«Ауыл», «ҚКХП», «Ақжол», «Бірлік» партиялары сайлауға қатысатын үміткерлерінің тізімін бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауыл», «ҚКХП», «Ақжол», «Бірлік» партиялары сайлауға қатысатын үміткерлерінің тізімін бекітті

07.02.2016
«Ауыл», «ҚКХП», «Ақжол», «Бірлік» партиялары сайлауға қатысатын үміткерлерінің тізімін бекітті
Сайлау жақындаған сайын елімізде саяси науқанға дайындық ширап келеді.

Сайлау жақындаған сайын елімізде саяси науқанға дайындық ширап келеді. Әсіресе, саяси партиялар белсенді. Осы аптада бір емес, бірнеше партия кезек-кезек кезектен тыс съезд өткізіп, тұғырнамаларын бекітті, үміткерлерін жария етті.

«Ауылды» ауыл жайы, «коммунистік халық» партиясын батыстың бейәдеп ғұрпы, «Ақжол» өкілдерінің кәсіпкерлер жайы, «Бірлікті» ынтымақ мәселелері мазалайды екен.

«Ауыл» партиясының он жылдан астам тарихы бар болса да, құрамының жаңарып, ұранының өзгергеніне көп бола қойған жоқ. Былтыр күзде «Ауылға» патриоттар келіп, халықтық-демократиялық деген анықтауышты аттарына жалғап, екі партия бір саяси күшке айналған.

Содан бері яғни, жаңарғалы «Ауыл» партиясы жаңа жасақпен екінші рет, ал жалпы «ауылдықтар» ретінде 12-ші рет бас қосып, құрылтай шақырды. Жиынның мақсаты біреу. Алтын бесік «Ауыл дәстүрін жалғастырамыз» деп сайлауалды бағдарламасын баян еткен партия алдағы саяси аламанға 19 үміткерді үкілеп қоспақ.

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:

«Ауыл» партиясының депутаттары арқылы мәселелердің шешіміне атсалысатын боламыз. Ол Парламенттегі заң шығарушы органдағы қабылданатын шешімдерге көп нәрсе байланысты.

Біздің заңдар қалай қабылданады? Ауыл шаруашылығын қолдау түріндегі заңнамалық актілер қалай қабылданады? Соның барлығына өңір, жалпы жалпы ауылшаруашылықтары, жалпы өндіріс байланысты.


Кезінде бір күш болып, кейін екіге жарылған коммунистердің халықтық қанаты партияның кезектен тыс 10-шы съезін өткізді. Осыдан бес жыл бұрын өткен сайлауда 7 пайыздық межені бағындырған олардың биылғы додадан да дәмесі зор. Құрылтайда Еуропаға еліктеушілікпен күресеміз, деп ұрандаған коммунистік-халық партиясы тізімге 22 белсендісін кіргізді.

Тұрғын Сыздықов, ҚКХП Орталық бюросының хатшысы:
Біздің партиямыз бірінші рет сайлауға қатысып отырған жоқ. Сіздер білетін шығарсыздар, біз үш рет Президент сайлауына қатыстық. Міне 6-шы рет Парламент сайлауына қатысайын деп отырмыз. Сондықтан, біраз тәжірибеміз бар.

«Ақжол» партиясы да алдағы Мәжіліс сайлауына ұсынылатын үміткерлердің тізімін бекітті. Съезд делегаттары мақұлдаған тізімге 35 үміткер кірді. Олардың сайлауалды бағдарламасы «Ақ жол, еңбектенер кез келдi» деп аталады.

10 бөлiмнен тұратын бағдарлама бизнестi қорғауды, нарықтық реформалар жүргізуді, бiлiм мен денсаулық сақтау саласын дамытуды, тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсiптiк кешені мен рухани-мәдени сала, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту секілді басымдықтарды қамтыған.

Азат Перуашев, «Ақ Жол» ҚДП төрағасы:
Қазіргі таңда біздің ең бірінші мақсатымыз – бұл өзіміздің Парламенттегі қатысуымызды қайтадан дәлелдеу. Яғни, өткен сайлауда бізге сайлаушылар көрсеткен сенімді қайтадан көрсету, ақтау. Реалистикалық көзбен қарағанда, осыған дейінгі деңгейімізді қайтадан қайталасақ, яғни, 8-9 орынды алсақ, біз үшін жеңіс деуге болады.

«Бірліктің» дүниеге қалай келгенін екінің бірі біле бермеуі де мүмкін. Осыдан 3 жыл құрылған партия - «Әділет» пен «Руханияттың» басын қосқан. 50 мыңнан астам мүшесі бар партия алдағы сайлауға 8 кандидат ұсынып отыр.

Бірлікті ту еткен партия Президент ұсынған 5 институттық реформаны қолдап, жаһандық дағдарысты еңсеру үшін жұмыла еңбек етуге үндейді. Әрі экология, әлеуметтік мәселелер мен руханияттың жаңғыруына да жаңаша мән беруді көздейді.

Серік Сұлтанғали, «Бірлік» партиясының төрағасы:

Тек қана таза ауа мен таз су емес, жалпы ғарышқа ұшып жатқан нәрселер, осы уақытқа дейін атом бомбаларына сынақ жасалды. Оның барлығы мына жерімізге, ертеңгі күні өсіп келе жатқан балаларымызға не болады деген ой ғой. Сондықтан бұл мәселе дүниежүзінде үлкен деңгейде қаралып жатыр. Оған біз де қатысамыз.

Айтпақшы, «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» дегенді партияның негізгі ұстанымы еткен «бірліктіктер» барлық қазақстандықтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу