ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына 1 мыңға жуық байқаушы келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына 1 мыңға жуық байқаушы келеді

31.01.2016
ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына 1 мыңға жуық байқаушы келеді
Бүгінде 18 елдің байқаушыларына және 18 халықаралық ұйымға шақырту жіберілді.

Осы аптада Орталық сайлау комиссиясы шетелдік байқаушылар және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерінің қызметі туралы арнайы қаулы қабылдады. Оған сәйкес, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің тіркеуінен өткен шетелдік байқаушылар Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығында және сайлау учаскелерінде жұмыс істей алады.

Егер олар қасына аудармашы ертіп келсе, олардан жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі. Бұдан басқа осы аптада сайлау ережесі туралы әдістемелік ақпараттар жарияланды. Арнайы плакаттар халық көп жүретін вокзал, әуежай, базар, көлік құралдары және тағы да басқа жерлерге ілінеді.

Сайлауды әдістемелік қамтамасыз ету бойынша сайлаушыларға арналған үндеу 62 мыңнан астам данамен еліміздің барлық өңірлеріне таратылды. Сонымен қоса, барлық өңірде сайлау учаскелерінің шекаралары анықталып, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы бекіді.

Біздің елге шетелдік байқаушыларды тек екі лауазымды тұлға ғана шақыра алады. Олар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен Сыртқы істер министрі. Осы күні 18 елдің байқаушыларына және 18 халықаралық ұйымға шақырту жіберілді. Ол ұйымдардың құрамында 112 ел бар екенін ескерсек, алдағы сайлауға мыңға жуық байқаушылар келеді.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Барлық ТМД елдеріне және Үндістан, Латвия, Литва және Малайзияға шақырту жібердік. Неге бұл елдер? Өйткені, олардың біразымен бізде Ынтымақтастық және әріптестік туралы келісім бар. Бұдан басқа біз мүшелік ететін халықаралық ұйымдардың да өкілдерін шақыратын боламыз.


Осы аптадан бастап сайлауды әдістемелік қамтамасыз ету бойынша сайлаушыларға арналған үндеу 62 мыңнан астам данамен еліміздің барлық өңірлеріне таратылды.

Бұдан басқа Орталық сайлау комиссиясы 8 ақпараттық плакат, 14 әдістемелік жадынама, жинақтар және басқа да ақпараттық баспа өнімдерін әзірлеген. Оның басты мақсаты - тұрғындарды сайлау ережелерімен және дауыс беру тәртібімен таныстыру.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Егер азамат сайлау болатын күні басқа елді мекенде болатынын білсе, онда 18 ақпаннан кешіктірмей, уақытша болатын жеріндегі әкімдікке тізімге қосу туралы өтініш бересіз. Сосын сол жерде дауыс беруге құқығыңыз бар.

Егер төрті мен он тоғызыншы наурыз аралығында сайлаушы өзінің елді мекенінен тысқары жерге кететін болса, онда өзінің тіркелген жерінен есептен шығару куәлігін алып, Қазақстанның кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере алады.


Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардың тізімі бойынша арнайы жұмыс тобын құрады. Әзірге кандидаттардың тізімін осы аптада өз съезін өткізген «Нұр Отан» партиясы ғана жеткізді.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Қазіргі уақытта біздің алдымызда тұрған ең басты тапсырма - саяси партиялардың тізімін алу. Әзірге біз партиялардың съезд өткізгенін күтіп отырмыз. Бұл енді үлкен жұмыс.

Сол себепті саяси партиялармен жұмыс істеу үшін арнайы жұмыс тобын құрамыз. Бұл жерде көп нәрсе бізге байланысты емес. Өйткені, мемлекеттік органдардың заңға сәйкес тексеру нәтижесін күтеміз.


Ал партиялық тізім бойынша өз кандидатурасын ұсынатын азаматтар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жағдай бойынша декларация тапсырады. Қаржы, мүлік көлемі бойынша шектеу жоқ.

Тек берген есептерінен қателік табылса сайлауға қатысу құқығынан айырылады. Бұдан басқа сайлауға қатысты ақпараттандыру жұмыстары да жоспарға сай жүріп жатыр. Қажетті заңдар мен құқықтық ережелер дайындалып, өңірдегі барлық сайлау учаскелеріне таратылды.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Сонымен қатар, мынау көрнекі ақпарат ретінде 757 билборд орналастыру жөнінде өзіміздің шешіміз шыққан болатын. Бірінші кезегін Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында орналастырып болып қалдық.

Орталық сайлау комиссиясы тұрғындардың арыз-шағымдарын да қабылдайды. Әзірге тікелей сайлауға қатысты ешқандай шағым түскен жоқ. Көбісі әлеуметтік, тұрмыстық қиыншылықтарды қамтиды. Бұл барлық электоральды науқанда орын алатын әдеттегі құбылыс.

Келесі мәселе сайлау болатын күні барлық ережелердің сақталуы. Ол үшін Орталық сайлау комиссиясы барлық сайлау учаскелеріне арнайы тақта орнатады.

Владимир Фоос, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Сайлаушылар сайлау учаскесінде заңбұзушылықтарды байқаса прокурорға, сотқа және тағы да басқа құзырлы органдарға хабарлай алады. Олардың байланыс нөмірлерін әрбір сайлау учаскесінің қабырғасына іліп қоямыз.

Жалпы алдағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау бойынша қажетті ресурс бар. Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысын бекітілген күнтізбелік жоспарға сай атқаруда.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу