Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Елордада жаңадан ашылған әскери патриоттық музейдің ашылуына қатысты

Мемлекет басшысы Елордада жаңадан ашылған әскери патриоттық музейдің ашылуына қатысты

Мемлекет басшысы Елордада жаңадан ашылған әскери патриоттық музейдің ашылуына қатысты
Шара барысында Мемлекет басшысы «Арлан» арнайы жасағының қызметімен танысты.

«Бұл зауыт қорғаныс және көлік жасау индустриясының көшбасшысы». Астанада жаңа зауытты ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. «Арлан», «Номад» және «Барыс».

Бұлар «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорнында шығатын доңғалақты броньді машиналардың атаулары. Кез келген сыртқы әсерге төзімді, сауыты қалың әскери техника енді өзімізде шығарылады.

Жоба Оңтүстік Африка Республикасы мен «Қазақстан Инжиниринг» компаниясы арасындағы келісімінің жемісі. Зауыт жылына 120 бронды машина дайындайды. Маман мәселесіне де ерекше мән берілген.

Жас мамандар шетелдерде инженерлік қабілеттерін шыңдап келді. Олар қазір өз өнімдерінің сапалы боларына кепілдік беріп отыр.

Сондай-ақ, Ел Президенті апта басында елімізде тұңғыш рет ашылған әскери-тарихи музейде болды. «Жасұландықтармен» жүздесіп, ел қорғау абыройлы міндет екенін айтты.

Апта соңында Президент «Арыстан» арнайы жасағының тұрақты базасына да барды. Жауынгерлермен жүздесіп, ел қауіпсіздігіне қатысты тақырыптарды талқыға салды.

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауытының өнімі күштік құрылымдардың сенімді серігі. Жаһандық қорғанысқа, бітімгершілік күштер мен ішкі қауіпсіздікке арналған техника енді Астана іргесінде шығарылады.

Бақытжан Шыныбеков, дәнекерлеуші:
Мен өз мамандығымды бойынша жұмыс істеймін. Кепілдік бергеннен кейін осында жұмысқа алды.


Брондалған машиналар 40 градус аязда, 50 градус ыстықта сынақтан өтті. Жол талғамайды. Сапасы мен әскери тапсырманы орындау қабілетінде мін жоқ. Оңтүстік Африка Республикасының «Парамаунт груп» концерні мен «Қазақстан Инжиниринг» кәсіпорыны екеуара жобаға 7 миллиардтан астам доллар құйған.

Мұхаммед Әл-Хабһба, ІІ Абдолла король атындағы жобалау құрастыру бюросының бас директоры:

Біз Иордания тарапынан зауытқа алғашқы тапсырыс беруші ретінде 50 бронды машинаны сатып алу туралы меморандумға қол қойдық.

Ерлік пен өрлікті дәріптейтін музей. Тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған әскери-тарихи мұражайды бірінші болып Президент Нұрсұлтан Назарбаев аралап көрді.

Елбасының ерекше қасиеттері өте көп. Соның бірі өз ұлтының өткеніне, мәдениетіне деген махаббаты. Содан да болар, Президент әркез мәдени-ағартушылық мәні бар нысандарды өзі келіп ашып, насихаттайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мынау музейді әдейі сендер көрсін деп жасадық. Жастар келсін деп. Бұрынғы ата-бабаларың жерімізді қалай қорғаған. II Дүниежүзілік соғыста қанша батыр болған. Сендер жастан әскери мектептесіңдер. «Жас Ұланды» мен салғыздым. Ұнайды ғой бәріңе? Бақытты болыңдар! Елді қорғауға дайын болыңдар!

Ұланы бар елдің, ұраны бар. Танымы тұңғиық, түсінігі терең, талғамы таза, қажырлы да қайратты ұрпақ қана Отанын абыроймен қорғайды. Жас курсанттардың көзіндегі отпен жігер қазірден байқалады. Жоғарғы қолбасшыдан генерал бол деп бата алған курсант Әділет биік белестерді бағындыруға дайын.

Әділет Оспанов, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің курсанты:

Тұңғыш Президент күнінде мен Елбасымен бірге осындай зәулім, заманауи Қазақстандағы бірінші әскери-тарихи мұражайды ашу үшін маған және қасымдағы «жасұландықтар» үшін үлкен мәртебе.

Музейде 6 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Мұражай қоры жеке жинаушылар мен қайырымды жандардың күшімен күн санап толығып келеді. Солардың бірі генерал-майор Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова.

Ол атасының ерлігі бүгінгі буынға өнеге болсын деп халық батырының жеке заттарын мұражайға табыстады. Оның ішінде жанамын, деген талай жауынгерге от берген Бауыржан Момышұлының қолтаңбасы бар суреттің алар орны ерекше.

Алуа Байқадамова, Кеңес одағының батыры И.В. Панфиловтың немересі:

Біріншісі - ол мына кітап. 1936 жылы басылып шыққан. Менің атамның шағын кітапханасы болатын. Соның ішіндегі 12 кітап әлі күнге дейін сақтаулы. Оның біреуін мұражайға әкеліп тапсырдым.

Бейбіт күннің батырлары. Әншейінде томаға тұйық күн кешетін ҰҚҚ-і арнайы күші әдеттегіден өзгерек. Сырт көзден таса тұратын әскери техника, қару-жарақтың бәрі жаюлы жатыр. Өйткені, олардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Жоғарғы қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев келді.

Елді қорғау - ердің жұмысы. Бойында Бауыржанның жүрегі, Қажымұқанның білегі бар жауынгерлер ел Президентіне шеберліктерін паш етті. «Арыстандықтардың» ұрыс кезінде іс-әрекеті шапшаң әрі ширақ.

Отан үшін күрес – ең қасиетті күрес. Президент жат пиғылды жаулардан қаймықпай, ерлігімен өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген әскери қызметтің элитасымен келелі кеңес өткізді.

Кездесу кезінде, Нұрсұлтан Назарбаев «Арыстан» жасағына жасалған жеңілдік басқа ешбір сала мамандарына бұйырмаған айтты. Әлбетте, әлеуметтік жағдайы жақсы әскер қашанда әлді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Арнаулы мақсаттағы бөлімшедегі офицерлермен алғаш рет кездесейін деп отырмын. Бұл бөлімшелерге мемлекет ерекше көңіл бөліп отырады. Барлау басқармасының және «Бүркіт», «Сұңқар», «Арыстан» құрылымдарының қызметі әдетте, БАҚ-та көрсетілмейді. Бұл жөнінде көп әңгіме айтылмайды. Бұл түсінікті. Сіздердің жұмыстарыңыз әсіресе, қазіргі заманда өте маңызды болған соң, келіп отырмын.

Тәуелсіздік алғалы әлемге бейбітсүйгіш қалыппен танылған Қазақстанды 2011 жылы террорлық актілер дүр сілкіндірді. Президент Ақтөбе, Тараз, Бұрындайда қару кезенген лаңкестердің көзін осы «Арыстан» жасағы жойғанын еске салды.

Күн-түн демей тыныштықты күзетіп жүрген офицерлер үшін Президенттің қолынан мемлекеттік наградалар мен қызметтік пәтерлердің кілтін алу үлкен мәртебе. Ал, өңірде қызмет етіп жүрген жауынгерлерді баспанамен қамту мәселесін шешуді аймақ әкімдеріне тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің де бала кезінде арнайы жасақтың офицері болуды армандағанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бала кезімізде бәріміздің де сіздер сияқты болғымыз келген. Сіздер – бүгінгі күннің нағыз батырларысыздар. Әскери қақтығыстардың болмауын тілеймін!

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

Қазіргі таңда орта және кіші деңгейдегі соғыстарда, шиеленістерде арнайы мақсаттағы күштердің рөлі және мәні ерекше. Сондықтан, Елбасы тиісті баяндауларды тыңдап, арнайы мақсаттағы күштердің алдындағы бағытын айқындап, арнайы тапсырмалар берді.

Арнайы жасақ - мемлекеттің экономикалық қуаты мен әлеуметтік дамуының жинақталған көрінісі. Президент әлемдегі геосаяси ахуалдың тым тұрақсыз екенін мысал қылып, сарбаздарға сақ болуды тапсырды.

Ал, жауынгерлер кірпік қақпай ел тыныштығын қорғауға дайын екенін айтты. Өйткені, олар үшін Отан қорғау - қасиетті борыш, жауапты іс.


Ғабит БӨКЕНБАЙ
Бөлісу