Орталық сайлау комиссиясы партиялардың тізімдерін тіркеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық сайлау комиссиясы партиялардың тізімдерін тіркеді

07.02.2016
Орталық сайлау комиссиясы партиялардың тізімдерін тіркеді
Сондай-ақ, үміткерлердің үгіт насихатына бөлінетін қаржыны жария етті.

Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау бойынша тиісті жұмыстар күнтізбелік жоспарға сай өтіп жатыр. Осы аптада мәслихат депутаттығына өз кандидатурасын ұсынған азматтардың белсенділігі байқалды.

Әзірге мыңнан аса үміткер құжаттарын сайлау комиссияларына тапсырды. Сайлаушылар тізімі де ыңғайланып қалды, санына келсек бұрынғыдан көп. Ал тізім бойынша саяси додаға түсетін партиялардың алды тіркеуден өтті.

Олар: «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Ауыл». Енді бұл партиялар сайлауалды үгіт-насихатқа әзірленіп, сайлау қорын құрып, ел араламақ.
Орталық сайлау комиссиясындағы жұмыс күннен-күнге қыза түсуде. Әсіресе, баспасөз орталығындағы жұмыс тіптен қарқын ала бастады.

Сайлауалды жұмыстардың есебі туралы брифингтер, тізімін құшақтап келіп жатқан партия өкілдері және елдің барлық аймағына, шетелдерге ақпарат таратып жатқан әріптестеріміз үнемі осында. Тіпті, демалыс күндері де бұл орталықтың жұмысы тоқтаған жоқ.

Ал, құжатын ерте келіп тапсырғандар, сайлауға қатысу куәлігіне де ерте ие болды. Осы аптада Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін тіркеді. Кандидаттар тізімін қаңтардың отызы күні ұсынған болатын. Содан бері олардың құжаты және декларациялық есебі тексерілді. Оның қорытындысына сәйкес, ұсынылған барлық 127 кандидат тіркелді.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» партиясының Мәжіліске ұсынған үміткерлерінің тізімін бекітті. Ендігі жерде осы жақын күндері сенімді өкілдерге тізімді ұсынатын боламыз тіркеу үшін.

Бүгінгі тіркеу ендігі жерде бізге сол сайлау қорын ашуға арнайы есепшот ашуға мүмкіндік береді. Жалпы бүгінгі таңда осы сайлау науқанына байланысты «Нұр Отан» партиясының арнайы бекітілген жұмыс жоспары осы Орталық сайлау комиссиясы кестесіне сәйкес уақытылы толыққанды атқарылып келе жатыр.


Ал, «Ақ жол» партиясы осы аптада съезін өткізіп, құжаттары сол күні Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды. Кандидаттар қатарында кәсіпкерлер, ірі өнеркәсіптің басшылары, банк қызметінің өкілдері және басқа да әлеуметтік саланың мамандары бар.

Құзырлы органдар әрбір азаматтың құжатын тексерді, бұдан басқа әрбір азаматтың және отбасы мүшелерінің қаржы есептері бойынша тапсырған декларациясынан да заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Нәтижесінде «Ақ жол» партиясының барлық кандидаты тіркеуге алынды.

Азат Перуашев, «Ақ жол» ҚДП төрағасы:

«Ақ жол» демократиялық партиясы тіркеуден өтті, Орталық сайлау комиссиясында. Енді біз сайлауалды жұмысын өткізуге дайынбыз. Сайлауалды қорын құру, тіркеу туралы арызымызды тастап кетеміз. Ал дүйсенбіден бастап сол қордың жұмысына кірісеміз.

«Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы да кандидаттар тізімін Орталық сайлау комиссиясына осы аптада тапсырды. Саяси ұйым хатшысы Бөрібай Жексенбиннің айтуынша, партиялық тізімге 19 адам енген. Олардың ішінде 8 үміткердің ғылыми дәрежесі бар: 5-і ғылым докторы, 3-і ғылым кандидаты.

Сонымен қатар, үміткерлер қатарында өңірлік тәжірибеге ие, өндірісте жұмыс істеген, бизнесте еңбек жолын жалғастырған, аудан, ауыл әкімдіктерінде қызмет атқарған азаматтар бар.

Апта соңында Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» партиясына жағымды жаңалықты жеткізді. Партияның ұсынған барлық кандидаты сайлауға қатысуға мүмкіндік алды.

«Сайлау туралы» заңға сәйкес, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның және кандидаттардың, олардың жұбайларының табысы мен мүлкі туралы декларацияларында еш мін жоқ.

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:

Әрбір саяси партия үшін сайлауалды жұмыстарының бастауы алдында Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркеуі өте маңызды белес деп есептейміз. Себебі, осыдан кейін негізгі жұмыстар басталады. Біз осы сәтті асыға күттік.

«Бірлік» партиясы да Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің тізімін тапсырды. Енді олардың құжаты толық тексеруден өткеннен кейін тіркеуге алынады. Құжатын тапсырған үміткерлердің біреуі – әйел. Ал олардың орташа жасы – 59.

Үміткерлер - Астана қаласы, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда облыстары атынан ұсынылған. Барлығы жоғары білімді азаматтар. Байқасаңыз, бұл партия сайлауға қатысуға ұсыныс білдіргендердің арасында кандидаттар саны ең аз саяси ұйым.

Мұрат Қожамқұл, «Бірлік» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы:
Біздің партиямызда 8 адам. Неге аз дейді? Аз болатын себебі бірінші кезекте үміткерлердің сапалық құрамына мән бердік. Біздің ұсынған үміткерлеріміздің арасында философ, экономист, эколог, бұрын мемлекеттік қызметте істеген азаматтар бар, заңгерлер бар, журналистер бар. Осы азаматтардың әрқайсысы он адамға татиды деп ойлаймын.

Бұдан басқа аймақтарда мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсынған үміткерлер де белсенділік танытуда. Ал республика көлемінде сайлау комиссиялары сайлаушылардың тізімін алып жатыр. Биылғы сайлауда олардың саны біршама көбейеді деп, болжануда.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу