Н.Назарбаев: Қазақстан мен Түркия – саясатта стратегиялық серіктес, экономикада белсенді әріптес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев: Қазақстан мен Түркия – саясатта стратегиялық серіктес, экономикада белсенді әріптес

07.02.2016
Н.Назарбаев: Қазақстан мен Түркия – саясатта стратегиялық серіктес, экономикада белсенді әріптес
Түбі бір туыс елдің үкімет басшысы К.Мәсімовпен де кездесіп, Түркі Академиясында болды.

«Қазақстан – сен жақсы, сен жаман деп Мәскеуге де, Анкараға да айтпайды. Бірің дос, бірің туыс». Бұл біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Сирия жанжалына екіжақтан килігіп, өзара кикілжіңге ұрынған Ресей мен Түрік арасы әлі ушығып тұр. Ал, Астанаға түрік Премьер-Министрі Ахмет Давутоғлы келді.

«Мен өзімді қосқанда 78 миллион 600 мың қазақтың сәлемін ала келіп отырмын», деп, жымиды түрік үкіметінің басшысы. Негізі түркі баласы қазақ жерін ата жұрт, кіндік мекен санайды. Ахмет Давутоғлы соны меңзеп отыр.

Ал, түрік қазір әлемдегі 17-ші экономика, Еуропада 6-шы тұрған мықты жұрт. Сол мықты жұрттың лауазымды өкілі Қазақ елін азаттықтың 25-ші жылының басталуымен құттықтап, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін Президентке алғыс айтты.

Ахмет Давутоғлы биыл Қазақстанға келген жоғары лауазымды ресми тұлғалардың алғашқысы. Мәртебелі мейманды Қазақ Президенті зор ілтипатпен қарсы алды. Себебі, екі елдің түбі – бір, тілі – ұқсас, діні – ортақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Егемендігіміздің алғашқы күндерінен біз бауырлас халықтарымыздың жақындаса түсуіне бар күш-жігерімізді салып келеміз.

Осы жылдарда Сіздің елдің басшылығымен тығыз жұмыс жүргізе отырып, біз бір кездерде ұзақ уақыт бойы үзіліп қалған Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты қайта қалпына келтірдік.

Мен Түркі кеңесінің құрылуына бастамашы болдым. Бүгінде Астанада Халықаралық түркі академиясы жұмыс істейді, онда ғалымдар біздің елдерімізге ортақ мәдениет пен тарихты зерттеуде.


Қазақстан мен Түркия – саясатта стратегиялық серіктес, экономикада да белсенді әріптес. Екі ел арасында орнаған берік байланыс ешқашан үзілмек емес. Сондықтан, Түркия төңірегіндегі шиеленіскен геосаяси жағдай Қазақ еліне де әсер етеді,-деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жағдайдан шығу жолдарын іздестіру қажет. Болып жатқан жайттардың көптеген себептері әлі де айқындалмай отыр. Сирия мен Ирактағы қақтығыстар мұсылмандар арасында бірліктің жоқ екенін көрсетті.

Біз сунниттер мен шииттер арасында болуы мүмкін, деп Батыс бұдан ілгеріректе болжаған кезеңге таяп келдік. Түркия мен Ресей арасындағы ахуалдың қиын болуы кімге пайдалы?

Ол Түркияға, Ресейге де керек емес. Ол біз үшін де қиын мәселе. Түркия біздің бауырымыз. Ресей 100 жыл бірге келе жатқан ең үлкен көршіміз. Қазақстан екі жақты да бірдей жақсы көріп, ешқайсысына сен жақсысың, сен жамансың деп айта алмайды.


Ахмет Давутоғлы Қазақстанға ат шалдырған сайын өз Отанына келгендей әсер алатынын айтты. Қазақ елінің 25 жылдық мерейтойын тойлау біз үшін де үлкен мәртебе, Қазақстанның әр жетістігі – біздің жетістігіміз,-деді.

Ахмет Давутоғлы, Түркия Республикасының Премьер-Министрі:
Сіз Тұрғыт Өзалмен ең алғаш рет кездескенде Түркияда қанша қазақ бар деп сұраған екенсіз. Сол кезде Өзал: «мені қосқанда Түркияда 70 миллион қазақ бар», деген екен.

Біз жақында ғана халық санағын жүргіздік. Қазір мен өзімді қосқанда 78 миллион 600 мың қазақтың сәлемін арқалап келіп отырмын. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді.

Көлік, энергетика және өзге де салаларда бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда байланыстарымыз да нығаюда. Егер Түркия – Еуропаға ашылған есік болса, Қазақстан – Түркия үшін Еуразия кеңістігіне апаратын жол.


Ахмет Давутоғлы Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақ басшысына алғыс айтты. Қазір, Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 1,6 миллиард долларға жеткен. Елімізде 1800 түрік компаниясы жұмыс істейді. Бауырлас екі ел бүгінде экономика, туризм, инвестиция салаларындағы байланысты күшейтуге ниетті.

Ақордадан кейін Түркия Премьері Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовпен кездесті. Екі елдің үкімет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың бүгінгі жай-күйін талқылады.

Халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, көлік логистикасы, мәдени-гуманитарлық, инвестициялық байланыстар арта бермек.

Ахмет Давутоғлы, Түрік Республикасының Премьер-Министрі:

Саясатты, экономиканы өзгертуге болады, бірақ тарих пен географияны өзгертуге болмайды. Бізді байланыстыратын ортақ ерекшелігіміз де осы. Қазақстан Еуразия жерінде 25 жыл емес, 25 ғасыр мәңгі ел болып қала бермек.

Біз тарихы терең, талай елдің экономикалық жағдайын көтерген Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып, осы жолды саяси, экономикалық және ынтымақтастық үшін пайдалануымыз керек.

Қытайдан Орталық Азия, әрине Қазақстан арқылы Әзірбайжан, Түркия, ары қарай Еуропаға өтетін ортақ дәліз ашуымыз керек. Осы Жібек жолы арқылы дамытуымыз керек, бұл бейбітшілік жобасы болады.


Түркия Премьер-Министрі Ахмет Давутоғлы Астанадағы Түркі Академиясына барып зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Түркі жұртының ең жоғарғы ғылыми интеллигенциясы бас қосқан жиында біраз мәселе көтерілді.

Қазір жаһанда болып жатқан түрлі жағдайлар Түркі әлеміне оңай соғып тұрған жоқ. Тамыры бір туыс елдер осындай қысылтаяң кезде тек бірлік пен ынтымақты күшейте берсе ғана биікке шығатындарын бекемдеді.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙ
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу