Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі көпсалалы аурухананы аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі көпсалалы аурухананы аралады

05.04.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі көпсалалы аурухананы аралады

Миллион тұрғыны бар төрт қаланың қатарына кіруге мүмкіндігі зор шаһар – Ақтөбе. Мемлекет басшысы Оралдан кейін осы Ақтөбеге барды. Бұл өңір қазба байлықтарының молдығы жөнінен өзгелерден көш ілгері тұр. Хромның, никельдің, фосфордың, титанның мол қоры жатыр. Еңбекқор жұрты егіншілікпен де айналысады.

Президент алдымен өңір жұртшылығына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын бағамдауды жөн көрген сыңайлы. Сондықтан, жұмыс сапарының алғашқы күні облыс орталығындағы көпсалалы аурухананы аралап көрген.

Кейін индустриалды карта шеңберінде салынған «Рельс-Арқалық» зауытының жұмысшылармен кездесіп, алып логистикалық орталықтың тынысымен танысқан.

Ақтөбелік дәрігерлер адам ағзасындағы кейбір  мүшелерді ауыстыра  бастады. Облыс орталығында өткен жылы ғана ашылған көпсалалы ауруханада  білікті мамандар   үш адамның   бүйрегін трансплантациялады.  Биыл  да  заманауи  емдеу орнында  он адамның  бүйрегі,  екі науқастың  бауыры  ауыстырылмақ.

Самат Данияров, облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері:

Қазіргі күні ауруханада   дәрігерлер орган ауыстыру  операциясын игерген. Бүгінгі таңда соңғы рет наурыз айында  бүйрек ауыстырылды.   25 жастағы жігітке анасы бүйрегін берді. 

Аймақта бұрын-соңды  мұндай аурухана болған жоқ. Еңселі емдеу мекемесінің  ерекшелігі сол  нысан  халықаралық талаптарға  сәйкес  салынды. Ауруханадағы   бөлмелер де,  дәліз де кең.  

Ал,   мұнда әкелінген  медициналық  қондырғылардың  кейбірі бүтін батыс аймақта  жоқ. Несеп жолындағы тасты үгітетін  аппарат, тамырды зерттеп операция  жасайтын, ағзаны оттегімен байытатын қондырғылар бар. Елбасы  мұнда  ұжым мүшелері, дәрігерлермен кездесті. Емдеу орнында   қазір  төрт жүздей адам  еңбек етіп жүр.

320 адамға лайықталған   ауруханада өткен жылдан бері жиыны төрт мың операция   жасалған.  Ең күрделісі елу адамның  буыны алмастырылды. Мұнда   жас   босанатын келіншектерге да барлық жағдай жасалған.  Ауруханада алпыс   кереуеттік  перзентхана бар.  Былтырдан бері  бұл бөлімде   екі мыңнан астам сәби дүниеге келді.

Ақбала Тастемірова, Ақтөбе облысының тұрғыны:

Перзентхана қызметі ұнады.  Дәрігерлер өз ісінің шебері.

Ақтөбеде қазір «Рельс Арқалық»  зауытының  құрылысы жүріп жатыр. Индустриалды жобаны   бастауға  өткен жылы жалпыұлттық телекөпір кезінде  Елбасы өзі пәрмен берген еді.

Бүгінде өндірістік  базаның  қаңқасы қаланып тұр. Инвестор рельс құятын желіні  сынақтан өткізіп жатыр. Өйткені, өнім сапасында мін болмауы қажет. ТМД  шеңберінде баламасы  жоқ, бірегей өндірісте  Елбасы болды, жұмысшылармен кездесті.

Инновациялық кәсіпорынның  тек бір аймақ  шеңберінде ғана емес, елдегі шойын жолдарды   жаңғыртудағы маңызына тоқталды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл біздің индустриялық  саясатымыздың ең  үздік мекемесі.  Мұндай өндіріс елде болған жоқ. Мұндай өнім ешуақытта шығарылған жоқ. Сырттан әкеліп отырдық. Енді  «Нұрлы жол» бағдарламасын орындауға  осы зауыттың үлесі үлкен болады.

Джузеппе Феррарио, «Siemens S.P.A» бас директоры:

Біз бұл зауытқа  ең мықты технологиямызды  беріп отырмыз. Мұнда соңғы үлгідегі  өндірістік  желі орнатылған.

Зауытта   ұзындығы   120 метрге  дейін жететін  рельс шығарылады. Ал, мұндай көлемді орындайтын  өндіріс әлемде саусақпен санарлық. Күзге қарай  инвесторлар  алғашқы  рельстердің   сапасын ақырғы рет сынап,  дайын өнімге  сапа сертификатын  алуы керек. 

Содан кейін  өндіріс толық қуатына көшеді. Елдің ішкі сұранысын  өтеумен қатар бұл   шет мемлекеттерге де рельс жеткізуді жоспарлап отыр. Өнім  Иран, Грузия, Қырғызстан мен Әзірбайжанға жөнелтіледі.  

Кәсіпорын аймақтың  өндірістік әлеуетін көтереді. Өңірлік өнімді  кемі  төрт пайызға арттыратын болады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мың адам жұмысқа тартылатын болады. Өндірісте 760 адам  жұмыс істейді. Мағыналы мамандықты игеретін боласыздар.

«Рельс Арқалық»  зауытында  жылына  430 мың  тонна өнім шығарылады.  Оның 200 мың тоннасы рельс, тағы 230  мың тоннасы  прокат.  Инженерлер  өнімнің  сапасы мықты, дейді. Өйткені, рельс құйылатын болат берік.

Ақниет Алданазаров, жетекші инженер:

Өндіріс ерекшелігі болат сумен бүркіледі. Сондықтан, өнім шыдамды.

Елбасы  Ақтөбедегі  Көлік-логистикалық орталығында  болды. Бұл нысан үлкен өндірістердің, әлемдік даңқы бар ірі тауар өндірушілердің   жүгін сақтайтын үлкен қойма. Батыс аймақта баламасы жоқ  логистикалық орталық   әлемдік талаптарға сай тұрғызылған. 

Алып кешенде бір мезгілде он жеті мың тонна жүк сақтауға болады. Қоймалардағы сөрелердің биіктігі он екі метрге дейін жетеді. Қазір мұнда тұрмыстық  бұйымдар, кондитерлік өнімдер басқа да жүк  сақтаулы тұр. «Акцент  логистик» бұл тауарларды қажет жеріне  де  өзі таратады.

Самат Урмагамбетов, Көлік-логистикалық орталығының  құрылтайшысы:

Бұл А санатындағы Батыс Қазақстан аймағындағы тұңғыш логистикалық орталық. Аумағы - 13 мың шаршы метр. Сыйымдылығы - 17 мың тонна жүк сыяды.

 

Елбасы Логистикалық орталықта жергілікті  ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен  кездесті. Облысты  тамақ өнімдерімен қамтып отырған  ірілі –ұсақты серіктестік  қожайындары   өз  өнімдерін  көрсетті. 

Аманғос Төлеуов, «Степное» ЖШС директоры:

Қазір ауыл шарушылығын қолдау мақсатында көптеген субсидиялар беріліп жатыр.

Ақтөбеде  жаңа сауда кешені де ашылды. Үш қабатты, аумағы жеті мың  шаршы метр болатын  бұл нысан жекенің меншігі.   Жоба құны  2,5 миллиард теңге. Көп кешікпей  мұнда  сауда қызады. 

Кешен ішінде шағын дүкендер, мейрамхана орналасады. Ел дамуына өндірісі орнықты өңірдің қосар үлесі елеулі. Сондықтан, Елбасы өзі кездескен көпті жұмысшыларды да, кәсіпкерлерді де   ел болашағы  үшін табысты  еңбек етуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ақтөбенің үлесі үлкен болғалы тұр. Біз Мәңгілік ел жолында еңбек етудеміз.

Жайнагүл ТӨЛЕМІC

Хабарламаларға жазылу