Ақтөбеде сүт өнімдерін шығаратын зауыт қарқынды жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде сүт өнімдерін шығаратын зауыт қарқынды жұмыс істеп тұр

31.01.2016
Ақтөбеде сүт өнімдерін шығаратын зауыт қарқынды жұмыс істеп тұр
Мұнда өндірілетін 40-қа жуық өнім түріне сұраныс өте көп.

Мықты елдер көп дүниені өздері жасап, өздері тұтынып, өзгеге де сатады. Бұл ел болам деген жұрт үшін басты қағидат. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі 5 реформасындағы 3-ші бағыттың мәні осында. Оны қалай жүзеге асырамыз деген негізгі тетіктер 100 қадамда нақты-нақты көрсетілген.

Қазақстанда жасалған өнім, әзір аста-төк демесек те бар. Уақыт озған сайын шым-шымдап көбейіп келеді. Біздің нарықта әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері молынан.

Мысалы, Ақтөбедегі «Айс» серіктестігі бір тәулікте 35 тонна өнім шығарып, аймақ халқының денін сүт және сүт өнімдерімен қамтып отыр. Енді 1 миллиард теңге жұмсап, кәсіпорынды жаңартып, жаңғыртуды қолға алған. 70 түрлі өнім шығарады.

Ақтөбедегі тағы бір ірі кәсіпорын – рельс-арқалықтарыншығаратын зауыт - индустрияландыру бағдарламасы арқылы жүзеге асқан жемісті жобалардің бірі. ТМД төңірегінде тең келер бақталасы жоқ кәсіпорынның қуаты жылма-жыл артып келеді, дейді есепші мамандар.

«Айс» серіктестігі бүгінде аймақтағы азық-түлік өнімін әзірлейтін ең ірі кәсіпорын. Мемлекет қолдауының арқасында жаңа құрылғыларға қол жеткізіп, өндіріске тың технологиялық желілер енгізілді. Еуропалық қондырғылардың іске қосылуы жұмыс сапасымен бірге өнімнің табиғи құнарын сақтауға да әсер етіп отыр.

Қуантай Әбішев, бас инженер:

Біздің жұмысшылардың саны қысқартылған жоқ. Шығарылатын өнім көлемі де сол күйі қалды. Жұмысшылардың айлығы уақытында төленеді. Біздің зауытта тек өзіміздің сүттен, табиғи сүттен өнім шығарамыз, ешқандай қоспа, ештеңе қосылмайды.

Серіктестікте 236 адам жұмыс істейді. Гүлайым Дерманова – қарапайым маман. Сүт өңдеу қондырғысына жауапты жұмысшы кәсіпорынға келген табиғи шикі сүттен айран ұйтып, йогурт пен қаймақ айыруды мықтап меңгерген.

Гүлайым Дерманова, сүт өңдеу қондырғысының маманы:
Біздің міндетіміз дайын болған өнімдерді, мысалы айран, варенец, снежоктарды қаптауға жібереміз. Тазартылған түтіктер арқылы. Табиғи өзіміздің өнім, таза сүттел дайындалған. Өзіміздің қабылданған өнім таза. «Айстан» шыққан өнімдерді алатын адамдар да мақтайды ғой.

Ал, дайын өнімнің құтыларға талапқа сай құйылуына операторлар жауапты. Тимур Сейітбаев – солардың бірі. Ол өндірісте қателікке жол бермеудің маңызды екенін айтады.

Тимур Сейітбаев, оператор:

Жан-жақтан, облыстардан тапсырыс болады. Сол тапсырысты орындаймыз. Ақтөбе қаласына өнім шығарамыз. Өнімдеріміз жыл сайын ұлғайып келеді. Жақсарып келеді. Аппаратымызда сапаға міндетті түрде ұқыпты қараймыз. Ауысымда 12 адам жұмыс істейді. Мына қазіргі дағдарыстарға қарамастан, жұмысымыз уақытында, жақсы жүріп жатыр, айлық та уақытында.

Серіктестік өткен жылы бірнеше жаңа жобаны іске асырды. Нәтижесінде, сапа жақсарып, өнім көлемі ұлғайды. Мүнда бөтелке мен картон қаптамадағы сүт пен айранның 50-ге жуық түрі шығады. Екі цехтан тәулігіне 30 тонна өнім дайындалып, саудаға жөнелтіледі.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл цехтың өзінен тәулігіне 25 тонна өнім шығарылады. Сапасы мамандардың жіті бақылауында. Мәселен, мына жерде құтыға құйылған айран, йогурт немесе қаймақтың таза салмағы өлшенеді. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, әзірге барлығы дұрыс.

Еліміздің батысы мен Астана қаласын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның қуаты келешекте тағы арта түспек. Ол үшін кәсіпкерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несие берілген.

Бұл қаржыға соңғы үлгідегі техника сатып алынды. Германиядан жеткізілген қондырғы тәулігіне 50 тонна сүт өңдей алады.

Владимир Ракзин, «Трубатек» компаниясының өкілі (Германия):
Қазір құрылыс-монтаж жұмысы аяқталды деуге болады. Қондырғыны іске қосу үшін соңғы дайындық жүруде. Біз бұған дейін де бірнеше елде жұмыс істегенбіз. Сондықтан, бұл кәсіпорынның да табысты жұмыс істей беретініне сенімдіміз. Ең бастысы, дайындалатын өнім еуропалық стандарттарға толық жауап беретін болады.

Жаңа қондырғының іске қосылуымен шығарылатын өнім түрлері көбейді. Тауарды өткізу нарығы да кеңейіп келеді. Алдағы уақытта Ақтөбеден шығатын тәтті айран, қаймақ пен йогурттың түр-түрі оңтүстік өңірлерге де жеткізілмек. Сондай-ақ, көрші Ресейде де қазақстандық өнімге сұраныс көп.

Қуантай Әбішев, бас инженер:

Қазіргі медицина саласы мамандарының мәліметтеріне қарағанда, қазірдің сәбилердің 99 проценті йод жетіспеушілік білінеді. Сондықтан, айранды, йод қосылған айранды, йогуртты шығару да ойда бар. Бұрын пирфакта жабын болмайтын еді, қазір жабынмен шығып жатыр. Қазір ол ыңғайлы, ашып, жауып алып жүруге, ішіп, қайта сақтап қоюға.

«Индустрияландыру» бағдарламасына енген кәсіпорынның өз фермасы бар. Мәртөк ауданында орналасқан шаруашылықта Германия мен Венгрия елдерінен әкелінген голштин-фриз тұқымды 1000-нан аса сауын сиыр бар. Фермада 120-ға жуық адам еңбек етеді. Оның 70 пайызы шаруашылық орын тепкен Саржансай ауылының тұрғындары.

Облыстағы ілкімді жобаның бірі – «Рельс-арқалық зауыты». Жобаның құны 412 миллион доллар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған нысанның құрылысы 2013-ші жылдың сәуір айында басталған. Ал, алғашқы өнім өткен жылдың қазан айында шығарылды. Зауыт құрылысына әлемге әйгілі шетелдік компаниялар да қатысты.

Джузеппе Феррарио, «Siemens S.P.A» компаниясының басшысы:

Бұл жобаға қатысқанымызға қуаныштымыз. Зауыт ең соңғы технологиямен жабдықталып отыр. Бұл барлық талапқа жауап беретін, сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұндай кәсіпорын әлемде санаулы ғана.

Бұл жерде жоғары жылдамдықтағы магистральдарға арналған 120 метрлік рельстер құйылады. Өнім кез келген температураға төзімділігімен ерекшеленеді. Одан бөлек 50, 65 метрлік стандартты рельстер шығару жоспары да бар. Дайын өнімді отандық нарықтан бөлек, экспортқа шығру жоспарланған.

Ғабидулла Нағметов, зауыт инженері:

Зауыттың қуаттылығы жылына - 430 000 тонна. 200 тонна рельс пен 200 тоннадан астам пішінді илек шығарады. Қазіргі күні іске қосу жұмыстары жалғасуда. 800-дей жуық адам жұмыс істейді.

Зауыт құрылысына екі мың адам қатысты. Мен сияқты жас маманға мұндай кәсіпорында жұмыс жасау өте жауапты іс. Өйткені, біздің кәсіпорын ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып отыр деп санаймын.


Қазақстанда теміржол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан, бұл кәсіпорын біздің ел үшін өте қажет. Алып зауыт толық қуатына шыққан кезде үш ауысымда үзіліссіз жұмыс істейді.

Жылына 100 миллиард теңгенің өнімін шығару жоспары бар. Әрі 760 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Өңірдегі осындай ілкімді жобалардың ел экономикасының ілгерілеуіне қосар үлесі зор.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу