Ұлттық банк пен Үкімет валюталық дәлізді алып тастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк пен Үкімет валюталық дәлізді алып тастады

23.08.2015
Ұлттық банк пен Үкімет валюталық дәлізді алып тастады

Осыған дейін мұнай мен шикізаттың бағасына тәуелді болып келген ұлттық экономика енді нарық заңдылығымен дамуға тиіс. Олай етпеске шара жоқ. Алдағы 5 жыл біз үшін ғана емес, жаһан үшін де сын кезең.

Әлем өзгереді. Күрделі кезеңнен мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтеді. Қазақстан - осы халықаралық қауымдастықтың бір бөлшегі. Геосаяси қысымның эпицентрінде орналасқан ел ретінде, осы үдерістердің теріс ықпалы бізге де тікелей әсер етпей қоймасы анық.

Жаһандық дағдарыс тұсында абдырап қалмас үшін Қазақ Үкіметі жаңа іс-жоспарды жария етті. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы аптада елдің жаңа экономикалық саясатқа көшетінін  мәлімдеді.

Ол саясаттың түпкі мәні экономиканы сыртқы әсерлерден қорғау. Үкімет экономикалық өсімді сақтап қалу үшін қолдан келгенше қарекет етпек. Ол үшін ең алдымен, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіледі. Екінші, халықтың әлжуаз тобы биліктің назарында болмақ, әлеуметтік  шығындар қысқармайды.

Соңғы жеті жылда жаһан экономикасы дүркін-дүркін бірнеше дағдарысты өткерді. Қазақстан сол әлемнің бір бөлшегі, белсенді мүшесі. Яғни, әлемдік үрдіс бізді де айналып өтпесі анық. 

Жаһанды жолынан жаңылтқан дағдарыстың зардабын топшылаған билік  экономикалық өсімді тұрақты ұстау үшін құрылымдық өзгерістерді қолға алды. Ұлттық банк пен Үкімет инфляциялық таргеттеу режиміне көшіп,  бұған дейін белгіленген валюталық дәлізді алып тастады.  20 тамыздан бастап теңгенің айырбас бағамын еркіне жіберді. 

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі:

Енді валюта бағамы нарықтағы сұрыныс пен ұсыныс аясында  реттелмек.  Нарықтық экономикада бәрі де осы қағидаға негізделуі тиіс. Біз ендігі жерде халықтың  әлжуаз тобына ғана қолдау көрсетеміз. Экономикалық тұрақтылықты сақтау, өндіріс қарқынын бәсеңдетпеу, жұмыссыздықпен  күрес - негізгі міндетіміз.

Теңгенің құнын енді нарық өзі  реттейді. Ұлттық банк айырбас бағамына кіріспейді, бірақ, бұрынғыдай ішкі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қадағаламақ. Есесіне, Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, долларға тәуелділіктен арылып, теңгенің қолдану аясын кеңейтуге күш салуы тиіс.  Сондай-ақ, халықтың  банктерден несиені теңгемен алуына мүмкіндікті арттыруы қажет. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Алдағы 5-7 күн аралығында баға аумалы-төкпелі болады. Кейін баға реттеледі. Бірте-бірте қаржылық агенттер  алып-сатарлық жүйеден ресми түрде нарықтық жүйеге ауысады.

Осыған орай, екінші деңгейлі банктер жақын уақытта тұтынушыларды белсенді түрде несиелендіре бастайды. Қазір, келіп түскен мәліметке сай, биржадағы орташа бағам 255,8 теңгені көрсетті. Баға  сұраныс пен ұсынысқа қарай күнделікті құбылып тұрмақ.

Баға қаншалықты құбылса да, Үкімет әлеуметтік шығындарды қысқартпайды. Бюджеттің кіріс де, шығысы да қатаң бақыланады.  «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асады. Қазір бюджеттің 70 пайызы игерілген.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Ақпан айында Парламентке барып 50 долларға дейін нақтылап, бюджеттің артық шығыстарын алып тастадық. Сондықтан, республикалық бюджетте игерілмей қалған қаржы көлемі былтырмен салыстырғанда екі есе төмен.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Осы жолы экономиканың негізгі драйвері болған «Нұрлы Жол» бағдарламасына бөлінетін ақшаны қимаймыз. Жыл сайын бөлінген сол 3 миллиард доллар көлеміндегі қаржы  бөлініп отырады.

Теңгенің инфляциялық таргеттеу бағамына көшуі отандық өндірушілерді шетелдік бәсекелестерімен тең дәрежеге көтереді. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық өнім өндірушілер үшін сыртқы әсерлерден сескенбей, өндірісті кеңейтуге жол ашылады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Егін шаруашылығын субсидиялауға бөлінген 6,6 миллиард теңгені алып, сүт өндірісі мен жұмыртқа және құс етімен шұғылданатын фермерлерге берген жөн деп шештік. Бұл аталған сала өнімділігін 10-нан астам пайызға көбейтеді. Ең маңыздысы, 12 000-нан астам жұмыс орнын сақтап қалады.

Бес жылдан бері іске асып келе жатқан «Бизнестің жол картасы»  бағдарламасы жалғасын таппақ. Кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет биыл 29 миллиард теңге бөлген-ді. Десе де, соңғы жайттар кәсіпкерлерді әуреге салды.

Ресей рублі мен Қытай юанінің құлдырауы отандық тауар өндірушілерді тығырыққа тіреді. Көрші елдерден қаулаған арзан өнім, отандық өнімді нарықтан ысырып тастады. Міне, осылай жапа шеккен бизнес өкілдеріне, банктер несие беруді жалғастырады.

Жылдық үстемесі 9-пайыз. Бір анығы, қазіргі жағдайда Үкімет бәсекеге төтеп беретін өндірісті ғана демейді. Ал, өзін-өзі ақтай алмайтын  шаруашылықтар үшін бюджеттің қаржысын шығындау – тиімсіз.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Мемлекеттің  ондай кәсіпорындарға ақша бөлуі ел үшін пайда әкелмейді. Сондықтан, мұндай кәсіпорындардың өнімі бәсекеге қабілетсіз болса, нарықтан шығып қалады.  Біз оларға ештеңе істей алмаймыз. Бұл – нарық талабы.

Дағдарысқа қарсы жоспарды іске асыру үшін қолда бар қаражат үнеммен  жұмсалады. Ал, Ұлттық қордағы қаражатқа қол сұқпаймыз, деді Премьер-Министр.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі:

Ұлттық қордағы қаражаттың қажетке жарайтын кезі әлі алда.  Біз  қор қаражатын  келісілген шығындар бойынша ғана пайдаланамыз. Биылғы бюджет үшін жоспарланған 8 миллиард доллар мен «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға арналған 3 миллиард  доллар. Бұдан басқа қосымша ресурс алынбайды.

Үкімет инфляцияны қатаң бақылайды. Орта мерзімді жоспарда инфляция деңгейі  6-8 пайыз арасы болуы тиіс. Нарық қырық құбылса да, ел билігі мұнай өндірісін жүдетпейді.

Мұнай-газ өңдейтін 50 кәсіпорынның күйін сұрыптаған Үкімет олардың 39-на қолдау көрсетуді ұйғарған. 8 пайыз салықтық жеңілдік бермек.  Отандық тауар өндірушілер стратегиялық әріптес саналатын Ресей мен Қытай арасындағы алыс-берісті сақтап қалу керек. Экономикалық одақтастардың қазіргі міндеті экономиканы әртараптандыру.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Ресейдегі ахуал Беларусь пен біздегі жағдайға өз әсерін тигізді. Бүгінгі экономикалық ахуалдан  белгілі болып отыр. Енді бүгінгі қабылданған шешім бойынша біздер бәсекеге қабілетті жағдайға өтеміз, доллармен тепе-тең жағдайға келетін боламыз.

Өтпелі кезеңде елдегі ахуал мейлінше бақылауда болмақ. Әсіресе, халық күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасының және  көрсетілетін қызмет құнының қымбаттауына жол берілмейді.

Ол үшін өңір-өңірде әкімдердің жетекшілігімен  арнайы штаб құрылды. Аймақ басшыларына   жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмектерінің деңгейін арттыру тапсырылды. 

Нұргүл САҒИТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу