Ықылымда қазақ жазда жайлауға, қыста қыстауға көшсе, бүгінде пәтерден пәтерге көшіп жүр. Қабақ қатулы. Қалта жұқа. Тірнектеп тапқандарын пәтердің қожайынына төлейді. Үй салуға, сатып алуға қара жердің көк тіреген құны кедергі. Тәуелсіз елде өзгеге тәуелді болып, өгейдің күнін кешіп жүргендердің көбі өзіміздің қаракөз қазақтар. Арқаға аяздай бататыны да осы. Есесіне, пәтерлерін қазаққа жалға беріп, есек құрты мұртына түсіп байып жатқандардың кім екенін іштеріңіз сезіп отырған болар?! Дегенмен, жұртшылықтың жоғын түгендеуге келгенде, мұқтаж мәселесін өтеуге келгенде, ел өкіметі қол қусырып, қарап отырған жоқ. Тырысып бағуда. Оған жыл сайын халықтың игілігіне беріліп жатқан көп пәтерлі үйлер дәлел. Мысалы, өткен жылдарды қайдам, былтыр елімізде рекордтық көрсеткіште пәтер салынды. Биліктің өзі мұны рекордқа теліп отыр. «Нұрлы жер» деген бағдарлама бар, білесіз. Үкімет осы ауқымды жобаның алғашқы жылын қорытындылады, есептері былай. Жаңағы рекорд деп отырғандары - жалпы ауданы 11 млн. 200 мың шаршы метрге тең тұрғын үй салынған. Бұдан бөлек, дәл осы бағдарлама аясында 70 мыңнан астам жер учаскесі берілген, барлық коммуникациялық қызметімен қосқанда. Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы былтыр жоспардан да жоғары орындалған. Дегенмен, бұл жерде айта кетуіміз керек, тиісті міндеттерді атқара алмай алқам-салқам отырған облыстар да бар.
Былтыр қаңтарда айтылған Жолдаудағы міндетті орындауды Үкімет кешіктірмей бастап кетті. 2017-2031 жылдарға арналған негізгі жоспары бектіліп, тиісті қаражаты бөлінді. Осы 14 жылдық бағдарламаның алғашқы жылын Үкімет қорытындылады. Атқарылған жұмыстың нәтижесі жоғары. Еліміздің барлық аймағы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд. теңге бөлінді және ол игерілді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бөлінген ақша 18 пайызға жоғары. Нәтижесінде, 100 мың 800 пәтерде қоныс тойы тойланды.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- 11 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол өткен жылғы деңгейден 6,2 пайызға артық. Жылдың жоспарына орай іске қосылған тұрғын үй 111 пайызға орындалды.
Үкімет 2017 жылы құрылыс жүргізуде шапшаңдық танытты. Бір жылда 11 млн. 800 мың шаршы метр баспана тұрғызу тарихта бұрын-соңды болмаған. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Тіпті, кей облыстар жоспарды артығымен орындаған. Бұл жайында Үкіметте айтылды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-минстрінің бірінші орынбасары:
- Атап өту керек, жекелеген аймақтар тұрғын үй құрылысы бойынша жоғарғы көрсеткіште. Мәселен, ОҚО, Ақтөбе, БҚО, Қостанай, Павлодар облыстарында құрылыс жұмысы 30 пайызға артығымен орындалған. Осының нәтижесінде біз 6 пайыздан астам жоғары көрсеткішке қол жеткіздік.
Бұл тек атқарылған құрылыс жұмыстары бойынша. Ал,«Нұрлы жер» бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады. Олар: екінші деңгейлі банктегі ипотекаларды субсидиялау, яғни, жеке құрылыс компанияларынан үй рәсімдейтіндер үшін, сосын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін жаңа қағидалар енгізу, халықтың осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және жеке үй салуға инфрақұрылымы жүргізілген аймақтан жер телімдерін беру. Осының барлығын есептей келгенде көш басына шыққан аймақтар мүлдем басқа. Ол бойынша бірінші орында Астана қаласы 2,4 млн. шаршы метр үйді пайдалануға берген, Одан кейін Алматы қаласы – 1,9 млн. шаршы метр, Маңғыстау облысы – 833 мың шаршы метр және Ақтөбе облысы – 792,3 мың шаршы метр.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- БҚО, ОҚО, Қостанай және Павлодар облыстарында тұрғын үй енгізудің айтарлықтай өсімі байқалып отыр.
Шыны керек, қазір облыс әкімдері жарыстың жаңа түріне көшті. Қай облыстың құрылыс алаңы үлкен, салған үйі және баспанамен қамтылған адам саны қанша? Яғни, құрылыс барлық аймақтың қан жүгіртуші күшіне айналды. 2017 жыл рекордтық көрсеткішпен орындалды. Жоғары нәтиже көрсеткендері де, межеге жете алмағандары да бар. Дегенмен, биыл да кранын тоқтатпай, кірпішін қалай беруге қазірден дайын отырған аймақ басшылары қос алақандарын ысқылап отыр.
Жансейіт Түймебаев, ОҚО әкімі:
- 2018 жылы құрылысы жүргізілетін кредиттік үйлердің құрылысына қаралған қаржының сақталуын және мүмкіндігінше бізге жақын арада берілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз. Ауа райы қолайлы бізде, қазір бастай беруге дайынбыз.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
- Биылғы жылы 3,5 мың пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның 1400-і мемлекеттік қаражат есебінен, оның ішінде 332 жалдамалы пәтерлер болады.
Мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үйді салуға ғана емес, оған қажетті инфрақұрылымды жүргізуге де қаражат бөліп отыр. Ол арқылы су құбыры, кәріз құбыры, электр желісі тартылып жол салынуы тиіс. Осы тұрғыда бірнеше аймақ берілген қаржыны игере алмаған. Істеген жұмыстары шақырыммен есептелетінін ескерсек бұл жерде БҚО көш бастап тұр. Аймақта 50 шақырымнан асатын инфрақұрылым жұмысы жүргізілген.
Алтай Көлгінов, БҚО әкімі:
- 2017 жылы өңірімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 14,7 млрд. теңге қаражат бөлініп толық игерілді. 14 көппәтерлі тұрғын үй және аудандарда 188 тұрғын үйдің, 17 инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым нысандары жүргізілді. Ол 51 шақырымдық су, газ, электр және кәріз жүйелері атқарылды.
Сонымен, 14 жылға жоспарланған «Нұрлы жер» бағдарламасының алғашқы жылын рекордпен аяқтаған Үкімет енді осы межеден түсіп қалмауға бекініп отыр. 2031 жылға дейін жоспарланған 1 млн. 500 мың пәтердің әзірге 100 мың 800-і ғана берілді. Әлі 1 млн. 399 мың 200 пәтер салынуы керек.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ