Олардың қатарында Данияр Елеусінов, Біржан Жақып, Василий Левит және Берік Әбдірахманов лицензия алған.
Биыл Олимпиада жылы. Төрткүл дүниенің назары Бразилияға ауады. Ол додаға біздің де спортшылар қатысып, ел намысын қорғайды. Қазақ спортының қабырғасын тіреп тұрған спорттың қай түрі десеңіз, екінің бірі ойланбастан боксты атайды. Шынымен де, жұдырық спортын қазақтың азаматтары мықты меңгерді.
Тұтас мектептер қалыптасты. Қай Олимпиада болмасын, қазақ боксшылары жүлдесіз келген жоқ. Қазір біздің боксшылар Алатаудың баурайында кезекті оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Әзірге төрт бірдей сайыпқыран Рио-де-Жанейроға баратыны анық. Ал өзгелері лицензия сарапқа салынатын халықаралық жарыстарға дайындалып жүр.
Алматыдан алыс. Алатаудың бөктері. Саф ауа. Айнала құлаққа ұрған танадай. Иә, халықаралық бокс академиясының айналасы тым-тырыс. Бірақ, іште тірлік қайнап жатыр. Қызу дайындық.
Мирас Мұқаш, тілші:
Қазір біздің құраманың жігіттері қызу жаттығу үстінде. Бұл жерде олар күніне үш рет дайындық өткізеді. Спорт кешенінің осы бөлігінде жаттығу жүріп жатса, екінші бөлігінде Қазақстан және Германия құрамасының арасында бәсеке болып жатыр.
Еуропа құрлығында көпке сес болатын, азулы құраманың бірі Германия боксшылары қазақ былғары қолғап шеберлерімен жекпе-жек өткізуге арнайы келген.
49 келі салмақта біздің Біржан Жақыпов «спарринг» өткізді. Қимылы шалт, рингтегі тәсілі тосын Жақыпов қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Қанжығадағы төрт жолдаманың бірі осы боксшымызда екенін айта кету керек. Үшінші Олимпиадасына баратын батырымыз биыл барын салуға әзір.
Біржан Жақыпов, Қазақстан құрамасының мүшесі:
Бәріміз Олимпиаданың «алтынынан» үміт күтіп отырған спортшылармыз. Яғни, спортшылар «алтын» үшін барады. Елдің абыройы үшін. Сол себепті бар жанымызды салып дайындалудамыз.
Өзінің жаттығуын пысықтап жүрген Ұлттық құрама капитаны - Данияр Елеусінов. 69 келіде Рио төрінде өнер көрсететін саңылақтарымыздың бірі. Жаттығудан қолы қалт еткен сәтте, немістердің рингтегі айласына назар аударып, болашақ қарсыластың қапы тұсын көкірегіне түйіп отыр.
Данияр Елеусінов, Қазақстан құрамасының капитаны:
Құрамалар өте көп негізі. Кубалық боксшылар, ресейлік боксшыларды айтуға болады. Енді Әзірбайжан спортшылары бар. Басқа да мемлекеттерден бар. Командасы түгелдей мықты болмағанмен, кейбір салмақтарда мықты-мықты деген боксшылар бар.
Сол мықтылардың мықтысы атануға қазақ боксшылары лайық. Өйткені, бізде Олимпиадаға алғаш рет бара жатқан жігіттер бар.
Мәселен, кәсіпқой бокста өзінің кім екенін әлемге танытқан 60 келідегі Берік Әбдірахманов ешкімнен осал емес. Тәжірибесі де жеткілікті.
Берік Әбдірахманов, Қазақстан құрамасының мүшесі:
Дайындық жаман емес. Көбінесе, физикалық жаттығуларға көңіл бөліп жатырмыз. Олимпиадаға жайлап-жайлап дайындалып жатырмыз. Енді спорттық жекпе-жектерге қалай дайындалу керек, қандай тактика қолдану керек соның барлығын осы жерде үйреніп жатырмыз.
91 келідегі Василий Левитқа да бапкерлер көп үміт артып отыр. Ауыр салмақта қарсыластарына қаһарын төгетін боксшымыз Олимпиада лицензиясын былтыр алып қойған. Құрамаға барлық жағдайдың жасалғанын айтқан спортшы, жеңілуге болмайды деп бекініп отыр.
Василий Левит, Қазақстан құрамасының мүшесі:
Бұл база маған ғана емес, бәріне ұнайды. Бұл жерде біздің алаңсыз дайындалуымыз үшін барлық жағдай жасалған. Таза ауа. Бассейн, құнарлы тағамның бәрі де осында. Ең бастысы, тек қана жаттығуда ойлайсың. Сондықтан, алғашқы Олимпиадамда тек жақсы нәтижеге жетемін деген үмітім бар.
Арасында тынығып, құнарлы астарын ішіп алған боксшылар бокс залына, дайындық алаңына қайта беттеді. Бізде қазір төрт салмақ бойынша төрт жолдама бар.
Ал, тағы алты салмақ бойынша жолдама алу үшін жігіттер Қытайда өтетін халықаралық турнирге қатысады. Он боксшымыз да лицензияғаға қол жеткізсе үлкен көрсеткіш. Өйткені, жолдаманың өзі оңай берілмейтінін ескеру керек.
Мырзағали Айтжанов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
Жігіттеріміз де бұл жауапкершілікті өте түсінеді. Барлығы жас емес. Барлығы жас деген боксшының өзі мынау Әлем чемпионатында өнер көрсеткен. Команда мықты боксшылардан жасақталған. Алда тек қана сол қойған мақсатымыз елдің сенімін ақтау.
Сол зор сенімді ақтау залда жүрген әрбір жігіттің парызы. Жинақы қозғалыс, салмақты кейіптерінен осыны аңғардық. Әлемдік жарыстарынан қолы бос кезде Қанат Ислам да інілеріне келіп ақыл-кеңесін айтып, бауырларына бағдар беруден жалыққан емес.
Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы:
Биыл енді анау-мынау емес, Олимпиаданың жылы ғой. Сол үшін өте маңызды әрбір жаттығуы, әрбір спарингтері. Тоғыз жігіттің бәрі дайын, шынын айтқанда. Тек қана қазақтың Туын Олимпиадада көтеретін жігіттер көбейе берсін.
Боксшыларымыздың ендігі оқу-жаттығу жиыны Астанада өтеді. Олимпиада жолдамасына қол жеткізу мақсатында бірнеше спортшы Қытайға аттанбақ. Куба мен Бразилияда жаттығуды тағы бір пысықтайды.
Мүсілім Дайрабекұлы, Бокс федерациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Қазақстан боксы қазақтың қанына сіңген спорт. Батырлардың спорты бокс деген. Біздің қазір 4 баламыз лицензия алды Олимпиадаға. Енді қалғандары да алуға барады. Құдайға шүкір, оларға да сеніміміз мол. Біздің Қазақстанның туы желбіреуіне сеніміміз бар.
Шоқыр Бөлтекұлы бастаған, Әбдісалан Нұрмахановтар мен Жандос Көкімовтер жалғаған дара жол жалғасуы тиіс. Қазақ боксшыларына спорт ақсақалдары ғана емес, бүкіл ел үміт-сенімін артып отыр. Сенім нық. Үміт алдамайды.
Мирас МҰҚАШ