Президент елдің барлық аймақ әкімдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент елдің барлық аймақ әкімдерімен кездесті

06.12.2015
Президент елдің барлық аймақ әкімдерімен кездесті
Елбасы кездесу барысында қоғамдық-саяси тұрақтылық, халықтың қажеттілігін ескеруді ерекше тапсырды.

Инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындары әкім жұмысын бағалаудың басты өлшемі болады. Жолдаудан кейін Ақордада барлық облыстың және Алматы мен Астана қаласы әкімдерімен кездескен Президент осылай деп мәлімдеді.

Биыл 22 миллион тонна майлы дақылдар мен астық жиналды. Барша өңірлерде жаңа әлеуметтік нысандар мен 7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жергілікті билік пен Үкіметтің жемісті жұмысы.

Алайда, оған тоқмейілсімеу керек. Қолдағы бар қорларды пайдалана отырып, өңірлердегі тоқтап қалған кәсіпорындарды іске қосып, еңбек өнімділігін арттырған абзал. Мемлекет басшысы сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен автожолдар салуда мемлекет пен жекеменшік серіктесігінің тетігін ұтымды пайдалануды тапсырды.

Әрі Жолдауда айтылған реформаларды жүзеге асыру үшін қажетті заңдардың қабылданғанын алға тартқан Нұсұлтан Назарбаев, ол құжаттардың қағаз жүзінде қалып қоймауын қатаң ескертті. Ол сондай-ақ, биыл қиындықтарға қарамастан, өңірлер экономикасынан күтілетін өсім 2 пайыздан аз болмайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең негізгі мәселе, халықтың риза болатыны — ол жұмыс орны. Шағын несие беріп жатырмыз ғой, «Бизнес-2020» беріп жатырмыз, солардың барлығын ұқсатып, жұмыс істеп жүрген жерге шақырып ал да, «Сен мына микрокредитті ал да жұмысыңды істе», десең ол жұмысын істейді.

Ал, кәсіпкерлер, олардың жағдайы да оңай емес. Халықтың әл-ауқатын олар да қарауы керек. Жұмыс орындарын сақтап қалу үшін, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін не істеу керек, соны бақылауларың керек. Олар да, сендер де бірлесіп жұмыс істесеңдер барлығымыз бұл қиындықтан шығамыз.


Елбасы сонымен қатар, қоғамдық-саяси тұрақтылық, халықтың қажеттілігін ескеруді де ерекше тапсырды. Еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақылардың уақытылы төленуі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мониторинг үнемі басты назарда болуы тиіс.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмысы мен құқық қорғау ісін ойдағыдай қамтамасыз ету де аса маңызды. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығын бюджеттің артық шығынынсыз атап өткен жөн екеніне тоқталды.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу