Астанада «Ұлы даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» атты халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Ұлы даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» атты халықаралық конференция өтті

06.12.2015
Астанада «Ұлы даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» атты халықаралық конференция өтті
Ұлы елдердің қара шаңырағын иеленген Қазақстан бүгінде өлмес идеялар мен бейбітшіліктің құт мекеніне айналды.

Түбі түркіден тарайтын халықтардың мемлекеттілік тарихының тамыры тереңде. Аталарымыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп-ақ, ежелден империялар құрып, билік еткен. Ұлы елдердің қара шаңырағын иеленген Қазақстан бүгінде өлмес идеялар мен бейбітшіліктің құт мекеніне айналды.

Осы апта Астанада «Ұлы даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» атты халықаралық конференция өтті. Бүгінде Елбасының тікелей бастамасымен құрылған түркілік интеграциялық құрылымдардың негіздері толық қаланып болды.

Түркі Кеңесі, ТүркПА, Түркі академиясы сынды халықарлық ұйымдар енді қарымды істерді дөңгелете түсуі керек. Осы ретте 2010 жылы Астанада құрылған халықаралық Түркі академиясының көтерер жүгі ауыр.

Түркі халықтарының ғылымы мен білімінің дамуы, өзге де түркі тілдес мемлекеттердегі қайраткерлердің бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасау және олардың басын бір арнаға тоғыстыру сынды шаруалар осы академия қолға алған шаруалардың бір парасы ғана.

Ежелден-ақ елдестіру жолында атқарылатын осындай аса маңызды мәселелер бүкілхалықтық жиналыстар мен құрылтайларда талқыға салынып отырған.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Ұлы даладағы ұлы жиындарда даланың билері мен бектері ел тыныштығы мен татулығын қамтамасыз ететін төре мен жаса секілді қуатты заңдарды бекітетін болған. Бұл ұлы құрылтайлар қазіргі парламентаризмнің бастау көзі деуге болады.

Ахмет Айдын, Түркия ұлы ұлттық Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Қорқыт Ата хикаяларында да мемлекет істеріне байланысты алқалы жиындар болғанын көреміз. Бұл мысалдардың барлығы Түрік саяси мәжілісі мәдениетінің тарихы тереңде екенін көрсетеді.

Осы жиын аясында Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтіп, онда төрағалық Әзірбайжаннан Қазақстанға өтті. Стамбулдағы Түркі Кеңесіне мүше төрт ел - Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз республикасының өзара экономикалық ынтымақтастығын арттыратын ауқымды жобалар жасады.

ТүркПА ұйымы болса, оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Түркілік интеграция жыл санап қанатын кеңге жаюда. Ұйымға бауырлас Өзбекстан мен Түркіменстан да қосылады деген үміт бар. Алқалы жиын Астана декларациясын қабылдаумен түйінделді.

Айдос ӘШІМҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу