Отардағы» әскери парадқа 300-ден астам техника қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Отардағы» әскери парадқа 300-ден астам техника қатысты

13.05.2018

«Отардағы» әскери парад – елдің аузында жүр. Әсіресе, жауынгерлер шеруде сап түзеп, «Мен қазақпын» деп әндеткенде, рухы асқақтап, кеудесін мақтаныш кернемеген қазақ қалмады-ау. Әлеуметтік желілерде де әскеріміздің әлеуетін танытқан осы бір көріністі бөліскендер көбейді. Мұның өзі халықтың ынтымағын, бірлігін көрсетсе керек. Парадтың салтанатын паш еткен жілікті дүние әлбетте, ол біздің әскери техникамыз болды. Бұл көрініске 300-ден астам әскери техника мен 40-қа жуық авиация техникасы қатысты. Бұл техниканың бірқатары өз елімізде құрастырылып жатыр. Өндірістің негізгі салмағын көтеріп отырған «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы. Мұнда құрастырылған «Арлан», «Барыс», «Алан» көліктерінің кез келген шабуылға төтеп беретін қауқары бар. Қорғанысы мықты, сапасы жақсы. Ал, «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» компаниясы ашылғалы «ЕС-145 маркалы» 26 тікұшақ шығарған. ТМД көлемінде теңдесі жоқ нысан қазір көрші елдердің тікұшақтарын да сынақтан өткізіп, ақауларын жөндеп беріп жүр. Кез келген мемлекеттің әлеуеті әскерімен өлшенеді десек, әскердің қуаты мықты қаруда екені даусыз. Президент 2020 жылға қарай мемлекеттік қорғаныс тапсырысының 80 пайызы отандық өндіріспен қамтамасыз етілуі керек деген болатын.

 

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу