Түркия астанасының орталығында жарылыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия астанасының орталығында жарылыс болды

21.02.2016
Түркия астанасының орталығында жарылыс болды
28 адам мерт болған жарылысты 24 жастағы Салих Неджар ұйымдастырған.

Түркия тағы да қара жамылды. Стамбулдағы жарылыстан ес жиып үлгермеген түрік жұрты енді Анкара деп алаңдап отыр. Халықтың қайғысына ортақтасып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеделхат жолдады. Президент суық хабарды Қазақ елі де қабырғасы қайысып қабылдағанын айтты.

Сәрсенбі күні жергілікті уақытпен 18:30-да ел астанасы Анкараның қақ ортасында жарылыс болды. Жанкешті қарулы күш қызметкерлері мінген автобусты нысанаға алып, бомба орнатылған көлікті дәл жанында жарып жіберген.

28 адам қаза тауып, 60-тан аса адам жаралы болды. Жанкешті дегеніңіз – тірі, саналы, өзі жүріп шешім қабылдай алатын жойқын қаруға айналып тұр жаһанда. Түріктің құзырлы органдары бомбаны жарған лаңкестің аты-жөнін де анықтады.

Бақытжан Омар, тілші:
Бұл – Анкарада соңғы 4 айда болған екінші жарылыс. Оның алғашқысында екі жанкешті теміржол вокзалының маңында өз-өздерін жарып, бейбіт шеруге жиналған 100-ден аса адамды мерт қылған еді.

Бұл жолы ешкім күтпеген жерден жол бойында террорлық акт болды. Әдеттегідей жұмыстан үйлеріне қайтып бара жатқан әскерилер отырған автобус бағдаршамға тоқтай бергенде, жанкешті өз көлігін жарып жіберді.

Жарылыстың күшті болғаны соншалық, жақын маңдағы көліктер мен ғимараттардың терезелері сынған. Шабуылдан қаза тапқан 28 адамның дені – қарулы күш қызметкерлері.


Нуман Куртулмуш, Түркия Премьер-Министрінің орынбасары:
Түркияға қарсы жасалған бұл лаңкестік шабуыл тиянақты жоспарланған. Террористердің басты мақсаты – ел бірлігін бұзу. Бірақ, біз бұған қарсы тұруымыз қажет.

Ешкім ешқашан біздің ынтымағымызды жоя алмайды. Қазір ауруханада жатқан отандастарымызға барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Қаза болғандардың жақындарына көңіл айтқым келеді. Барлық халықты сабырға шақырамын.


Құзырлы органдар жарылысты ұйымдастырған жанкештінің аты-жөнін көп ұзамай саусақ іздері арқылы анықтады. 24 жастағы Салих Неджар Түркияға Сириядан босып келген. Бас прокуратура Түркияның 8 қаласында шұғып операция жүргізіп, оқиғаға қатысы бар деген 20 адамды құрықтады.

Ахмет Дәуітоғлы, Түркия Премьер-Министрі:

Салих Неджар біздің ел террорлық ұйым деп таныған Сириядағы күрд жасақтарының мүшесі. Ол бұл жарылысқа Түркияның тыныштығын бұзғысы келетін өзге де лаңкестік ұйымдармен бірігіп жасаған. Біз оларға қарсы күресті жалғастырамыз.

Күні кеше Премьер-Министр Ахмет Дәуітоғлы Анкара губерниясында қауіпсіздік жиынын өткізді. Бұдан былай Түркияның бас қаласының тыныштығын қадағалайтын полицейлердің саны артып, қауіпсіздікке бөлінетін қаражат көбейеді. Бұл хабарға алдымен жергілікті тұрғындар қуанды.

Толга Генч, Анкара тұрғыны:
Қауіпсіздіктің артқаны дұрыс. Өйткені, біз әбден қорқып қалдық. Қай жерде, қай уақытта жарылыс болуы мүмкін деген ой әбден мазалайды. Соңғы жарылыс халықты одан әрі алаңдатты.

Волкан Будан, Анкара тұрғыны:
Соңғы кездері далаға көп шыққым келмейді. Тек жұмыс бабымен болмаса, үйде отырғанды жөн санаймын. Мына оқиғалардан үрейіміз қашты. Биліктің қауіпсіздікті арттыру шарасын қолдаймын. Жалпы, тек Анкарада емес, Түркияның барлық қаласында қауіпсіздік күшейтілсе деймін.

Әдетте, жарылыс болған аймақта халық көп болатын. Осы оқиғадан соң адамдар бұл көшелерді айналып өтуге тырысады. Өйткені, ғимараттардың сынған терезелері мен өртке оранып, астаң-кестеңі шыққан бағаналар мен дуалдар сол күнгі жарылысты еске салады.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу