Саяси аламанда алты партия бақ сынайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси аламанда алты партия бақ сынайды

14.02.2016
Саяси аламанда алты партия бақ сынайды
Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізіммен Парламент сайлауына қатысатын кандидаттарды тізімдеуді аяқтады.

Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізіммен Парламент сайлауына қатысатын кандидаттарды тізімдеуді аяқтады. Саяси аламанда алты партия бақ сынайды. Олар, «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік», «ЖСДП» және Қазақстан комунистік халық партиясы.

Ал, ресми түрде тіркелген 200-ден астам үміткердің араларында түрлі маман иелері бар. Кандидаттар тізімі бұрынғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға жаңарған. Олардың дені еңбек адамдары, мұғалім, дәрігер, кәсіпкерлер.

Сайлау - саяси науқан. Сондықтан, оның неғұрлым салмақты өткені абзал. Күн құрғатпай жиын өткізетін Орталық сайлау комиссиясы саяси доданың жария, заңды, әділ өтуін қамтамасыз етту үшін шетелдік және қоғамдық байқаушылармен де жұмыстарын ширата түсті.

Сайлауға қатысатын шетелдік байқаушылардың алды Астанаға өтініштерін жібере бастады. Олардың дені Елордада болатын сайлау барысын байқайды. Мәселен, 2012-ші жылғы сайлауда әрбір бесінші шетелдік байқаушы, ал өткен жылғы Президент сайлауында да әрбір төртінші байқаушы бас қалаға тұрақтаған. Өзге елден келетін БАҚ өкілдері де ақпаратты Астанадан таратқанды жөн санайды.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР ОСК төрағасы:
Астана – біздің елордамыз, еліміздің бас қаласы. Сол себепті бұл жердегі сайлау өзгелерге үлгі болатындай дәрежеде өтуі керек. Ал, оның барлығы осы жерді оны өткізумен және ұйымдастырумен айналысатын мамандардың кәсібилігіне байланысты.

Парламент сайлауына қатысатын кандидаттарды ұсыну аяқталды. Алты партиядан 234 кандидат сайлауға қатысады. Ал, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 7885 кандидат ұсынылып отыр. Олардың қатарында 40 этностың өкілі бар.

Кандидаттардың 71,4 пайызы – ер адамдар. Үміткерлердің 6 мыңға жуығы өзін-өзі ұсынса, 12 адам қоғамдық бірлестіктерден, ал мыңнан астамы саяси партиялар тізіміне алған. Бүгінде бір депутаттық мандатқа орташа есеппен екі үміткер таласып отыр.

Ләззат Сүлеймен, ҚР ОСК мүшесі:
Партиялық тізімге енген азаматтар сайлауалды үгітке байланысты емес қызметтерін атқара береді. Үгітке байланысты шаруа сайлауға келу, дауыс беру деген мәселелер ол сайлауалды үгіт болып есептелінеді. Сондықтан да азаматтар, тізімге енген азаматтар мемлекеттік қызметін өз жоспарына байланысты атқара береді. Мұның науқанға қатысы жоқ.

Өңірлерде де сайлау науқаны қызып тұр. Павлодардағы қоғамдық комиссияда жұртшылықты саяси науқанды өткізу технологиясымен таныстыру жұмыстарын бастап кетті. Комиссия облыс аумағында арнайы тренингтік семинарлар өткізіп, әр байқаушымен жеке-жеке жұмыс жүргізіп жатыр.

Гүлсара Қаппасова, Павлодар облыстық сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның мүшесі:
Саяси партиялар онымен қатар депутаттыққа кандидаттардың барлығын бірдей тең құқылы болуын қадағалаймыз. Заң бұзылмауын бақылаймыз. Сол 569 байқаушылардың тізімін бүгін біз реттеудеміз.

Сайлауға дайындық шараларын тиянақты жүргізіп жатқан өңірлердің бірі – Қостанай. Учаскелік сайлау комиссияларының жаңарған құрамы бекіп, оларға қойылатын талап-міндеттер түсіндірілді. Аймақта 700-ге жуық азамат мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға өтініш білдірген.

Айнагүл Баранник, сайлау учаскесінің мүшесі:

Біз қазір барлық құжаттарды тексеріп, тіркеп жатырмыз. Заң бұзушылықтар жоқ.

Елде өтетін саяи шараға шетелдегі елшіліктерде ерекше дайындалып жатыр. Мәселен, көрші Ресейдің 5, ал Қытайдың ірі қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істейді. Ал, шетелдік сарапшылар болса, саяси доданың салмағына қатысты ойларын қазірден бастап сарапқа салуда.

Сергей Рекеда, М.В Ломоносов атындағы ММУ ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры:

Қазір Қазақстанның алдында ғаламдық ауқымдағы стратегиялық міндеттер тұр. Сондықтан, Парламенттегі партиялар тек қана дағдарыспен күрес шараларымен ғана шектеліп қоймай, кем дегенде алдағы 10 жылдыққа арналған даму жолын ойластырып, Қазақстан Президентінің елді жаңғырту жолындағы бастамаларын қолдауы тиіс. Меніңше, Парламенттегі партиялардың құрамы қатты өзгере қоймайды, есесіне әрбір фракциядағы депутаттардың құрамы әжептәуір жаңарады.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов сайлау барысын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссияның мүшелерімен кездесті.

Онда сайлауды өткізуге дайындық барысы талқыланып, сайлаушылар мен үміткерлердің конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, электоралдық науқан барысында қазақстандық және шетелдік бақылаушылардың өз жұмысын тиімді атқаруға жағдай жасау жайы сөз болды.

Әрі осы апта «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы кезектен тыс конференциясын өткізіп, онда мәслихат депутаттығына 25 кандидат ұсынылды. Оларды іріктеу үшін бастапқы партиялық ұйымдардан 500-ден астам таңдаушы қатысты.

«Ақ жол» демократиялық партиясы да дәстүр бойынша, жұма күні өздерінің қоғамдық қабылдауын өткізді. Жиында кәсіпкерлер мәселесі қаралды. Шағымданушылардың бірі банкпен арадағы дау-дамайды оңтайлы шешіп беруді сұраса, енді бірі әкімшілік кедергілерді, салықтың ауыртпалығын сөз етті. Басқосуда айтылған арыз-шағымның түгелі қағазға түсіріліп, партияның заңгерлері істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы үгіт-насихат жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Астанада саяси ұйымның Орталық аппаратында барлық аймақтық штаб жетекшілері мен мүшелеріне арналған тренинг өтті.

Арнайы шақыртылған заңгерлер онлайн-семинарда «Сайлау туралы заңның» негізгі талаптарын түсіндіріп берді. Әсіресе, Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлауға қатысты баптарына ерекше көңіл бөлінді.

Қазақстан коммунистік халық партиясы алдағы сайлауға қатысты аймақтардың дайындығын пысықтады. Партияның орталық комитетінде скайп-конференция ұйымдастырылып, бірнеше облыстық филиалмен байланыс орнатты. Осыдан кейін Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі аймақтық бөлімшелерге алдағы сайлау науқанына дайындықты бастау жөнінде нұсқау берді.

Осы аптада Орталық сайлау комиссиясы ЖСДП-нің партиялық тізімін тіркеді. Саяси ұйым атынан 23 үміткер ұсынылған. Олардың құжатын тексерген тиісті органдар заңға қайшы ешқандай дерек анықтаған жоқ. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ЖСДП сайлауалды штаб басшысының орынбасарына кандидаттар куәлігін тапсырды.

«Бірлік» партиясы Астанада қоғамдық қабылдау бөлімшесін ашты. Әрі олар өздерінің сайлауалды штабын құрып, партияның бағдарламасын халыққа кеңінен таныстыруға барлық жағдай жасауға кіріскен.

«Бірліктің» сайлауалды штаб бүгінде еліміздің барлық өңірлері мен Алматы және Астана қаласында ашылды. Астанадағы бас кеңседе облыс орталықтарындағы бөлімшелерімен онлайн режимде жедел ақпарат алмасуға тиісті жағдай жасалған.

Сайлауға тура 5 апта қалды. Ел ертеңі үшін маңызды шараға ешкім енжар қарамауы керек. Дауыс беру әр азаматтың жеке шаруасы. Әйтсе де, сайлауға қатысып, өз таңдауын жасау баршаға ортақ азаматтық міндет.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу