Нұрсұлтан Назарбаев Алакөл маңындағы туристік нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Алакөл маңындағы туристік нысандарды аралады

13.05.2018

Жаһанда жылдам дамып келе жатқан және экономикалық тиімділігі жоғары сала - туризм. Әттең, қазақ бұл саланы ұқсата білсе, қыруар қаржыға кенелер еді. Әйтпесе, сырттан келетін жұртқа көрсететін тұмса табиғатымыз да, көрікті қалаларымыз бен шалқар көлдеріміз жетерлік. Солардың бірі Алматы облысындағы Алакөл. Осы Алматы облысына жұмыс сапары кезінде Алакөл маңындағы туристік нысандарды аралаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев шипалы көлдің әлеуетін тиімді пайдалану мәселесіне зор маңыз берді. Туризм саласын және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөніндегі жиында өңір басшысы Амандық Баталов облыстағы туризмнің жай-күйін баяндады. Мысалы, аймақтағы туризм әлеуетін арттыру үшін былтыр ғана 1 млрд. теңгеге салынған Үшарал әуежайы жылына 10 мың жолаушы қабылдай алады. Қазір Астана мен Алматыдан тікелей рейстер ашу мәселесі шешіліп жатыр. Бір ғана Алакөл ауданында былтыр 3,5 млрд. теңгеге туристік қызмет көрсетіліп, осыдан төрт жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 есеге артқан. Жиында сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық жолдарды жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқаны жөнінде есеп берді. Ал Мәдениет және спорт министрі Елбасыға еліміздегі және осы Алакөл демалыс аймағындағы туризмді жандандыру бойынша жүзеге асып жатқан жобалар жайын түсіндірді. Жиыннан кейін Президент Алакөлдің маңайындағы заманауи демалыс орындарына барып, олардың жұмыстарымен танысты. Отандық және шетелдік туристерді көптеп тарту үшін насихатты күшейтуді тапсырды. 

Хабарламаларға жазылу