Алматының іргесіндегі ауылда 40 «Алтын алқалы» батыр ана тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының іргесіндегі ауылда 40 «Алтын алқалы» батыр ана тұрады

20.12.2015
Алматының іргесіндегі ауылда 40 «Алтын алқалы» батыр ана тұрады
Олардың әр қайсысы кем дегенде 8 бала тәрбиелеп отыр.

Алматыдан ептеп қашықтау жатқан Бесмойнақ атты ауыл бар. 200 түтін. Сол 200 түтінде «Алтын алқа» иеленген алпысқа тарта ана бар деген ақпаратқа елең ете қалдық.

Әрине, 1970-1980-ші жылдардағы демографиялық ахуалға көз жүгіртсек, ауыл сипаты үшін сонша елеңдейтіндей көрсеткіш емес. Бірақ, қазіргі түсінік-таным есебінен салсаң, шағын ауылда 60-шақты отбасының көпбалалы атануы қуанарлық кеп.

Бесмойнақ құрамына бес ауыл кіретін Дегерес селолық округіне қарайды екен. Сол селолық округте 126 батыр ана бар. Негізі тұтас Қазақ елінің демографиялық ахуалы жаман емес.

Біз өзі тарихта тепірешті, зұлматты, адам қолынан жасалған зауалды көп көрген жұртпыз. Біз өзі жуаннан жіңішкеріп, жіңішкеден үзілер шақтарды көп өткерген жұртпыз. Біз өзі аштық, жалаңаштық, зорлықты көп көрген жұртпыз. Бірақ, бағымызға орай татар талқан таусылмапты.

Бейбіт отырып бүгін көбеймегенде қашан көбейеміз деген ішкі ойымыз да барын жасыра алмаймыз.

Тұрсын Омарова қолы қалт етсе, отбасылық суреттеріне үңілуді жақсы көреді. Жеті қыз, үш ұл тәрбиелеген батыр ана қалада жүрген жиендері мен немерелеріне, перзенттеріне деген сағынышын осылай басады.

50 жыл бұрын келін болып түскен қара шаңырақты қастерлейтін Тұрсын шешейдің қазіргі ермегі кенже ұлынан тараған құлыншақтары. Өз шешесі шебер, енесі ісмер болғандықтан, іс тігуге әуес.

Інжу, Балауса, Сезім есейгенде осы өнерге бейім болсын деп жанына отырғызып қояды. Көп жыл мал баққан бейнетінің зейнетін көріп отырған ананың аузынан тәубасын тастамайтынын аңғардық.

Тұрсын Омарова, Дегерес ауылының тұрғыны:

Мына елдер дағдарыс дей ме, оның бізге келіп кетететіні жоқ сияқты. Әйтеуір өзімізде бәрі бар болған соң сырттан ештеңе іздемейміз. Зейнетақы мезгілінде келіп тұрады. Аллаға шүкіршілік қыламыз, Алланың бергендеріне шүкір дейміз.

Көңілдері мен пейілдері де туған жерлерінің табиғатындай кіршіксіз жандар ел келешегінің жарқын, ұрпақтарының аман болуын тілейді.
Ал мына жетеу бір әке, бір шешеден тараған жеткіншектер. Біреуі қалада оқуда, біреуі ойында болғандықтан, үйдегі бесеуін ғана көрдік. Ересегі кішілеріне қазақ ертегісін оқып беріп, үй тапсырмасын орындап отырған балақайлардың анасы 33 жаста. Бұл ауылда батыр ана аз емес.

Асқарбек Аташев, Бесмойнақ ауылының тұрғыны:

Мұратжан да, Гүлнұр да батыр аналардан туған. Мұратжанның шешесі, жеңешеміз марқұм он бала көтерген. Сол он баланың бәрі аяқтанып, әртүрлі салада қызметтерін жасап жатыр. Үйіндегі қара шаңыраққа ие болып отырған осы Мұратжан. Сонымен қатар, біздің Гүлнұр да батыр анадан шыққан.


Жеті баланың анасы Гүлнұр қазір үй шаруасынан аз да болса қолы босаған. Өйткені, қыздары нағыз көмекшіге айналды. Ал, әкелері жұмысқа кеткен сәтте малдың жем-суын, шөбін беруді кішкентай балалар өздері-ақ атқарып тастайды.«Күміс» пен «Алтын алқаның» иесі болудың осындай да артықшылықтары бар.

Гүлнұр Әуесханова, көпбалалы ана:

Баланың көптігі жақсы ғой. Ана жерде қызым бар еді, мына жерде ұлым бар еді деп қыдырып жүргенге де жақсы мысалы. Өскенде балаң бағады. Көпбаланы ана деген жақсы ғой. Көп бала болғаннан қорықпау керек.

Дайындық сыныбында оқитын Ілияс сабаққа кетті. Мектебіне аяңдай басып бара жатқан жұдырықтай ғана баланың бойында үлкен жауапкершілік бар сияқты. Ол жақсы баға әкелуі тиіс. Анасын қуанту үшін. Ал ананың шаттығы перзент үшін де құны биік мәртебе.

Мың жарымға жуық тұрғыны бар Бесмойнақ ауылында жақында мемлекеттік бағдарламамен еңселі білім ошағы тұрғызылыпты. Іші жарық, жылы мектепте 33 ұстаз бар.

Сәбитхан Зауырбеков, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің директоры:

Жаңа типтегі мектеп. 272 бала бар. Жылдан-жылға бізде балалар көбейіп келе жатыр. Себебі, сырттан көшіп келген ағайындардың балалары бар. Жас аналардың өзінде кемінде 4-5 баладан бар.

Баланың көбейгеніне қорықпайды ешкім. Өйткені, оқу ордасында бәріне де орын табылады. Жаңа мектептің іргесінде жақсы жөндеуден өткізілген балабақша да тұр.

80 бүлдіршінге шақталған балабақша бұрынғы мектеп ғимараты. Қазір іші балаға толы. Жергілікті ауылдық округ әкімшілігінің бас маманы туу көрсеткішінің де саябырсымағанын айтты.

Ергүл Қозыбева, Дегерес ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

Осы округіміз бойынша 126 «Алтын алқалы» батыр аналарымыз бар. Одан 47 күміс алқалы аналарымыз бар. Одан осы ең көп батыр аналарымыз осы Бесмойнақ ауылында тұрады. Алпыс батыр анамыз бар. 2015 жылы мен «Күміс алқа» мен «Алтын алқаға» 12 құжат қабылдадым.

«Қариясы бар ауыл қазыналы ауыл». Ол рас. Өйткені, ақсақалсыз, ақжаулықсыз ауылды елестету қиын. Бесмойнақтың берекесін асырып отырған қариялар аман болсын, бастысы.

Осы елді мекеннің тумасы Мұхтар Жауаров аналарға құрмет көрсетуді өзіне парыз санапты. Осылайша, батыр аналардың құрметіне биыл ескерткіш тақта орнатты.

Мұхтар Жауаров, Бесмойнақ ауылының тумасы:

Алпыс батыр ананың тақтатасын тұрғыздық. Тақтатас тұрғызуды келешекке деген, жастарға деген, жас аналарға деген болашаққа деген өсиет, нақыл, тәрбие деп білеміз.

Табиғаты ерекше көз тартатын ауылда тамырын тереңге жайып, жаз жайлауға қыс қыстақта жатқан жұртта көпбалалы аналардың болуы да заңды. Ауасы саф елді мекеннің ішінде шана теуіп ойнап жүрген бір топ баланы кезіктірдік. Батыр болмасақ та, екі баланың әкесі екеніміз естен шығып ойынға араластық. Керемет. Біз де бала болдық қой.

Мирас Мұқаш, тілші:

«Балалы үй – базар», «Балалы ауыл – береке» деген рас екен шынымен де. Сабақтарын бітіріп ата-аналарына қолғабыс еткен ауыл балаларының кешкі ермегі осы. Сырғанақ теуіп ойнайды.

Берекесі артып, ырысы тасыған батыр аналар ауылының біз көрген бір күндік тірлігі осы. Ауылдан Алматыны бетке алып бара жатып, іштей ұлы далада осындай ұрпақтар сабақтастығын үзбейтін алтын бесік ауыл көп болса ғой, деп ой түйіп қайттық.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу