«Brent» маркалы мұнайдың баррелі 1 пайызға қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Brent» маркалы мұнайдың баррелі 1 пайызға қымбаттады

13.03.2016
«Brent» маркалы мұнайдың баррелі 1 пайызға қымбаттады
Нью-Йорк пен Лондон биржаларында шикізат бағасы өсті.

Мұнай бағасы құлдыраудың шегіне жетіп болған тәрізді. Ал, нарықта бұрынғы тепе-теңдік қайта орнайтын сыңай танытып отыр және де көмірсутегіне сұраныс биыл өсуі мүмкін. Мұндай болжамды жұма күні Энергия жөніндегі халықаралық агенттік өзінің кезекті баяндамасында жариялады.

Содан кейін Нью-Йорк пен Лондон биржаларында шикізат бағасы өсті. «Brent» маркалы мұнайдың баррелі аптаның соңғы сауда сессиясында 1 пайызға қымбаттап, 40 доллар 46 центке сатылды.

Осы агенттіктіктің өзге бір мәліметіне жүгінсек, Америка Құрама Штаттары мен ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттерде өндірістің қысқарғаны байқалып отыр. Сонымен қатар, Иран экспортының көлемі күткендегіден аз болып шықты.

Ал, Еуропа одағында инфляцияның тым төмендігі кәсіпорындардың табысын азайтып, жұмыссыздар санын көбейтеді деген қауіп әлі сейілмей тұр. Сұранысты арттыру үшін осы аптада Еуропа орталық банкі экономиканы ынталандыру үшін ай сайын бөлінетін қаражат көлемін 80 миллиард еуроға жеткізіп, несие үстемесін нөл пайызға дейін түсірді.

Марио Драги, Еуропа орталық банкінің президенті:

Инфляция алдағы айларда да негативтік деңгейде болады, деп болжап отырмыз. Ол тек 2016 жылдың соңында ғана көтерілуі мүмкін. Монетарлық саясатты әрі қарай да осылай жүргізіп, экономика қалпына келтіретін болсақ, инфляция да өсуі керек.


Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу