Құрылыс жұмыстарына тек Астана емес, еліміздің барлық аймағы атсалысып жатыр.
Қазақстанда жасалған! Бұл алаулатып-жалаулатып өткізетін уақытша шаралардың ұраны емес. «Қазақстанда жасалды», дегеніңіз жер-жердегі жүздеген, мыңдаған қазақтың тұрақты жұмыс табуы, уақытында жалақысын алуы және шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы.
Ал, кәсіпкерлік дамыған сайын, ел бюджетіне де түсер салық та өседі. Ары қарай тереңдей бермейік, бір сөзбен қайырсақ, «Қазақстанда жасалған» өнім - ұлттың қажетіне жарап, экономиканың бір бүйірін толтырады.
Осы апта Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық EXPO-2017 көрмесінің дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Құрылыстың негізгі жұмысы жыл соңына дейін аяқталуы керек. Дәл осы жерде Президент құрылыс материалдары тек «Қазақстанда жасалған» өнімнен болу керек деп ескертті.
Тауарды шеттен тасу - ақшаны желге ұшырғанмен тең. Қазіргі «ерекше кезеңде» әр тиынның ел бюджетінде қалғаны тиімді. Сондықтан, үнемдеу де, отандық өнімді қолдау саясаты да бар бұл жерде.
Айнұр Омар, тілші:
EXPO кешені күн санап емес, сағат санап өсіп жатқан ертегі кейіпкері сияқты. Оның осылайша тез өсуіне Қазақстанның барлық аймағы өз үлесін қосуда. Қиыршық тас - Қарағандыдан, іргетасқа қажет цемент пен бетон - Астанадан, құрылыстың негізгі қаңқасына қажет темір - Теміртаудан. Құрылысқа жан бітіріп, аптап ыстық, сықырлаған аязға қарамай жұмыс істеп жатқан еліміздің әр түкпірінен келген қазақ жігіттері.
Қазір қара жұмыс болғанымен, ертең бұл қабырғаны сылап жатқан жігіттер «EXPO-ны біз салдық», деп мақтанышпен айтып жүрер болашақта. Ғимараттардың іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілген. Қазір ішкі сылақтарын жасап жатыр.
Ерболат Жарылқап, сылақшы:
Жұмыс жағы жақсы, жылы киімдер беріп жатыр, жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Бұл жерде әр жақтан жиналғанбыз. Шымкенттен, Тараздан, Оралдан келіп жатқандар бар. Жұмыс болған соң, EXPO-ға өз үлесімізді қосайық деп жиналып жатырмыз.
Сылаққа қажет заттар өзімізден шыққан. Сапасы жақсы, дейді Ерболат. Шетелдің өнімінен артық болмаса кем емес. EXPO халықаралық деңгейдегі көрме болғандықтан, құрылыс материалдарының сапасы мұқият тексеріледі.
EXPO – ел абыройы. Құрылыстан кінәрат кетсе, болмаса нысан уақтылы тапсырылмаса елге сын. Сондықтан, «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмеуі керек. Елбасының қатаң ескерту жасауына да осы жайттар себеп.
Президент айтқан құрылыс материалдарының барлығы бізде бар. Ғимараттардың сыртын қаптайтын шыны, міне, Астанадан шығып жатыр. Бүкіл әлем құрылысқа сапалы әйнек пайдаланады. Көп елде бұл баяғыда дамыған. Бізге де келді. Сондықтан, шыныға деген сұраныс жоғары.
Төлеген Сапаров, «ССК» шыны зауытың директоры:
Шыны қазіргі күні жай ғана шыны емес, біз білетін терезелер емес, энергия үнемдегіш, көпфункционалды болып келеді. Ол шыны негізі сырттағы күннің көзінен түскен жарықты өткізеді, көбінесе шынысы көп ғимараттар. Неге десеңіз, адамдар күні кешке дейін жұмыс істейді. Сонда жарық түседі де, мына электроэнергияны көп жұмсамайды.
Шынымен қапталған ғимараттар сәнді көрінеді, табиғаты нәзік болғанымен, әйнектің сырты мықты материалмен қапталса, ұзақ жылдар пайдалануға болады. Мына зауыт Германия, Финляндия, Италия, Израильдің заманауи технологиясымен жабдықталған. Автоматты жүйе шыныны өзі алып, өзі жуып, өзі қаптап шығады. Негізгі шикізат Ресейден алынады.
Төлеген Сапаров, «ССК» шыны зауытың директоры:
Шыныны осы жерде теміржолмен, көліктермен қабылдаймыз, кейін оны кесіп, өңдеп, мына пештен өткізіп, керек жағдайда сырлаймыз. Принтерден шығарамыз, сурет саламыз. Керек жағдайда стеклопакет шығарамыз.
Зауытта қазір жүзден астам жұмысшы бар. Екі ауысыммен жұмыс істейді. Өйткені, Астанадағы құрылыстың басым бөлігі құрылысқа шыны пайдаланады. Дәл қазір сырты қапталып жатқан мына шынылар ертең EXPO кешенінің сәнін келтірмек.
Төлеген Сапаров, «ССК» шыны зауытың директоры:
Біздің өніміміз Қазақстанда жасалған. Шыныны Ресейден әкелсек те, Қазақстанда өндіріп, кесіп, осы жерден шығарамыз. Кем дегенде 1000 квадрат шығарамыз. Әйтпесе 1500-2000-ға дейін. Соның 60-70 пайызы EXPO-ға кетіп жатыр. Кем дегенде 70 пайызы кетеді, қалғаны жеке тапсырыстар.
EXPO көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеруге серпін берген ұлттық жобаға айналды. Құрылыс жұмыстарына тек Астана емес, еліміздің барлық аймағы атсалысып жатыр. Оннан аса облыс әкімшіліктерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
Нұркен Әлиев, «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ департамент директоры:
Қазір EXPO нысандарында қазақстандық өнімнің үлесі көп. Қиыршық тас, құм, әрлейтін материалдар, түрлі технологиялық құрылғылар бар. EXPO құрылысына 220 отандық тауар өндіруші қатысып жатыр. Олармен жалпы құны 30 миллиард теңгеге келісім жасалды. Дәл осы өндірушілер 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаудың» тиімділігін қазіргі нарық дәлелдеп отыр. EXPO құрылысы отандық өндірушілердің өсуіне де көп мүмкіндік тудырды. Өйткені, тауардың саны мен сапасына бірдей көңіл бөлінеді.
Нұркен Әлиев, «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ департамент директоры:
Бұл халықаралық жоба. Сондықтан, сапа бірінші орында. Халықаралық масштабтағы жоба болғандықтан, қатысушы компаниялардың барлығы тиісті сертификаттаудан өткен. Әрі тауар өндіруші құрылысқа қажет материалды уақытында тапсыруы керек.
Тауарды дер кезінде жеткізуге күш салып жатқан мына шағын компания. Құрылыстың өзегі саналатын темірлерді шығарады.
Сағындық Мұхамеджанов, «Стальной Двор Астана» компаниясының директоры:
Қазіргі уақытта халықаралық EXPO көрмесіне орай осы цехта тапсырыстарды орындап жатырмыз.
Құрылыс нысаны қада қағудан басталады. Кейін іргетас қаланып, қаңқасы көтеріледі. Міне, сол қадаға да, қабырға арасына қойылатын тіректерге де осы темірлер пайдаланылады. Шикізатты Ресейден, Теміртаудан алады. Ал осы жерде тапсырысқа сай кесіп, дайындап береді.
Қанағат Жолдасов, оператор:
Мұнда керек-жарақтың барлығын береді, қауіпсіздік жақсы сақталған, мұнда басты талап – тазалық. Келген клиенттердің талғамына байланысты ішінде қандай зат бар, мысалы атап өтетін болсақ, профлист келген клиенттердің талғамына байланысты шығарып береміз.
Дайын өнім, міне мына машиналарға тиеліп жөнелтіліп жатыр. Уақтылы жеткен тауар-құрылыстың бір сәт те тоқтап қалмай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. EXPO-ның басты нышаны болатын шар тәрізді нысанның да қаңқасы бітуге таяп қалыпты. Сыртын қаптайтын иілгіш әйнек қана шеттен әкелінбек. Ал темірі де, бетоны да өзіміздің өнім.
Біздің жұмысшылардың қолынан шыққан жаңағы темірлер осы нысанға қолданылады. Күннің суығына қарамай, бір топ маман темірді иіп, құрылысқа дайындап жатты.
180 га аумақта қазір қайнаған тіршілік. Материал тасыған көліктер, тынымсыз жұмыс істеп тұрған крандар. Енді тура 565 күннен кейін бұл жер адам танымастай өзгереді. Ұлттың мақтанышына айналатын, әрбір қазақстандық өз үлесін қосқан EXPO қалашығы бой көтереді.
Айнұр ОМАР