Басты Жаңалықтар Мәжіліс құрамы өткен сессияларда елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына көп ықпал етті

Мәжіліс құрамы өткен сессияларда елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына көп ықпал етті

Мәжіліс құрамы өткен сессияларда елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына көп ықпал етті
Тиісті заңдарға қажетті нормаларды енгізуге тырысты.

Жаһанда 64 мемлекеттің Парламентінде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады. Халықаралық тәжірибеде Парламентті партиялық квота, электоралдық квота және резервтік квота бойынша жасақтау қалыптасқан.

Біздегі Парламентте электоралдық квота жүйесі бәсең. Керісінше, партиялық және резервтік квота басым. Резервтік квота жоғарғы палатаға тән болса, Парламенттің төменгі палатасы бізде осыдан бес жыл бұрын тұңғыш рет партиялық тізіммен сайланды. Және сайлаудың бұл тәсілі өзінің дұрыстығын дәлелдеді деуге болады.

Өйткені, сапалы заңдар қабылдана бастады. Әрі Мәжілістің осы құрамы ел дамуының 2050 стратегиясын, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруды заңдық тұрғыдан қамту бағытында жүйелі жұмыс істеді.

Парламент Мәжілісінің 5-ші шақырылымы жұмысын 2012-ші жылы 20 қаңтарда бастады. Қазақстан тарихында алғаш рет көппартиялы Парламент осы шақырылымда сайланды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа сайланған депутаттарға жүктелетін жүктің ауыр болатынын сол кезде ескертіп, зор табыс тілеген еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті Парламент депутаттары, Конститутцияның 59 бабына сәйкес, ҚР Парламентінің 5-ші шақырылымының 1-сессиясын ашық деп жариялаймын. Бүгін айрықша маңызды күн.

Еліміздегі Жоғарғы заң шығарушы орган жаңаша жасақталды. Тәуелсіздік тарихындағы бетбұрыс белес болды. Мен ел сеніміне ие болған депутаттарды құттықтаймын, зор табыс тілеймін.


Өткен сессияларда үш партия мен Ассамблеядан сайланған депутаттар мүмкіндігінше елдің әлеуметтік-экономикалық саласындағы проблемалардың басын ашып айтты, мәселе көтерді. Тиісті заңдарға қажетті нормаларды енгізуге тырысты.

Шақырылымның алғашқы сессиясында-ақ Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов елдегі демографиялық ахуалдың нашарлап кеткенін Үкіметке сауал қылып жолдады.

Өйткені, халық санын көбейту үшін бала туған анаға берілетін біржолғы жәрдемақы өте аз. Шамамен 80 мың теңге. Ал, Сингапурде – 749 700 теңге, Беларусьта - 229 500 теңге, Ресейде – 459 000 теңге, Украинада – 535 500 теңге төленеді. Оның үстіне бұл тек бірінші балаға төленетін жәрдемақы.

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ресми деректерге сәйкес, елдегі халық саны 1990-шы жылы 16,2 миллион адам. Ал 2013-ші жылдың басында 16,9 миллион адам болған. Яғни, 20 жыл ішінде тек 4,2 пайызға өскен немесе ешқандай өзгеріс жоқ деуге де болады.

Ал дәл осы уақыт аралығында Өзбекстандағы халық саны 20 миллионнан 30 миллионға яғни 46 пайызға өскен. Ал Қырғыз Республикасында халық саны 4,4 миллионнан 5,7 миллионға немесе 30 пайызға өскен.


Білім саласы бойынша да бітпейтін реформаларды осы шақырылымның депутаттары біраз сынға алды. Олардың көптігі соншалық оған ілесіп оқулықтарды басып шығару мүмкін болмай тұр.

Өйткені, биыл пайдаланылған оқулық келесі жылға жарамсыз болып қалады. Тіпті бір облыстан келесі облысқа көшсеңіз де мектеп оқулығын ауыстыруға тура келеді.

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

2012-2013 жылдарға арналған сіз бекіткен 275 оқулықтың тек 30 пайызы ғана 2011-ші жылға тиесілі. Яғни, 90 пайызы жаңа. Бұл дегеніңіз мемлекеттің және ата-аналардың текке шығындалғанын көрсетеді.

Мен бұрын ағам мен апамның кітаптарымен оқи беретінмін. Сұрайын дегенім қайта-қайта оқулық басып шығара беруді қашан тоқтатасыздар?


Балабақша мәселесі. Қазір 500 мыңға жуық бала кезекте тұр. Балабақша ғимараттарын салу қарқыны мәз емес. Сондықтан болар, Аслан Сәрінжіповтің өзі кішкентай қызын министр болғандығының арқасында ғана бақшаға тұрғызғанын айтып ақталғаны бар.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Менің өзімнің үш жарым жаста қызым бар. Біз оның балабақшаға бару кезегін үш жарым жыл күттік. Бірақ, Құдайға шүкір, мені министр етіп тағайындаған соң бұл мәселе шешілді. Қызметімнің бір пайдасы осы болды.

Кәмелетке толмай жүкті болғандар туралы да осы шақырылымның депутаттары шу көтерді. Жыл сайын кәмелетке толмаған жастардың арасында 6 мыңнан астам жүктілік тіркеледі.

Ал, 2012 жылы кәмелетке толмаған жеткіншектер арасында түсік жасатқандар саны 3 мыңға жеткен. Депутаттар бұған соңғы кездері мектеп бағдарламасына қосылған валеология пәнінің әсері бар болуы мүмкін деген күмәндерін жеткізді.

Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Валеология пәнін 10 шақты жыл оқыттыңыздар. Валеология пәні жыныстық қатынастан сақтаудың орнына оған итермелеуге себеп болды. Біз мектептерді, мұғалімдерді аралағанда мұғалімдер «алып тастаңыздаршы», деп жалынды. Біріншіден өте ұят.

Тұрғындардың жері мен үйіне араша түскенде осы депутаттар болатын. Қазір елімізде тұрғындардан жерін немесе саяжай орнын мәжбүрлеп тартып алатын оқиғалар көбейіп кетті.

Соның салдарынан азаматтардың құқығы бұзылуда. Ал төленетін өтемақыға үй орнына үй тұрмақ, ұлтарақтай жерді де ала алмайсыз.

Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Астана, Алматы болсын үй салатын кезде жергілікті жекеменшік бақша ретінде салынған үйлерден алған бағасына компенсациясы сәйкес келмейді. Бүгінгі күнде 1 үйдің құны 3 миллион 300 теңге бола ма екен? Ондайға кім қай жерден өзіне пәтер сатып алады?

Бесінші шақырылым депутаттары қоғам үшін аса маңызды заңдарды уақыт тезіне салып қабылдады. Соның бірі «Алкаголь өнімдерінің айналымын реттеу туралы» заң.

Осы құжат бойынша арақ өнімдерін сатудың жаңа уақыты белгіленді. Нәтижесінде жасырын және заңсыз арақ сатудың жолы кесілді.

Ардақ Теңгебаев, ҚР Қаржы вице-министрі:
Алкоголь өнімін сату уақытын шектеу, күшті өнімдерін сатуға тыйым салу уақытын ұзартуды кешкі сағат 21:00-ден келесі күні сағат 12:00-ге дейін белгілеу ұсынылады. Спирттік өнімдерді сатуға шектеу көптеген елдерде бар.

Қылмыстық Кодекс, Қылмыстық Атқару кодексіне де жаңа түзетулер енгізген осы шақырылымның депутаттары. Сотталғандардың қоғаммен байланысын арттыру үшін және еңбек етіп табыс табулары үшін жеке түрмелер салынады.

Яғни, жеке кәсіпкерлер құрылыс жұмыстарына қатысып, кейін сол жерде өз кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Қазір оның алғашқысы Қарағанды қаласында салынып жатыр.

Оның үстіне көптеген колонияларға теміржол келеді, үлкен ангарлары бар, жалпы барлық инфрақұрылымы дайын деуге болады. Сондықтан, кәсіпкерлермен әріптестік танытуға дайынбыз, дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері.

Мейрам Аюбаев, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:

Қазір көп бизнесмендер оны білмейді. Түрме десе, ала тондарын алып қашады. Ал егерде кіретін болса, ішінде мамандар көп. Қазір келіп істеп жатқандар көп.

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу үшін ашық және бәріне бірдей қолжетімді ақпарат жоқ. Соның салдарынан Білім және ғылым министрлігі балалардың заңсыз сатылуына жол беріп келген.

Осыған орай Мәжіліс депутаты Гүлнәр Ықсанова мекеме атына депутаттық сауал жолдаған. Оның айтуынша, балалардың тізімін сот пен прокуратура органдары ғана көре алады.

Бала асырап алғысы келгендер әуелі осы органдарда тіркелуі керек. Бірақ, айласын асырғандар бұл тізімге енбей-ақ, бала асырап алуға қол жеткізген. Сол себепті ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ақпарат барынша ашық болсын, деп мәлімдеген еді.

Гүлнәр Ықсанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осыған орай ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалардың тізімі түзілген ортақ база құру керек. Ол жерде асырап алуға кезекте тұрған азаматтардың және балалар туралы кез келген ақпарат болуы керек. Ал оның барлығы құзырлы органдардың жіті бақылауында және үнемі тексерісінде болуын сұраймыз.

Бесінші шақырылым депутаттары үшін ең үлкен жұмыс 5-ші сессияға тұспа-тұс келді. Өткен жылдың қыркүйегінде басталған сессия жұмысына «Ұлт жоспары 100 нақты қадамды» заңмен қамтамасыз ету жүктелді.

Мәжіліс депутаттары алты аптада 60-қа жуық заңды мақұлдап, жоғары палатаға жіберді. Жылды осылай қорытындылаған Төменгі палатаға Елбасының өзі алғыс білдірген болатын.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ
Бөлісу