Тендерге телміргендер мен жарамсыз жолдардың «жарасы» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тендерге телміргендер мен жарамсыз жолдардың «жарасы»

12.07.2015
Тендерге телміргендер мен жарамсыз жолдардың «жарасы»

Бір ертегіде жалмауыз кемпірден «Не істеп отырсыз?» десе, «Жердің жыртығын жамап отырмын», депті.  Бұрын күлкілі болса, қазір шындық.  Жаз басталысымен, он көше болса, соның сегізінің жыртығын жамаған мамандарды көреміз және жылда солай. Жылда бір жолды қазып жатады. Басқа-басқа, Елорданың өзінде осы көрініс.

Астананың оң жағалауындағы жолдардың жамылғысы жартылай төселіп, бітпей аяқсыз қалғалы үш айдан асты. Көліктеріміздің өзі «сол жолдармен жүре көрме», деп жалынатын болды.

Тасбасқаша жүріп болмаған соң, көшелерде әрине, кептеліс те көбейеді. Қысқасы, Тасмағамбетовтың кезіндегі тастай жолдарда қазір сұрық та жоқ, сүйкім де жоқ. Шоқалағымен селкілдеп өткенде, өкпе-бауырыңды үзіп түсер жолдарға қатысты Президент те өткен телекөпір кезінде біраз сын айтып еді.

Иә, жол - ертеңге салынған инвестиция, ұрпаққа қалдырған аманат. Сондықтан, жолдың сапасы бірінші орында болуы тиіс. Соңғы 2-3 жылда халықаралық маңызы бар автомагистральдар қайта салына бастады. Бірақ, тым баяу.

Қырық жамау, шұрық тесік. Ойдым-ойдым. Қазақстандағы жолдарға қазір тек осындай баға беруге болады. «Жол нашар» деген шағым телеарнаға да жиі түседі, ал интернетте түрлі атаумен, түрлі пікірлермен сапасыз жолды сынаушылар тіпті көп. Қалада да, далада да осы көрініс. 

Жол неге сапасыз? Жасалады, жамалады. Жасалған жолға жыл өтпей, тағы жамау түседі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл жол салса, ол келер жылға дейін шыдамайды. Сосын қайта салуға кірісеміз. Мұндай жағдай қайталанбайтын болсын.

Телекөпір кезінде Елбасы жол мәселесіне баса назар аударды. Неге?

Қазір кез-келген құрылыс жұмысы тендер арқылы жүзеге асады. Тендер алсаң-жұмысың жүреді, табыс табасың. Бірақ, шағын компаниялар үшін үлкен нарыққа кіріп тендер алу-арман ғана. Себебін бізге шағымданған жас кәсіпкер айтсын.

Кәсіпкер:

Жалпы, тендер дегеннің өзі откаты бар, шапкасы бар, біраз әңгіме, негізі. Мысалы бізге 2 миллиондай сома бөлінетін болса, маған тендер алып берген кісіге белгілі бір пайызын беріп, қалғанын өзім аламын.

«Откат», «шапка» сөзі-тендерден үміттілер үшін таңсық емес. Жолға деп бөлінген қаражаттың 20-25 пайызын тендерді алып берген көкеңе бересің. Болды. Ары қарай қалай табыс көріп, қалай пайда табасың өз еркіңде.

Кәсіпкер:

Үйдің фундаменті 1,5 метр болуы керек. Біз оны 1,5 емес 1,30 сантиметр қыламыз да, қалған 15 сантиметрдейін ақша аударып өзімізге алып қаламыз. Енді әр сантиметрдің өзі біраз ақша.

Халық арасында сапасыз жол көрсе, «екі шетін жеп қойыпты», деген зілді әзіл бар. Миллиметр, сантиметрден желінетін қаржының өзі қып-қызыл пұл. Міне, кәсіпкер бізге қолындағы құнды құжатын да көрсетті. 2015 жылы жалпы жолға бөлінген қаражат. Миллиардтар, миллиондар! Қаншасы жолға, қаншасы қалтаға кететінін айту қиын. 

Рашид Жақсылықов, «Қазсервис» одағының алқа төрағасы:

«Откаттың» соңы отандық компанияны екі жолға әкеледі. Бірінші жол сол объектіні бітіру үшін жалдаған жұмысшыларына айлық төлемеу, шырылдатып 150-200 отбасын нансыз қалдыру. Болмаса өзін-өзі алдап, жоқ ақшаны өз қалтасынан жұмысшыларға төлеу. 

Сапалы жол салу үшін бір ғана жол бар. Ол - жемқорлықты тыю.

Рашид Жақсылықов, «Қазсервис» одағының алқа төрағасы:

Бір күндік компаниялар көбейіп кетті. Бір жобаға дайындалады, сол жобадан әупірімдеп субподряд алады, істейді, 2-3 жылдан артық өмір сүре алмайды. Келесі жобаға ілінбейді ғой. Олар аға іздейді, көке іздейді.  Бірден жеке басының жағдайын ойлайды  да қаражаты ары қарай жетпей қалады. Құрып кетеді.

Қазір жол жөндейтін ірілі-ұсақты 100-ден аса қазақстандық компания бар. Өзін дәлелдеген компаниялар ірі жобаларға қатысып, жол салуға кіріскен. Ал 5-6 техника, 10 шақты жұмысшысымен енді құрылған серіктестіктердің тендерге қатысамын, деуі бос әурешілік.

Өйткені, жол салу деген үлкен саясат, үлкен қаражат. Жаз басталысымен жолдар жабылып, жұмыс қызады. Айналма жолдың шаңын будақтатып, үкіметті бір, жол жөндеушілерді екі сынап халық жүреді екі ортада.

Айнұр Омар, тілші:

Бізге ешқашан ештеңе жаққан емес. Жол жөнделмесе, неге жасалмайды дейміз, жөнделе бастаса неге ұзақ, дейміз. Жөнделген жол неге сапасыз, дейміз. Бірақ өзіңіз ойлаңыз, Қазақстанда 97 мың шақырым автомобиль жолы бар. Оның 30-40 пайызы сіз бен біздің көңіліміз толмайтын сапасыз жол. Бірін жасаса, енді бірін жыл өтпей жамап жатады. 

Сынауға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Бірақ, жол салудың машақаты өте көп. Алдымен, қойылған талапқа сай биіктігі көтеріледі. Қазір Қазақстандағы жаңа автомагистральдар 1-категория бойынша салынып жатыр.

Яғни, жолдың конструкциясы 1 метр, 15 сантиметр болуы тиіс. Бетон, цемент-бетонның қалыңдығы 27 сантиметр және жолдың ені 27,5 метр болу керек.  Сонымен қатар,  сапалы жолдың стандарты мынау.

Нығайтылған цемент қоспасы - 30 сантиметр, үлкен қиыршық тас - 35 сантиметр, қиыршық тас пен құм - 20 сантиметр, оның бетіне сапаны арттыру үшін екі қабатты геокомпозит, ең жоғары бөлігіне цемент пен бетон төсемі - 27 сантиметр.

Сәулет Елеусізов, инженер:

Жердің рельефіне байланысты әрқалай биіктігі. Мысалы, кей жерлерде 5 метрден көтеріледі. Кейбір жерлері одан да көп. Мына жерде көріп тұрсаңыз 4 метрге дейін барады. Бір айда 1-1,5 шақырым жол жасалады. Ауа райының қолайсыздығына, маусымға байланысты орташа есеппен алғанда солай шығады.

Айнұр Омар, тілші:

Жол жасауға еліміздегі климаттың әсері көп. Мысалы, жаздың бел ортасында 15 градус қана жылы, әрі сіркіреп жаңбыр жауғанына да тура бір апта болды. Соның салдарынан техника да, жұмыс та тоқтап тұр.

Жол салуға берілетін уақыт шамамен 3 жыл. Үш жылдың тек 5 айында жұмыс жүреді. Мердігерлер белгіленген участокты уақытында тапсыруға мүдделі.

Азат Қабдрахимов, жол сапасын бақылайтын компания директоры:

Әрбір мердігер компания жол салуға келісім шартқа отырған кезде жұмыс кестесін ұсынады. Егерде жұмыс кестесінен кешігіп қалса немесе сол жобаны уақытылы аяқтай алмаса, айыппұл салынады. Сондықтан, мердігер компаниялар ауа райы жақсы кезде екі тізімді жұмыс тобын қояды.

Жол мамандары да қордаланып қалған мәселені жиі айтады. Жалпы, әлем бойынша Қазақстан жол салу қиындығы жөнінен Моңғолиядан кейінгі орында. Жазы 40 градус ыстық, қысы дәл сондай суық.

Мамандар тілімен айтсақ, 1 жылдағы 80 градус айырмашылық қандай жолды болмасын қақыратып жібереді. Соңғы 5 жылда Америка, Германия, Жапония, Италия, Австрияның да полимерлерін қолданып көрдік, дейді мамандар. Әзірге біздің ауа-райына келетін мықтысы табылмай тұр.

Асфальт қыста қатып, жазда еріп сапаны кетірген соң қазір бірінші санаттағы автожолды бетондау әдісіне көшкен. Бірақ, қиындыққа қарамастан, жол салу басталды, жалғаса береді. Өйткені, жол – экономиканың күретамыры.

Сондықтан, жол салуға Үкімет те, қарапайым халық та немқұрайлы қарауға болмайды. Адамның соңында қалатыны өзінің дара жолымен қала-даланы жалғап жатқан қара жолы.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу