Мұнай бағасы 33 доллардан асты

14.02.2016
Мұнай бағасы 33 доллардан асты
Өйткені, АҚШ-та бұрғылау қондырғылары 30 данаға азайған.

Апта бойы құлдыраған акциялар нарығы жұманың кешінде қайта ес жиды. АҚШ пен Еуропа биржаларында индекстер орта есеппен 2-3 пайызға көтерілді. Бұған еуропалық банктердің жағдайы біршама жақсарды деген мәлімет себеп.

Ал, мұнайдың «Brent» маркасының бағасы бірден 10 пайызға өсіп, 33 доллардан асты. Өйткені, АҚШ-та бұрғылау қондырғылары 30 данаға азайған екен. Бұған қоса, ОПЕК ақпанның 10-да баяндама жариялап, шикізатқа сұраныстың биыл артатынын болжап отыр. Бірақ, Бразилия, Қытай, Ресей тәрізді алып экономикалардың қарқыны баяу.

Сондықтан, өзге бір сарапшылар мұнай нарқы таяу арада өспейді, деп есептейді. АҚШ Федералдық резерв жүйесі басшысының ойынша, энергетикалық отын бағасы көтерілмесе, шикізат экспортына тәуелді елдерде қаржылық қиыншылықтар тіпті күшейіп, оның зардабы Американың өзіне де тиюі мүмкін.

Джанет Йеллен, АҚШ федералдық резерв жүйесінің басшысы:

Шикізат бағасының төмендеуі шикізат экспорттаушы елдерге қаржылық қысымды күшейте алады. Мұндай жағдай әсіресе, мұнай шығарушы компанияларға оңай тимейді. Осы қауіп шындыққа айналатын болса, АҚШ-тың шетелдегі белсенділігі төмендеп, экспорттық тауарларына сұранысты әлсіретуі мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу