Жаһандану заманында «шет» пен «шек» деген ұғым болмайды. Қазір қай елге барып оқимын десеңіз де, қай елге барып жұмыс істеймін десеңіз де, көңіл қалауыңыз. Тіпті, «тұрақты мекенжайымды түбегейлі ауыстырамын» десеңіз де, өз еркіңіз. Өткен жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнаманың нәтижесі бойынша қазақстандықтардың үштен бірі, яғни, 35 пайызы өз болашағын шетелмен байланыстырады екен. Әрине, жиһан кезіп, тәжірибе жинау - құптарлық іс. Бірақ, екінші жағын да ескерейік. Қазір қарусыз соғыстың түрлі тәсілі бар. Соның бірі - ақылды адамдарға ашық талас жүргізу. Әсіресе, АҚШ, Батыс Еуропа елдері біз секілді дамушы мемлекеттерден мықты ғалымдарды тартуға бейіл. Жоғары жалақы, жайлы баспана, шығармашылық еркіндік беріп елітеді. Өзіміз оқытып-тоқытқан жас кадрлар иіліп, өзге елдің игілігіне қызмет етіп кетеді. Бұл тақырыпты неге сөз етіп отырмыз? Былтыр Қазақстаннан 37 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға кеткендерді қосып отырған жоқпыз. Бұлар тұрақты мекенжайын біржола ауыстырған жандар. Әрине, олардың бәрі бірдей мықты маман, кәсіби талант емес шығар?! Бірақ, бұл дегеніміз 37 мың адам Қазақстанда тұруды қаламады, Отанынан безіп кетті деген сөз. Олар кімдер? Мамандығы мен кәсібі қандай? Елді тастап кетуіне не себеп?
Шынар АСАНҚЫЗЫ