Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай енгізіледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай енгізіледі?

21.02.2016
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай енгізіледі?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай енгізіледі?
Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстан отандық медицинаны еуропалық талаптарға ұқсатуы тиіс.

Бас ауырып, балтырымыз сыздаса баратын жеріміз біреу ғана. Дертке дауа іздеп емхана жағалаймыз. Бірақ, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», дегенді көп ескере бермейміз.

Тіпті, жұқпалы ауыруларға алдын ала жасалатын екпелердің өзін елемейтін болдық. Мәселен, біздің елде 21 түрлі жұқпалы аурудың алдын алу үшін жыл сайын 8 миллион адамға екпе егілуі керек екен.

Алайда, соңғы кездері бұл шарадан бас тартатындардың қатары көбейген. Алаңдаған ақ халаттылар енді еліміз бойынша екпеден бас тартқандардың арнайы тізімін жасауға көшпек.

Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстан отандық медицинаны еуропалық талаптарға ұқсатуы тиіс. Сондықтан, биылдан бастап дәл осы салаға түбегейлі жаңа реформа жасалады.

Ұлт жоспарына сай міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру қоры құрылады. Ұлттық скринингтік бағдарламаны бағалау үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірге жұмыс тобы жасақталады.

Диспенсерлік есепте тұрғандарға дәрі-дәрмек автоматтандырылған жүйемен беріледі. Тұңғыш рет ауруларды басқару бағдарламасы жасалады. Бұл созылмалы аурулары бар азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін күшейтеді.

Ал, міндетті профилактикалық тексеруден өткендерге берілетін анықтаманы бұдан былай жұрт ауруханадан емес, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алады.

Аманжол Орынбаев:
Бұрын бәрін теледидардан, шетелден көруші едік, енді өзімізден көріп отырмыз.


Бақытжан Құтпанбайұлы:
Жолдамамен келдім, негізі жолдамам Алматыда болатын, енді осы жаққа келдім, Он күндей болып қалды, бәрінен өтіп жатырмыз, бәрі дұрыс.

2017 жылдан бастап бұл пациенттер сақтандыру полисімен келіп емделеді. Себебі, денсаулық сақтау саласы келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

2017 жылдан бастап осы әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін бүкіл медициналық қызметтер екі-үш пакеттерге бөлінеді.

Сонымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай енгізіледі? Алдымен базалық, яғни барлық азаматтарға төтенше жағдайлар кезінде көмек, жедел-жәрдем қызметі, аурудың алдын алатын екпелер сияқты кепілдендірілген медициналық көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, әлеуметтік маңызды аурулар: адамның иммунды тапшылығы вирусы, В, С вирустық гепатит, онкологиялық аурулар, қант диабеті, психикалық ауытқушылық, балалардың церебралды сал ауруы, алғашқы алты айдағы миокард инфаркті, ревматизм, орталық жүйке жүйесінің бірқатар аурулары және айналасына қауіпті саналатын жұқпалы дерт түрлерімен түскендер тегін қаралып, емделеді.

Екінші, емханалық, стационарлық емдеу, оңалту шаралары мен паллиативтік күту, жоғары технологиялық көмек пен мейірбикелік көмек түрлері медициналық сақтандыру әлеуметтік қоры арқылы жүзеге асады. Қордың жұмысын мемлекет қадағалайды.

Тамара Дүйсенова ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
Бұл қорға жұмыс берушілер тарапынан қаржылар түсе бастайды. Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық мекемелер осы қордың есебінен қаражат алатын болады.

Шілде айынан бастап қорға жұмыскер, жұмыс беруші және мемлекет, яғни үш тараптан ақша аударылады. Шамамен жарты жылда қорға 400 миллиард теңге жиналуы тиіс.

Жұмыскер 2019 жылы айлығының бір пайызын, 2020 жылы екі пайызын сақтандыру қорына аударуға міндетті. Ал жұмыс беруші келер жылдан бастап кірістің 2 пайызын, 2020 жылға дейін 5 пайызын жарна ретінде төлейді. Сонда қорға екі жақ бірігіп, 7 пайыз әлеуметтік жарна төлейді.

Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар толықтай 7 пайызды аударады. Олар: кәсіпкер, нотариус, заңгер, жеке сот орындаушылар, адвокат, кәсіби медиатор, азаматтық-құқықтық негізде жұмыс істейтін, яғни фрилансерлер 2017 жылдан бастап 2 пайыздан 2020 жылға қарай 7 пайызға дейінгі жарна төлеулері тиіс.

Ал, әлеуметтік әлсіз топқа жататындар: балалар, көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектер, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, зейнеткерлер мен бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы әйелдер, айыбын өтеушілер үшін мемлекет орташа айлық, яғни 154 577 теңгенің 7 пайызын қорға аударып отырады.

Сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылады. Олар да мемлекет есебінен тегін көмек алады.

Әйгерім Ағылтаева, тілші:
Сонымен, сіз алдымен өзіңізге ұнайтын емхананы таңдайсыз, тіркелер кезде жеке куәлігіңізді көрсетесіз. Мекеме қызметкерлері жеке идентификациялық нөміріңізге қарап, сізде сақтандыру полисі бар болса емханаға тіркейді. Жоқ болса, сіз ақылы медициналық көмек алуға мәжбүр боласыз.

Тіркелген азамат дәрігерге қаралып, емделгісі келсе емхана немесе аурухана жағдайында толықтай ем алады. Оған шығынданудың қажеті жоқ. Есесіне, сіз тіркелген емхана немесе сізді емдеген аурухана айдың соңында шығын сомасын Медициналық сақтандыру әлеуметтік қорына жібереді.

Егер бір жыл бойы ауырған жоқпын, ем-домның қажеті болған жоқ десеңіз де сақтандыру полисіне аударған жарна сізге қайтарылмайды. Өйткені, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ережесі осындай.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің жол картасы Ұлт жоспары 100 нақты қадамның негізінде жасалды. Енді жекеменшік клиникалар да барша тұрғындарға есігін айқара ашады.

Бюрокартиялық кедергіге жол бермес үшін елімізде жекеменшік клиникалар құқығын қорғайтын Ұлттық кәсіпкерлер палатасында денсаулық сақтау комитеті құрылды.

Жекеменшік клиникамен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қасынан барлық медицина мекемелерінің сапасын қадағалап, инновациялық емдеу тәсілдері, жаңа технология енгізу, маман тапшылығын жойып, олардың деңгейін көтерумен айналысатын комиссия құрылады.

Жұмағали Исмаилов, «Денсаулық сақтауды дамыту орталығының» директоры:

Ол пікір алмасатын жаңа әдістерді, жаңа технологияларды енгізетін, оларды қаржыландыру, сапаны жақсартатын, күшейтетін, бір шешім қабылдайтын пікір алмасатын ұйым болады.

Ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет назарындағы басты мәселелердің бірі. Сондықтан да, медицина саласындағы реформалар халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.

Медицинада атқарылар жұмыс аз емес. Болашақта әлеуметтік медициналық сақтандыру шаралары сәтті жүзеге асса, халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып, аурулардың алдын алу мен күрделі ауруларды емдеу ісі одан әрі ілгерілей түспек.

Әйгерім АҒЫЛТАЕВА

Хабарламаларға жазылу