БҰҰ саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасайды

27.09.2015
БҰҰ саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасайды

Әлем - аласапыран. Өйткені, адамзатқа ортақ тәртіп толық түзіліп бітпеді. Қырғи-қабақ қақтығыс, геополитикалық, геостратегиялық текетірестер, ықпалдар мен мүдделер үшін ерегіс, тектоникалық тербелістер дүниені теңселтіп қойды.

Оған терроризм, босқындар, Украина проблемасы, Таяу Шығыс қантөгісі, Солтүстік Африкадағы толқуларды тағы қосыңыз. Тұрақсыздық жау шығып, жаһанды жағадан алғанда, экономикалық дағдарыс келіп етекке қолды салды. Тоқетері - дәл қазір көп жұрт бейбіт күнге мұқтаж.

Саяси амбициялар бүктеп, күресінге тастауға шақ қалған ашық пікірталастар мен консенсустың қажеттігі анық сезіледі. Дүние қауіпсіздігі мен бейбітшілігі әзірге тым саясиланып кеткен. Ендігі үміт - Біріккен Ұлттар Ұйымында

Яғни, бұл жолғы жиынның өзгеше сипаты тек мерейтойлық күнінде емес, жаһандық кикілжіңдердің күшеюімен тұспа-тұс келуінде. Қазақстан - сыртқы һәм ішкі саясатында бейбітшілікті бірінші орынға қойған мемлекет.

Одан басқа амалымыздың жоғын да іштей түйсінесіз. Жиында сол бейбітшіл елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғашқылардың бірі болып баяндама жасайды, деп жоспарланған.

Ерлан Қарин,  ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

200-ге жуық мемлекеттің ішінен 7 мемлекеттің қатарына енуін анықтаған кезде оны бір жеребе арқылы кездейсоқтық емес, сол мемлекеттердің әлемдік саясаттағы аймақтық процесстерде алатын рөлі мен жалпылай айтқанда, саяси салмағына қарай бекітіліп анықталады.

Сондықтан да, Елбасының Бас Ассамблеяның ашылуында алып мемлекеттердің басшыларымен бір қатарда сөз алып, баяндама оқуының өзі - еліміздің соңғы уақытта, осы жылдары жалпы жүргізген саясатының жемісті, жарқын нәтижесі деп айтуға болады.

Мұндай ұйымдарда және бұл деңгейдегі жиындарда кездейсоқтық аз негізі. Қазақ елінің әлемдік деңгейдегі істерге бастамашы  және аймақтағы белсенді ойыншы екені ақиқат.

Дінбасылар съезі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ ұйымын басқарған кез, Иранның атомды игеру бағдарламасына қатысты келіссөздерге алаң беруі, ЕХPO көрмесін өткізуге ниеті, тағысын-тағылар Қазақстанның белсенді сипатын ашады.  

Ерлан Қарин,  ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Бұл – жаһандық, түрлі аймақтық мәселелерді талқылауға деген еліміздің белгілі бір салмағы мен рөлін көрсетеді. Ертең сол Нью-Йоркте 28 қыркүйекта ашылатын Бас Ассамблеяның бірінші күні бірінші жартысындағы түрлі мемлекеттердің АҚШ, Қытай, Ресей сонымен қатар, Қазақстан басшысының тарапынан айтылатын сөздер мен бастамалар бұл алдағы уақыттағы жалпы  жаһандық деңгейдегі күн тәртібіндегі мәселелерді анықтайтын болады, деп нық сеніммен айтуға болады.

Ержан ҚАЛЫМБАЙ

Хабарламаларға жазылу