Қазақстандық Айдын Айымбетов мінген кеме осы аптада ғарышқа сапар шекті

06.09.2015
Қазақстандық Айдын Айымбетов мінген кеме осы аптада ғарышқа сапар шекті

«Әлемді түгел көрсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат», депті сонау 18 ғасырда Бұқар жырау. Келешек заманның кереметін қалай көрегендікпен болжай білген, ә?! Иә, ақылды адам баласының аспан әлемін бағындырғанына да жарты ғасырдан асты. Сонау 1961 жылы Гагарин салған соқпақпен кешегі сәрсенбіде 500-ші зымыран ғарышқа заулады.

Сол 500-ші зымыранмен қазақтың үміт артқан үшінші ұлы Айдын Айымбетов ғарышқа самғады, Тоқтар мен Талғаттың жолын жалғады. 2 қыркүйек. Сәтті сәрсенбі. Байқоңыр. Таңғы сағат 10-нан 37 минут кеткенде «Союз ТМА-18 М» кемесі от шашып, оқтай ұшты көкке. Ғарышкерлер он күн болады көкте. Біздің Айдынмен бірге ресейлік Сергей Волков және тұңғыш даниялық астронавт Андреас Могенсен бар.

Жалпы, Сыр өңірі - Жердің кіндігі саналады. Әсіресе, Байқоңыр жердің тартылыс күші аз, экваторға жақын, ғарышқа ұшуға аса қолайлы аймақ. Жұмыр жерден жеті қат көкке жол салып, қазақ даласынан ғарышқа самғаған Тоқтарымыз бен Талғатымыз еді. Енді Айдын айбынымызды асырды.

«Ғарышқа саяхат осымен тоқтады ма» деп көңілді күдік тұсаулаған еді, жоқ, араға 14 жыл  салып, тағы бір қазаққа көкке сапарлауға мүмкіндік туды. Сонымен, «Ғарышкер болсам» деген Айдынның бала шақтағы қиялы қияға шығарды. Тәуелсіз Қазақстанның төл ғарышкері атанды.

Көкке самғар алдында ғарышкерлердің жасайтын екі рәсімі бар. Әуелі өз елінің Туын көтереді, одан соң тал егеді. Арнайы саябақта ғарышты бағындырған қазақтың қос батыры — Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың отырғызған ағаштарының жанынан енді Айдын Айымбетов отырғызған жас шыбықты көруге болады. 

Ғарышқа аттану армандардың асқағы. 43 жастағы Айдын Айымбетов бұл шешуші сәтті көп күтті. 2003 жылдан бастап тұрақты түрде жаттығып, талмай тер төкті. 

Талғат Мұсабаев, ҚР «Қазғарыш» Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:

Аз ғана уақытта жоғары деңгейде дайындық жасау, қажетті талаптарға бейімделу оңай емес. Мұның барлығын біздің Айдын еңсерді. Дайындығын мамандар жоғары бағалап отыр. Оның  ғарышқа жай ғана ғарышкер емес, борт инженер ретінде ұшатыны біз үшін мақтаныш.

«Ғарыштағы қымыз». Бұл жазушы-ғалым Абдулхамит Мархабаевтың осыдан алпыс жыл бұрын жазған фантастикалық әңгімесінің атауы. Айдын Айымбетов аңызды ақиқатқа айналдырады. 

Сергей Волков, экипаж командирі:

Біз қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татып көрдік. Қатты ұнады. Әсіресе, қымыз.  Жалпы, барлығы да дәмді. Ал, бізге ғарышта ас мәзірінің әр алуан болғаны керек, сондықтан да, қазақ халқының «Дастархан 6» деп атаған мәзірі  біз үшін өте қажет   деп санаймыз.

Ғарышты игеру әзірше санаулы елдердің ғана бағына бұйрып тұр. Аспан әлемінде 10 күн болатын Айдын қазақ ғылымын ілгерлетуге үлес қосады. Халықаралық ғарыш станциясында бас-аяғы 75 тәжірибе сыналады. Біздің ғарышкерге жер бетін, әсіресе, Каспий мен Арал маңын зерттеу жүктелген. Сондай-ақ, ол психо-физикалық ахуалды да бақылап қайтады. 

Айдын Айымбетов, ғарышкер:

Әсіресе, қазақстандық ғарышкерлер жасаған арнайы жоба орбитадағы радиациялық ахуалға қатысты айтуға болады. Радиациялық фон ашық кеңістікте жерге қарағанда 200-ге жоғары. Мені осында өлшеді, енді орбитада қалай болады, онан кейін Жерге оралған соң қалай өзгереді, сол бақыланады. Ең қызығы, тәжірибе ағзада емес, мида жүргізіледі.

Экипаж мүшелеріне ұшар алдында отбасылары сәт-сапар тіледі. Айдын Айымбетовке кенже қызы Даяна ырымдап, арнайы ойыншық арыстан сыйлады.

Даяна Айымбетова, ғарышкердің қызы:

Бұл менің сүйікті ойыншығым. Әкеме сәттілік әкеледі, деп ойлаймын. Өйткені, менің әкем – арыстан ғой. Ол жақта басқа паленаталықтармен кездеседі деп ойлаймын. Ең бастысы, ортамызға аман оралсын деп тілеймін. 

Айдынға тек отбасы ғана емес, бүкіл Алаш үміт артып отыр. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев та арнайы келіп, сәттілік тіледі. Сосын ғарышкерге өзімен бірге алып ұшатын тәбәріктерді табыстады. 

Айдын Айымбетов, ғарышкер:

Мен ең бірінші Елбасына  рахметімді айтамын. Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен қолдау білдіруде. Президенттің және халқымның маған артып отырған сенімін ақтаймын деп ойлаймын. Алдыға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға бар күшімді саламын.

Мен ғарышқа  елімнің көкбайрағын, сондай-ақ, бұған дейін айтып жүргенімдей, қызым  сыйлаған  ойыншықты  және Қазақстан үшін маңызды шаралар яғни, биыл тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындалған символикалық белгіні және EXPO-2017 халықаралық көрмесінің кішкентай жалаушасын өзіммен бірге алып ұшамын. 

2 қыркүйек күні экипаж мүшелері таңғы сағат 04:00-те ғарыш айлағына жетті. Тарихи сәтті тамашалауға келушілердің қарасы қалың.  Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастап, қазақтың қос ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев қостап, қалың жұрт Айымбетовке ақ жол тілей келді.

Тұрсын Айжұлов, отставкадағы генерал-майор:

Біз күттік, қашан біздің жерлесеміз ұшады деп. Енді сол бүгін кезегі келіп отыр. Тілегіміз аман-есен ұшып, 10 күннен кейін Қарағанды облысы жерінде аман-есен қондырып, қуанышпен бәріміз қарсы аламыз. 

Бұл сапарға тәжірибелі маман Сергей Волков жетекшілік етеді. Ғарышкердің ұлы бұған дейін ғарышта 366 күн болған. Қазақтың ұланы қосылған сапарға Дания елі тұңғыш рет Андреас Могенсен есімді ғарышкерін ұшырмақ. 

Бұл - әйгілі Гагарин ұшу алаңынан көтерілген 500-ші ғарыш кемесі. Ал Айдын Айымбетов көкке самғаған 545-ші ғарышкер ретінде тарихқа енді. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтай көкті бағындырған қанатты батырлардың қатарын 14 жылдан соң Айдын Айымбетов толтырды.

Талғат Мұсабаев, ҚР «Қазғарыш» Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:

Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Сәтті ұшырылым болды. Барлығы белгіленген уақытпен дәл келді. Үшінші мәрте қазақ баласы көкке көтерілді. «Қазғарыштың» жұмысының нәтижесі бұл.

«Роскосмосқа» да айтар алғысымыз шексіз. Біздің Айдынды аз ғана уақытта дайындап шығарды. Алдағы уақытта да бірлесе, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, әрине. Ал, экипажға сәттілік тілейміз.

Жұма күні «Союз-ТМА 18М» кемесі халықаралық ғарыш станциясына сәтті жеткені мәлім болды. Тікелей байланысқа шыққан ғарышкерлер өздерінің көңіл-күйлері туралы айтып, сәлемдерін жолдады.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу