Қазақ еліне Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ еліне Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани келеді

15.11.2015
Қазақ еліне Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани келеді

Бұл Президент Ашраф мырзаның Астанаға алғашқы ресми сапары.


Қарашаның соңында Қазақ еліне Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани келеді. Бұл Ауған елінде былтыр тұңғыш рет өткен демократиялық сайлауда жеңіске жеткен Президент Ашраф мырзаның Астанаға алғашқы ресми сапары.

Астанада екі ел басшылары бұған дейін қалыптасқан ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту жайын талқылайды. Жалпы, Ауғанстан Қазақстанның халықаралық және аймақаралық деңгейдегі бастамаларына ұдайы қолдау көрсетуден танған емес. Қолдай да бермек.

Себебі, осы өңірде бейбіт өмірдің салтанат құруына қатысты қазақ лидері талай тың бастамалар көтеріп жүр. Ал, экономикалық байланысқа келетін болсақ, тараптар арасындағы тауар айналымы анау айтқандай көп емес. Жылына 300 миллион доллардың саудасы жасалады.

Оның көп бөлігі негізінен Қазақ елінен экспортталатын астық, ұн, май, қант секілді азық-түлік өнімдерімен бірге мұнай-газ және құрылыс материалдары. Одан бөлек, Қазақ Үкіметі Ауғанстандағы бірнеше провинциялардың арасына жол төсеп, саманғандықтарға су жаңа емхана салып берген.

Мохаммад Фарук Бараки, Ауғанстанның Қазақстандағы елшісі:

Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан жастарының Қазақстанда тегін білім алуына жалпы сомасы 50 миллион доллардың 1 мың грантын бөлді. Бес жылға арналған бұл бағдарлама бойынша жыл сайын Қазақстанның жоғары оқу орындарына 200 студент келіп білім алуда.

Былтыр біз алғашқы 110 түлекті елге жібердік. Олардың көбісі біздің елде өте тапшы саналатын медицина, ауыл шаруашылығы, құрылыс инженерлері секілді мамандықтарды меңгерген. Бұл қамқорлығы үшін Ауғанстан Үкіметі Қазақстанға қашанда қарыздар.


Қазақ Үкімет ауғанстандықтарға көмек қолын созудан ешқашан тартынған емес. Мәселен, жақында ғана осы елде болған зілзалаға байланысты біздің ел оларға 2 миллион доллардың гуманитарлық көмегін жіберді.

Ал, алдағы күндері болатын Ауған Президентінің сапары барысында екі елдің Үкіметтері ауыл шаруашылығы, спорт пен мәдениет және мемлекеттік қызмет саласында серіктестікті нығайтуға сеп болатын 5 келісімді бекітеді, деп жоспарланған.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу