«Алтын Емел» ұлттық паркінің құрылғанына – 20 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын Емел» ұлттық паркінің құрылғанына – 20 жыл

10.04.2016
«Алтын Емел» ұлттық паркінің құрылғанына – 20 жыл
«Алтын Емел» қорығы турист тартып, жануарлар әлемін қорғауда жақсы бастамаларды қолға алуда.

Кейде қаланың күнделікті күйбеңінен күйің кететін кездер болады. Кең тыныстап, өзен жағалап, тау-тас пен тоғай аралап, тып-тыныш мекенге кетіп-ақ қалғың келеді. Әсіресе, күн жылып, айнала жасыл желекке оранған сәтте осы сезім әр адамды айналсоқтайды.

Сондайда, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, шетел асып, теңіз жағалап кететініміз тағы бар. Алайда, айналаңа қарасаң, көзің тоймайтын, тұмса табиғаты бар тамаша жерлер бізде де бар.

Әсіресе, елден ерең ұлттық қорықтарымыздың барын ескере бермейміз. Ал біздің елде олардың саны - он екі. Ұлттық-табиғи саябақтарымыздың әрқайсысының өз ерекшелігі, әрдайым баурап тұратын сиқыр күші тағы бар.

Сондай керемет мекендердің бірі 1996 жылы қорық болып құрылған «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Кереметін сөзбен суреттеуге тілің жете бермейтін, барсаң қайтқың келмейтін қасиетті жер.

Көп естігенмен, көрмеген едік. «Алтын Емелге» келмеген едік. Сәті түсті. Жолға шықтық. Көкжиегі сағымға ұласып кететін кең даламен жүйткіп келе жатып, тұмса табиғаттың тылсымына қанығуға ынтыға түстік.

Халық Баяділов, «Алтын Емел» ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
Біздің «Алтын Емел» ұлттық паркін Балқаш аумағында 500 мың гектар және Балқаш маңы мемлекеттік заказнигі жағын да біз күзетеміз. Оның барлығы ерекше қорғалатын аумақтар. Оның сыртында 248 мың гектар жоғары Көксу мемлекеттік заказнигін де қорғаймыз. Сонда біздің қорғайтын аумағымыз 1 миллион 300 мыңнан асып кетіп тұр.

Ұшқан құстың қанаты талатын кең аумақтың әрбір жәндігі мен бір тал шыбығының өзіне дейін ерекше. Қызыл кітапқа енген аң-құсы дүниеде өте сирек кездеседі. Ал жануарлар санағы қалай жүргізіледі?

Халық Баяділов, «Алтын Емел» ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

Қарақұйрық пен құланды жылына тек қана бір уақытта ауа райына байланысты үш күн, бес күн айырмашылығымен санаймыз. Ал, тау текелерін жылына екі рет санаймыз. Туғаннан кейін күзде, содан кейін көктемде. Құстардың, әр аңның санайтын уақыттары болады.

Алғашқы аялдаған жеріміз жеті ғасырлық тарихы бар ағаш. Айналасын сегіз адам қоршаса да құшағы әрең жететін талдың саясы күннің аптабында жанға жайлы. Ағып жатқан кішкене бұлақтың да қысы жазы мұздай болып тұратын қасиеті бар.

Әрбір тарихи һәм таңғажайып дүниелердің маңында қорықшылар тұрады. 11 жасар Нұрасылды осы жерде кезіктірдік. Бұғанасы енді бекіген баланың өскен ортасына, туған жеріне деген үлкен жүрегі, ыстық ықыласы еріксіз таңдай қақтырған. Өзі осы жердегі қорықшының ұлы.

Нұрасыл Іскендір, қорықшының ұлы:
Бұлар Тораңғы ағашы. Қызыл кітапқа енген. Біздің үйімізде көп. Менің әкем қорықшы. Бала кезімнен маған ағаштарды қорғау керек, кеспеу керек, шаппау керек, жақпау керек деп үйретіп келеді. Мұны кейбір адамдар қасиетті деп те айтады.

Оқушы қазір мектепте қоршаған ортаны қорғау бойынша ғылыми жұмыс қорғауға әзірленіп жүр. Ата-анасының берген тәрбиесіне іштей разы кейіпте алға қарай жылжыдық. Алдымыздан ашық алаңда қасқайып тұрған үш тас кезікті. Әйгілі «Ошақтас» дегеніміз осы екен.

Нұрлан Молдахметов, мемлекеттік инспектор:
Жаугершілік заманда қалмақтар өздерінің мыңдаған әскерін әкеліп, осы жерге үлкен қазан қойып, тайқазанмен тамақтандырған деп айтады. Сондай-ақ, ол кезде қазіргідей байланыс жоқ, сонда бір-біріне от жағып, түтін арқылы белгі беріп отырған, дейді.

Әртүрлі аңыз бар. Ең бастысы, қорықшылармен жүрсең, сан-алуан деректердің шетін шығарып, даланың тұнып тұрған түрлі хикаяттарын айтады. Көлік ішінде келе жатып та соған көз жеткен. Көңіл тойып, ми сергіген. Ерекше әңгіме де тынықтырады. Сондықтан, келе қалсаңыз, қапы қалмайсыз. Шөл басып, аяқ суыту үшін Шоқан бастауына бұрылдық.

Мирас Мұқаш, тілші:

Бұл жер көркімен ғана емес тарихымен де құнды. Шоқан бастау деп аталған себебі 1852 жылы Шоқан Уәлиханов Қашқария сапарынан қайтып келе жатқанда дәл осы жерге аялдаған екен.

Кейде жел ұйытқып, кейде күн шайдай ашылып тынши қалатыны бар. Шоқан бастауына келгенде күн ашық-тын. Бастаудың да суы бал татиды. Осы жерден сәл аялдап, атақты Айғайқұмға аттандық. Табиғаттың тылсымы деген осы екен. Біз келгенде жел екпіні күшейді.

Мирас Мұқаш, тілші:
Айғайқұмның биіктігі - 150 метр. Ұзындығы 3 шақырымға дейін созылады. Халық арасында бұл жердің тағы бір атауы бар. «Әнші тау», дейді. Бұл жердің бір қасиеті қанша жел соқса да мына құм ешқайда тарап ұшып кетпейді.

Кіші және үлкен қалқан тауларының ортасындағы Айғайқұм сияқты алқап дүниежүзінде жоқ. Жартасты жерде үйілген құмның пайда болуы ғалымдардың өзін таң қалдырған.

Өміржан Қуандықов, Мыңбұлақ кардонының инспекторы:
Бұған туристер келіп, басына дейін шығады. Басына шығып, төмен қарай сырғанасаң, құм үйкелісінен дауыс шығады. Гүрілдеп, неше түрлі кей кезде қорқынышты дауыстар да шығады.

Бірде арганның әуеніне, әлде ұшақтардың үніне ұқсайтын бұл дыбыстар да қызық. Физиктер түсінігінше, бұл құрғақ құмның үйкелісінен пайда болатын дыбыс. Ал аңыз бойынша бұл жерге көтерілген адамның арманы орындалады. Шамамыз келгенше талпынып көрдік. Айғайқұмның қызығына қана бере, бағытты ерекше тастар мекені Қатутауға қарай түзедік.

Мирас Мұқаш, тілші:
Табиғаттың жаратылысына бұл жерге келгенде шынымен де таң қаласың. Біз қазір қорықтың ішіндегі Қатутау деген мекенде жүрміз. Бұл жерде әртүрлі пішіндегі тастар бар.

Қатутаумен қатар жатқан Ақтау борлы таулары бар. Адам қолымен қаланғандайын жарлардың биіктігі мың метрден асады. Ал төменгі бөлігі жасыл, қызыл түстерге арнайы боялған сияқты. Жоғары жағы ала және аппақ болып келеді.

Мирас Мұқаш, тілші:
Шетелдік туристер осы жерге келіп тынығып, демалғанды ұнатады. Қазір кеш батып келе жатыр. Бірақ сонда да бұл жерде аралап, көретін жерлер әлі де жеткілікті.

Жолға таң ата шыққанды жөн санадық. Өйткені, табиғаттың тылсымынан бөлек аң-құстарды да көргіміз келді. Мұнда омыртқалы жануарлардың 260 түрі бар. 78 түрлі сүт қоректінің он бірі Қызыл кітапқа енген.

Ен далада еркін жайылып жүрген төрт мың құлан мен бес мыңға жуық қарақұйрық жанына адам жақындатпайды. Сондықтан, қашықтан дүрбі салдық. Ал прижевальск жылқылары туристерге әбден үйренген.

Нұрлан Молдахметов, мемлекеттік инспектор:

Он бас бар. Бұлардың өзінің «Алтын Емелге» келгендегі туған бес басын біз тауда бөлек ұстап отырмыз. Бұлар Германиядан алып келгендер бөлек. Аналық бастар. Енді аналарға биылғы жылы тағы да бір үйір салып бөлек ұстаймыз.

Қазақша атауы «тарпаң» деп аталатын прижевальск жылқылары қазір жерсінген. Туристер беретін тәттіге үйреніп алғандығы сонша көліктен түссеңіз жаныңызға жақындайды.

Турист демекші, «Алтын Емелге» бір жылда екі мыңға тарта турист келеді. Әсіресе, шетелдіктер құмар. Қазір ел тұрғындары да дала таңғажайыбын көруге ынталана бастады.

Алмат Сақатов, театр және кино әртісі:

Теледидардан қараймыз. Басқа арналардан табиғатты көрсетеді. Небір арналар бар ғой. Жиырма шақты. Не деген күшті табиғат сол жаққа барсақ қой дейміз. Іргеде тұр ғой, міне. Көлігіңе отыр, жанармай құй, бала-шағаны алып бар да көрсет. Керемет. Мен де соны көрейін деп келіп отырмын.

Көрсететін жер өз алдына. Тынығатын орындар да жеткілікті. Қорықты аралау үшін бір адамға 900-ақ теңге төлейсіз. Қонақ үйлері де арзан. Таза, ыстық, суық суы бар. Ең бастысы, бұл жердегі инспекторлар да сауатты.

«Алтын Емелдің» қыр-сырын бес саусағындай біледі. Мәселен, Бақытжан Дәуренбеков «Шыған» кардонының инспекторы. Он жыл болды. Осы жерде бала-шағасымен табиғаттың тыныштығын күзетіп отыр.

Бақытжан Дәуренбеков, мемлекеттік инспекторы:

Осы салада жұмыс істеп жүргеннен кейін өзіміз де, табиғат жанашыры болғаннан кейін, туып-өскен жерім бір шетінен. Сондықтан жанашырлықпен осы салада жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымыз. Ынтамен, ынталанып жұмыс жасаймыз.

Қорықшының әйелі болу да ерлік. Күйеуіне қорған, бала-шағаға пана болып кардонда отыру үшін де өжеттілік керек. Ал «Алтын Емелге» демалуға келсеңіз аралайтын жер аз емес.

Туған жер топырағының қасиеттілігіне қайран қалып, тағы да көре түссем деген құмарың қанбайды. Тағы да келу керек деп бекінесіз. Қазақ даласында көретін қаншама таңғажайып бар.

Ашылмаған қаншама сыр бар. Аңыздар ақиқатын мен ғана білемін дегендейін, маң дала да маңғаз қалпында қала берді.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу