Жаңа жылда әлеуметтік сала мен бюджеттік қызметкерлердің жалақылары артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жылда әлеуметтік сала мен бюджеттік қызметкерлердің жалақылары артты

10.01.2016
Жаңа жылда әлеуметтік сала мен бюджеттік қызметкерлердің жалақылары артты
Сондай-ақ, «Б» корпусына жататын мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 30 пайызға ұлғайып отыр.

Президент мақаласында әлеуметтік саланы жаңғырту жайы да жан-жақты талданған. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын дамытуға жаңа Еңбек кодексінің ықпалы көп болмақ.

Онда еңбек шартын өзгерту тетіктері оңайлатылған. Еңбек ұжымдарында өзін-өзі басқару жүйесі енгізіліп, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ұжымдық келіссөздері жетілдірілген.

Жалпы білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам ресурсының сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында жаңа стандарттар енгізіліп, оқу үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Тұрғындардың денсаулығын сақтау саласында міндетті медициналық сақтандыру енгізіледі. Медицина мекемелерін басқарудың корпоративтік моделі қалыптасады.

Жалпы алғанда, жаңа әлеуметтік саясаттың аса маңызды тұсы адам әлеуетін дамытуға инвестициялардың біртіндеп өсіп отыруына байланысты болмақ. Ал, Жаңа жылдан бастап елімізде барлық әлеуметтік төлемдер артты.

Нақтырақ айтсақ, ынтымақты зейнетақы 9 пайызға, мүгедектік пен асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы 25 пайызға, дәрігерлердің жалақысы 28 пайызға, мұғалімдердің айлығы 29 пайызға, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға көбейсе, шәкіртақы 25 пайызға көтерілді.

Бұдан бөлек, «Б» корпусына жататын мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 30 пайызға ұлғайып отыр. Осылайша, мемлекет елдегі 2 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік төлемдерін арттырды.

Оған респубикалық бюджеттен биыл 1 триллион 800 миллиард теңге бөлінген. Бұл былтырмен салыстырғанда 248 миллиард теңгеге артық.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу