Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, жаһанды толғантқан өзекті тақырыптарды талқылады.
Апта басында Астанаға АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри келіп кетті. Бұл азулы елдің сыртқы саясатына жауапты тұлғаның Арқаға алғаш ат шалдыруы. «Орта Азияға турне» деп ат қойылып, айдар тағылған сапар кезінде Керри ат аяғын суытып, аз-кем аялдаса да Астанада көп шараға қатысты. Алдымен Ақордаға бас сұқты. Мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, жаһанды толғантқан өзекті тақырыптарды талқылады. Соның бірі – қауіпсіздік.
Керридің Астанаға келгені – Қазақ еліне сенгені. Бір ғана мысал. АҚШ қауіпсіздігін қамтып отырған Ауғанстанға қазақ қашаннан қамқор. Жыл сайын біздің ел ауған жастарының тегін білім алуына жағдай жасап, астық беріп, түрлі гуманитарлық көмек көрсетуден аянып қалған емес. Одан бөлек, дәл осы аймақтағы тұрақсыздықтың тұрақталуына мүдделі әлемде екі ел болса, соның бірі - Қазақ елі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ядролық қарусыздану, қаруды тарапау мәселесінде АҚШ-пен біздің мүддеміз бір. Бұл бағытта көп жұмыс жасалды. Әрі қауіпсіздік мәселесіне қатысты Барак Обаманың бастамаларын қолдаймыз.
Джон Керри, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы:
Мен сіз бен Барак Обама арасында болған келіссөздері бағалаймын. Көп тақырып төңірегінде пікір алмастыңыздар. Ол ядролық қаруды таратпау, экстремизмге қарсы тұру, Ауғанстан мәселесі мен ДАЙШ-қа қарсы күрес мәселелері.
Екі елдің арасында экономикалық байланыс та баянды дамып келеді. Алыс-берістен бөлек, АҚШ Қазақстандағы алып инвестор елдердің көшін бастайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Таяуда мен Нью-Йоркте АҚШ Президенті Барак Обамамен кездестім, біз екіжақты ықпалдастық мәселелерін талқыладық. Біздің ел Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Америкамен әріптестікті нығайтып келеді.
Егемендігіміз бен экономикамыздың дамуына көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін Қазақстан халқы риза. Қазір елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді. Біз осы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз.
Джон Керри, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы:
АҚШ расында Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі. Мен Америка сауда палатасының Қазақстандағы өкілдерімен кездестім. Олар осы елде қол жеткізген табыстарына қанағаттанатындарын айтты.
Мен сіздің бес бағытты қамтитын «100 қадам» атты – реформаларыңыз туралы да білемін. Сондықтан, біздің ортақ жұмысымыз сәтті жүзеге асатынына сенемін.
Ал, стратегиялық әріптестік бойынша қазақстандық-америкалық комиссияның төртінші отырысында тараптарға ортақ өзекті тақырыптар талқыланды. Соңынан, бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Құжатта мемлекет басшыларының кездесулерінде, оның ішінде БҰҰ-ның 70 сессиясы кезінде екі жақ қол жеткізген келісімді жүзеге асыру тетіктері түгел қамтылған.
Сонымен қатар, ядролық қарусыздану мен оны таратпау, Қазақстан ДСҰ кірген соң сауда-экономикалық әрі инвестициялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселесі де құжаттың маңызды тарауына айналды.
Сосын, өз елінде өткен экономикалық форумда Алматының апортын мақтаған Мемлекеттік хатшы Назарбаев университетіне келген сәтте менің тілімде сөйлеп берді.
Назарбаев Университетінде Джон Керри тура 50 минут лекция оқып, студенттер қойған үш сұраққа тіл қатты. Біздің байқағанымыз осы бір сағаттың ішінде ол бірде-бір рет қағазға үңілмеді. Әрі қазақша бастаған сабағын қазақы тәмсілмен жалғады.
Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
Қазақ даналығы былай дейді. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ». Сіз бен біз қаласақ та, қаламасақ та уақытты тоқтата алмаймыз. Сондықтан, біз әріптестік қатынасты нығайту үшін әрбір сәтті әрбір мүмкіндікті тиімді пайдалануға тиіспіз.
Өздеріңіз білесіздер, боксер Геннадий Головкин өзін ғана көрсетіп қоймай, осы өңірден шыққан адамдардың қашанда өздерін дәлелдеуге мүмкіндіктің барын бүкіл әлемге паш етті. Бұл - өте маңызды. Себебі, сіз бен біз бүгінгі жаһандану кезінде жалғыз жүріп, жол таппасымыз анық. Мұны АҚШ та мойындайды.
Мемлекеттік хатшы мойындаған тағы бір мәселе тарихқа қатысты. Көрші елдегі кейбір керітартпа саясаткерлер секілді емес, Джон Керри түркі тарихының тамыры терең екенін жақсы түйсініп, жадына тоқыпты.
Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
АҚШ-тың Орталық Азиядағы мүддесі тек қауіпсіздікке тіреліп тұрған жоқ. Мен мұның астын сызып тұрып айтқым келеді. Өйткені, бұл өңірдің тарихы тым тереңде жатыр. Қазіргі біз айтып отырған жаһандану процесі АҚШ ел болмай тұрып осы өңірден бастау алған.
Стамбулдан Шанхайға дейінгі созылған керуен жолы - сауданың жанданып, қарым-қатынас пен аралас-құралас болудың, өркениетке деген ұмтылыстың қаншалықты маңызды екенін сол заманда-ақ дәлелдеп қойған.
АҚШ десе, біздің ауызға алдымен «адам құқығы», «сөз бостандығы» деген орамдар оралады. Ал, Джон Керри болса, «Демократия бұл - соңғы аялдамасы бар жол емес. Ол үздіксіз, шексіз-шетсіз жалғасатын жол. Жолды әр ел өздерінше салады. АҚШ та солай. Сіздер де. Және сіздердің болашақтарыңыз тек қана өздеріңіздің қолдарыңызда. Осы мемлекеттегі азаматтардың қолында. Сіздермен тұрақты серіктестік қатынас орнатқымыз келеді. Сіздердің Тәуелсіздік жылдары жасаған мықты платформаларыңызды көре тұрып, ынтымақтастыққа ұмтылмасақ, ол бізге ұят болар еді»,-деді .
Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның әлемді дамытуда маңызды рөл атқаруына мүмкіндігі зор. Өңір елдерінің бір-біріне инвестиция құюы, өзара қолдау көрсетіп, біріне-бірі қолғабыс ете білуі өте маңызды.
Қаупсіздік пен халықтың әл-ауқаты мемлекеттік басқарудың негізгі тетігі екені белгілі. Бұған Президент Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясаты мысал. Оның Ұлт жоспарын қабылдауын дұрыс қадам, деп бағалаймын.
Айтпақшы, Астанаға сапары кезінде Керри мырза Хазірет Сұлтан мешітіне ат басын бұрып, аялдады, аралап көрді. Көрді де, өзімен бірге ала келген тәбәрігін тарту етті. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес.
Біздің байқағанымыз, Керри мырза осы жолы өзі аралаған Орталық Азия елдерінің бәрі мұсылман болса да, сол елдерде бірде-бір мешітке бас сұқпады. Сірә, дәстүрлі дінді діңгегі еткен қазақтың діліне, қайсар рухына сенсе керек.
Айбек ҚОБДАБАЙ