Әлемдік трендтегі цифрлы болашақ дегеніміз не? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік трендтегі цифрлы болашақ дегеніміз не?

28.01.2018

Әлемдік трендтегі цифрлы болашақ дегеніміз не? Бұл сауалға шолушымыз Ғабит Бөкенбай жауап іздеп көрді.

Озық ой мен тың технологиялар дәуірі. Бұл ғасырда пенде өмірден ләззат алады, ал, қалғанын технология тындыруы тиіс. Адам атадан бергі адамзат аңсаған өмір осы болса керек. Бүгінгінің ең батыл болжаушысы Джек Ма «енді 30 жылдан кейін адамдар күніне төрт сағат қана жұмыс істейді» деп отыр. Ал, жұмыс аптасы 4 күнге дейін қысқармақ.

Джек Ма, «Alibaba Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз адам ағзасының ішінде не болып жатқанын туралы аз ойланамыз. Қолда бар технология мен деректерді негізге ала отырып, алдағы 30-40 жылда адам денесінің сырын ашып, қатерлі ісік мәселесін түбегейлі шешеміз. Мүмкін енді бір-екі ғасырдан соң жер бетінде әр адам 200 жылдан арттық өмір сүруге болмайды деген заң қабылданар.

Қамданған қапы қалмайды. Мемлекет басшысы озық отыз елдің ортасынан ойып тұрып орын алу үшін ең алдымен цифрлық технологияларға иек артуды тапсырды. «Биг дата», «Смарт сити», «Электронды үкімет», «интернет», «ақылды үй» деген дүниелер тұрмыстан тұрақты орын алды. Көз көріп, ет үйренді. Айта кетейік, қазір Қазақстан цифрландыру бағдарламасын қабылдаған ғаламдағы алғашқы 15 мемлекеттің қатарында тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы уақытта адамдардың денесінде чип болады. Ол жерде жүргізу куәлігіңнің нөмері, қан құрамының тобы, банкте қанша ақша бар, бәрі сол жерде сақталады. Бір жағынан жақсы, бір жағынан қиын. Ешкімнің құпиясы болмайды. Бәрі ашық болады.

Иә, келер ұрпақты өзге өмір күтіп тұр. Үйде отырып-ақ іс тындыратын заман келе жатыр. Оның шет жағасын қазір де көріп жүрміз. Тамаққа тапсырыс берсек, табалдырыққа дейін алып келеді. Тек тамақ емес кез келген дүниені интернет арқылы алдыртатын күйге жеттік. Жайлы қызметтің бір түрі «электронды үкімет» бағдарламасы ТМД-да алдымен біздің елде қолданысқа енді.

Шырын Оразбаева, қала тұрғыны:

- Кеше ғана маған хабар түсіпті. Тергеуші таңертең кел деп қоймай жатқан соң, қай жаққа шағым жазатынымды білмей, сөйтіп, қарасам, egov-тың ішінде ДВД-ның бастығының атына шағым жазуға болады екен. Сол құқымды пайдаланып қазір шағым жазайын деп отырмын.

Осы апта Астанада аяз ақырып тұр. Суықта сыртқа шықпай, іс тындыру үлкен олжа. Шырын Оразбаева шағымын жазды. Енді үйде отырып нәтижесін күтеді.

Шырын Оразбаева, қала тұрғыны:

- Өзінің ізін қалдырады. Менің жазған шағымымды олар алмадық иә көрмедік деп айта алмайды. Қарайды. Оған жауап береді. Жауап беретін болған соң тергеу жасайды. Бірі көрмесе де, екіншісі көреді.

Жайлы қызмет – басты міндет. «Электронды үкімет» корпорациясы ту еткен қағидат осы. Дәурен Абаев басқаратын министрлік мамандары дайындаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бес бағыттан тұрады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бес бағыты:

1. «Экономика салаларын цифрландыру»

2. «Цифрлық мемлекетке көшу»

3. «Цифрлық жібек жолын іске асыру»

4. «Адами капиталды дамыту»

5. «Инновациялық экожүйені құру»

Жобаға сай 5 жыл ішінде электронды сауданың үлесі артып, 300 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Әрі, интернет пайдаланушылар санын 82% дейін жеткізіп, халықтың цифрлық білімділігін 83% арттыру жоспарланған.

Бұдан былай шет ел азаматтары құжатын рәсімдеу үшін 5 күн сабылып жүрмейді. Бір сағат ары кетсе екі сағатта құжаттары толық рәсімделеді. Жаңа форматтағы орталық кедергілерді кемітіп, қызметті жеңілдетті. Иманова көшесі 31-ші үйде орналасқан орталыққа кірген шет елдік азамат медициналық байқаудан өтіп, диктилоскопия тапсырып, сақтандыру полисін алып, төлемдерді төлеп, шаруасын бітіріп бір-ақ шығады.

Әбдурашид Ергашев, Өзбекстан азаматы

- Қазір келдік. Бір күнде ісіміз бітіп, құжатымызды қайтарып алдық. Қиналмадық.

Ал, бұл автоматтандырылған ХҚКО. Адам көмегінсіз кез келген азамат 700-ге жуық қызмет түрін алады. Егер тұрғынның электронды қызметті алуға білімі жетіспей жатса, арнайы маман үйретеді.

Руслан Көпжасаров, қала тұрғыны:

- Қандай да бір мемлекеттік органға жету жолы бар, кезек күту, құжат алуға бүтін бір күн кетуі мүмкін. Ал, мен мұны үйде отырып 10 минут ішінде істей аламын. Ол үшін маған компьютер, интернет және принтер болса жеткілікті.

Технологияның күші деген осы. Адаммен адам кезікпейді. Тараптар бетпе-бет жолықпаса, демек жемқорлыққа да жол жоқ. «Электрондық Үкімет» бағдарламасының түп-төркіні де осы коррупцияны жою емес пе?

Техникалық прогрестің жүрісі шапшаң. Қас қағым сәтте, дүние өзгеріп жатыр. «Жасанды интеллект». Қарапайым тілде ақылды компьютер. Мұндай компьютерлердің неше түрі әлемнің түкпір-түкпірінде таныстырылып жатыр. Тың технологияның күшімен бұрын ертегіге баланған дүниелерді өңімізде көріп жүрміз. Джек Маның сөзімен айтсақ, «Сіз бен біз жаңа әлем табалдырығында тұрмыз». Ал, Қазақстан билігі бұл трендтен хабардар. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты сол сиқырлы әлемге отандастарымыздың мұздай қаруланып кіруін қамтамасыз ету.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу