Басты Жаңалықтар «Келет» кәсіпорны шығаратын электрокалориферлер сұранысқа ие

«Келет» кәсіпорны шығаратын электрокалориферлер сұранысқа ие

«Келет» кәсіпорны шығаратын электрокалориферлер  сұранысқа ие
Шағын зауыттың бір жылдық өнім құны - 4 миллиард теңге.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында пайызы аз несие алып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпорындар баршылық. Соның бірі Алматыда. «Келет» деп аталады.

Кәсіпорын өндіріске, жылу станцияларына, қауіпсіздік қызметіне қажетті өнімдер шығарады. 1992 жылы құрылған зауыттың жұмысы бүгінде жанданып тұр. Өнімдеріне сұраныс көп. Елімізден басқа, Ресей, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасына экспорт жасайды.

«Келет» кәсіпорны. 1992 жылы құрылған. Қуаттылығы 6-дан 144 кВт жететін отандық электрлі жылу қазандықтары мен СФОЦ электрокалориферлік қондырғылары, сумен жабдықтау, суландыру және өртті сөндіру үшін қолданылатын көпсорғылық станцияларды шығарады. Шағын зауыттың бір жылдық өнім құны - 4 миллиард теңге.

Бүгінде өндіріс орны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында пайызы аз несие алып, зауытты заманауи қондырғылармен жабдықтады. Әрбір істің ілімін тапқан компанияға осылайша мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Себебі, өнеркәсіп өндірген электроөнімдердің алып шаһар Алматының экологиясына тигізер пайдасы зор.

Автоматты сорғыш станциялары қазір ірі мегаполистің көп қабатты тұрғын үйлерінде жиі қолданылып жүр. Бұдан бөлек, ірі құрылыс компанияларынан электрокалориферлік қондырғыларға сұраныс жоғары.

Владимир Мищенко, бас инженер:
Бұл отандық электрокалориферлер өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, қоғамдық және тұрмыста жылыту және желдету жүйелеріне арналған. Желінің кернеуі – 380 Вольт.

Қондырғының кесімді қуаттылығы 15,6 киловаттан бастап, 247 киловатқа дейін. Желдеткіштің өнімділігі де өте жоғары. Қуаттылықты реттеу және қызып кетуден қорғау жағы да қарастырылған.

Сондықтан, қазір мұны еліміздің құрылыс саласында көптеп кездестіруге болады. Біздің өнім Қазақстанда жасалған.


Кәсіпорында 280-нен астам адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 150 мың теңге. Өндірістен жыл сайын ел бюджетіне 500 миллион теңгеден астам салық түседі.

20 жыл бұрын компания ашылған кезде мамандар тапшы болған. Сол уақыттан бері олар тәжірибелі кадрларды даярлау үшін зауыт есебінен жастарды Еуропа елдерінде оқытады. Солардың бірі – Ермек Кәленов. Ол – электромонтаж шебері. Жұмысына адал азамат.

Ермек Кәленов, электромонтаж шебері:

Мен төрт ай болды, осында жұмыс істеп жатырмын. Электрокалорифердің ішін жасаймыз. Қаңылтырға электр қондырғыларын орнатамыз. Бәрін жасап болған соң, сатып алушыға жібереміз.

Мынау металлды лазермен кесу қондырғысы. Тың тәсіл. Дәстүрлі әдістерге қарағанда, бір нүктенің бойымен лазерлі сәуле темір табақтарды біркелкі әрі түзу тесіп, кеседі. Бұл швейцариялық жетекші компанияның «Bystronic» деп аталатын жоғары технологиялық автоматты құрылғысы.

Иван Зотов, лазермен кесу қондырғысының операторы:
Мен Швейцарияда біліктілігімді арттырдым. Зауыт басшылығы лазермен кесу қондырғысында жұмыс істейтін алғыр кадр іздегенде, таңдауы маған түсті. Сөйтіп, шетелде бірнеше ай жүріп, тәжірибелі мамандардан осы техниканың тілін үйрендім. Жұмысым ұнайды. Жалақымыз да тәуір.

Компания озық технологияларға сүйеніп, жылына 7 мыңға жуық электрлі сорғы шығарады. Сол құрылғылар тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету үшін кеңінен пайдаланылады. Бұдан бөлек, бұл отандық сорғылар егістік алқаптарды суғаруда таптырмайтын құрал.

Мұрат Смайлов, газ-электр дәнекерлеуші:
Мен 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Мамандығын газ-электродәнекерлеуші. Осы жерден бала-шағамызды асырап отырмыз. Жалақымыз уақытылы.

Жылына бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 90 мың АҚШ долларына жетеді. Бұл ел өнеркәсіптерінің орташа көрсеткіштерінен 5 есе жоғары. Қазір мемлекет әрбір кәсіпкердің бизнесіне мейлінше көмек береді.

Тірлігін тіктеп, еңсесін көтеруге қолайлы жағдай жасап отыр. Оған қоса, өндіріс орнының өркендеуіне индустриялық бағдарламаның да берері көп.

Александр Папп, кәсіпорын басшысының орынбасары:

Біз қазір инновациялық технологияға баса мән беріп отырмыз. Соның ішінде автоматты бояу бүркіп, шашатын қондырғы алдық. Енді, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта дәнекерлеуші роботтарды сатып алсақ, дейміз. Себебі, жаңа техника жұмысымызды жеңілдетеді.

Бүгінде кәсіпорын өнімдерін елімізден басқа, Ресей, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасына экспорттап отыр. Олар шығарған қондырғылар бірқатар аймақтағы субұрқақтар мен өрт сөндіру қызметі және бассейндерде кеңінен қолданылады. Сондықтан, өнеркәсіп толық қуатында әрі тұрақты жұмыс істеп тұр.

Алмат ӘБДІРАМАН
Бөлісу